Ерейментауда Перуаш Кәрімұлына арналған республикалық жарыс өтті

Ерейментау өңірінде Перуаш Кәрімұлына және Алаш ұстанымы үшін құрбан болған арыстарға арналған республикалық жарыс өтті. Қазақша күрестен өткен V дәстүрлі мемориалдық түрнир 250-ден астам жасөспірім палуандардың басын қосты. Барлығы еліміздің 6 облысынан және елордамыз Астана қаласының атынан 22 команда қатысты.

Ерейментау ауданы әкімдігінің қолдауымен іс-шара «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіліп, Ерейментау ауданының 90 жылдығына, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Перуаш Кәрімұлына және Алаш ұстанымы үшін құрбан болған арыстарға арналды.

Турнир аталмыш іс-шараның басты ұйымдастырушысы – Перуаш Кәрімұлының немересі, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің құттықтау сөзімен ашылды.

Депутат спортшыларға үлкен жеңістер мен толағай табыстар тіледі, ал көрермендерге – әдемі күресті тамашалап, оң әсерге бөленулеріне ниеттес екенін білдірді. Сондай-ақ, турнирді ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар, өздерінің жылы тілектері мен ризашылық сөздерімен бірқатар басқа да лауазымды тұлғалар сөз сөйледі.  Белгілі ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса аталмыш жарыстың мән-мазмұнына, жастарды  Қазақша күреске баулудағы  рөліне   тоқталды.  Зұлмат жылдары, 1937 жылы Алаш идеясын ұстанғаны  үшін ұсталып, айдалып кетіп, құрбан болған  Перуаш Кәрімұлының туғанына 100 жыл толуына арналған "Мен де аман келермін" атты   жырын  оқып берді.

Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар арасында Мадияр Атығаев (Ерейментау), Ерлан Мұстафинов (Ақкөл), Расул Молгелдинов (Екібастұз), Нұрбек Болтерек (Қарағанды), Владимир Засыпкин (Ерейментау)  және Жарас Аймурзаев (Теміртау) жүлделі орындарға ие болды.

Әрбір жүлдегерлерге медаль, диплом, естелік сыйлықтар және ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Жарыс патриоттық-тәрбиелік рухта тағылымды да, тартымды өтті. qazaquni.kz