Қазақтарды қамаған Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасына сызат түсірді - New York Times

Ұлыбритаиялық Guardian газетіне шыққан "Пәкістан этникалық мұсылмандарға қысымы үшін Қытайды сынайды" деген мақала жариялады. Басылым “Пәкістан – Қытайдың мұсылмандарды қудалауын сынаған алғашқы мұсылман елі” болды деп жазады.

Бұл туралы Азаттық хабарлады.

«Өткен айда БҰҰ-да Қытайдың этникалық лагерінде миллионға жуық ұйғыр, қазақ пен өзге де азшылық өкілдері жатқаны туралы "шынайы ақпарат" берілген соң Пекиннің іс-әрекетін сынау күшейді" дейді мақала авторы.

“Белсенділер, зерттеушілер мен БАҚ Шыңжаңдағы жаппай қамау, аңду, мәдени және діни өмірді қысымға алу деректерін анықтаған. Қытайдың көршілері мен экономикалық серіктестері Шыңжаңдағы репрессия ықпалын сезіп отыр. Екі жыл бұрын коммунистік партия хатшысы Чэн Цюань Тибеттен Шыңжаңға ауысқалы бұл қысым күшейді” деп жазады Guardian.

Америкалық New York Times басылымында "Қытайдағы пәкістандықтар қамауға алынған ұйғыр әйелдерінің тағдыры туралы білгісі келеді" деген мақала жарияланды. Сәрсенбі күні пәкістандық екі ер адам Пекиндегі Пәкістан елшілігіне хабарласып, 2017 жылы мамырда Шыңжаңға кеткелі оралмаған этникалық ұйғыр әйелдерін табуға көмектесуді сұраған. Олар әйелдерін «саяси қайта тәрбиелеу лагеріне» жіберді деп санайды.

Халықаралық ұйымдардың дерегінше, "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" миллиондаған ұйғыр мен өзге де мұсылман азшылығы өкілдері қамауда отыруы мүмкін. Қытай ондай лагерьлердің бар екенін мойындамайды, аймақтағы діни экстремизммен күресу үшін қауіпсіздік шараларын жасап жатқанын айтады.

"Шыңжаңдағы қауіпсіздік жүйесі отбасыларды ажыратты, Қытайдағы этникалық қазақтарды және Қазақстан азаматтарын қамауға алып, көршісі Қазақстанмен қарым-қатынасына сызат түсірді" деп жазады New York Times.

Америкалық Wall Street Journal газеті де осы тақырыпқа мақала арнаған. "Қытайдағы мұсылман лагерьлері ислам әлемінде наразылық тудырды" деген мақалада биыл көктемде шетелден Шыңжаңға оралған пәкістандықтың тағдырын баяндайды. Ол үйіне келгенде этникалық ұйғыр әйелі мен үш баласының жоғалып кеткенін біледі. Үйлерін белгісіз біреулер қиратқан. Ал полиция әйелінің қамауға алынғанын айтады.

Wall Street Journal сыртқы саясат жөніндегі дипломаттар мен сарапшылардың сөзіне сілтеме жасап, “ислам елдерінің үкіметі Қытайды сынауға асықпайды. Себебі ол елдер Қытайдың "Бір белдеу-бір жол" бағдарламасы аясында қаржы алудан дәмелі” деп жазады.

“Бұл елдердің үкіметі өз діни қызметкерлері мен БАҚ-тарына қысым жасап, Шыңжаңдағы лагерь тақырыбын көтермеуді талап етеді. Олар қорқады. Ешкім ештеңе айтқысы келмейді” дейді Bloomberg сауалына жауап берген малайзиялық саясаттанушы Ануар Ибрагим.