Вячеслав Вавилин: ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУГЕ ТИІСПІЗ! Ол үшін бүкіл БАЛАБАҚША ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ болуы керек.

Жұмысым әкімшілікпен тікелей байланысты болғасын, Алматы қаласының Жетісу аудандық әкімдігіне жолым түсті. Әкімдіктің бір қызметкері: "Ақерке, сізбен әкімнің орынбасары сөйлескісі келеді", - деді. Есімі - Вячеслав екен. Қай тілде сөйлеймін деген ой келгені рас... Ішке кіргенімде өзі бірінші болып сәлем беріп: "Келіңіз, қарындасым, отырыңыз", - деді.

Несін жасырайын, таңданысым болды, алайда білдірмедім. Мемлекеттік қызметкерлер көбіне ұлты қазақ болса да, сөзін орыс тілімен бастайтынын өмірден де, эфирден де талай көріп жүрміз. Содан екеуміз ары қарай қазақтың бай тілінде құдды бір әдеби кейіпкерлердей сөйлестік. Иә, ол қазақ тілін әдеби деңгейде меңгерген екен. Мұндай сәтті текке жібермейтін мен қазақ тілін  қашан, қалай үйренгені туралы сөзге тарттым. Алматының тумасы екен (басында  Шымкент жақтікі шығар деп те ойлағанмын), 12 жасынан бастап ықыласпен үйрене бастаған. Мектепті орыс тілінде аяқтаса да, қазақ тілін еркін меңгеріпті. Университетті ағылшын тілінде аяқтаған, үш тілде еркін сөйлейді. Өзінің айтуы бойынша, ақын болмаса да, өлең түртетіні бар екен. "Тәуелсіздік - тірегім" деген  өлеңіне ән де жазылыпты. Қазақ тілі тақырыбы төңірегінде ұзақ пікір алмасқаннан кейін, соңғы сұрағымды қойдым.

- Вячеслав аға, дәл қазір, қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болса да, өз тұғырына қона алмай, шайқалып тұрғанынан бейхабар емессіз. Қасиетті тілді өз тұғырына мықтап бекіту үшін  не істеуге болады деп ойлайсыз?

Вячеслав Вавилин, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:

- Ең бірінші, бүкіл балабақша тек қазақ тілінде болуға тиіс. Бүлдіршіндердің жүрегіне де, санасына да өз Отанының тіліне деген сүйіспеншілік дәнін егу керек. Екінші, Қазақ тілі-Конституцияда, Ата Заңымызда мемлекеттік тіл деп айқын көрсетілген. Сондықтан, ешкімнің көңіліне қарамастан, біле ме, білмей ме деп тұрмай, себебі білуге тиіс, заңды орындауға талап етіп, тек қазақ тілінде сөйлеуге тиіспіз. Әр қазақ солай етсе ғана, қазақ тілінің тұғыры биік болады. Мен де солай етемін.

Қызметкерлердің біразын сөзге тартқанымда, Вячеслав Вавилин бүкіл жиналысты тек қазақ тілінде жүргізетінін, кейде кейбір қазақтар орысша қосып сөйлеп қалса, қазақша сөйлеуін талап ететінін айтты.

Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары  Вячеслав Вавилиннің біздің биліктегі көп қазақтар секілді сөзі басқа, ісі басқа емес екен.  Айтқан сөзін іс жүзінде орындап келе жатқанына риза болып, көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.

Біздің мемлекеттік тілді білмейтін немесе менсінбейтін министрлер мен әкімдер Вячеслав Вавилиндей мемлекеттік мүддені қорғап жүрген салмақты саясаткерден үлгі алса болар еді... Ақерке ӘБІШ, Қазақ үні