ТҰҢҒЫШ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ОРДАСЫ
2018 ж. 28 қыркүйек
4579
0
Еліміздегі алғашқы жоғары білім ордасы болып табылатын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бүгінгі таңдағы еңсесі биік. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салалары үшін білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді. Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1927 жылғы 23-наурызда қабылдаған қаулысы негізінде 1928 жылғы қазанда тұңғыш Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Алғашқы кезде онда педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттер құру жоспарланды. Алайда кең байтақ қазақ сахарасындағы сауатсыздықты жою жөніндегі кезек күттірмес міндет бәрінен бұрын педагог кадрларын қарқынды түрде даярлауды талап еткендіктен, алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашуды өмірдің өзі ұсынды. Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болды. Тұңғыш жоғары оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді. Ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады.
Алғашқы кезден бастап оқу орнында сапалы мамандар даярлау үшін оқытушы – профессорлар құрамын білікті педагог-ғалымдармен жасақтау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қазақ халқының аяулы перзенттері, ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысты. Белгілі тіл мамандары Қ.Жұбанов, М.Әуезов, С.Аманжолов, М.Жолдыбаев, математик Ә.Ермеков және басқа да ұлттық ғалымдарымыз оқытушы-профессорлар құрамының алдыңғы сапында болды. Институт басшылығы осындай күрделі кезеңде Мәскеу мен Ленинград университеттерінің көмегіне сүйенді. Олар Қазақ педагогика институтына кітап қорымен, оқу және әдістемелік құралдарымен, зертханалық жабдықтарымен көмектесіп отырды. Мәскеуден Қазақ педагогика институтында жұмыс істеу үшін әдебиетші-ғалым Н.Н.Фатов, математик Б.Л.Кругляк, физика маманы В.Ф.Литвинов, биология ғылымдарының докторы С.В.Логинов, эмбриолог А.А.Захваткин тәрізді көптеген белгілі ғалымдар келді. Сонау Қазан төңкерісінен бұрын, қазақ сахарасынан қараңғылық бұлты әлі сейілмей тұрған кезде, ағартушылық ұран тастап, бүкіл қазақ жұртын дүр сілкіндірген Ахмет Байтұрсынұлы сол кездің өзінде-ақ халқым білімді жұртпен теңессе екен деп, жас ұрпаққа арнап өнегелі сөздер, оқулықтар жазса, Алматыда тұңғыш қазақ университетін ашуға да жанталаса үлес қосқан қайраткерлеріміздің бірі болған. Ахаң Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орнында студенттерге тіл білімінен дәріс оқыды, тіл және әдебиеттен «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш», Жүсіпбек Аймауытов «Психология» («Жантану»), Мағжан Жұмабаев «Педагогика» оқулықтарын жазды. Сәкен Сейфуллиннің қазақ әдебиеті тарихынан оқыған лекциялары да тыңдаушыларын білім айдынына қанаттандыра түсті. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов пен Халел Досмұхамедов та оқу орнын қалыптастыру ісіне белсене атсалысып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаздар болды. Алғашқы жоғары оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ректор Санжар Асфендияров есімін ерекше ілтипатпен атаған жөн. Оның қастерлі есімі оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазылды. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, қала берді оқу-ағарту ісінің қайраткері, дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері С.Асфендияров университеттің ұйымдастырушылық жұмысын жан аямай атқарды, алғашқы студенттерді қабылдады. Оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты. Ол кейін, 1930 жылы, Алматы медицина институтын ашуға да белсене атсалысып, оның да алғашқы ректоры, кейін республика Денсаулық сақтау Халық комиссары және Халық ағарту комиссары болды.
Осы ретте қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті мұғалім кадрлары мен ғалымдарының үлкен шоғыры осы ҚазПИ-ден шыққанын ерекше атап өткен жөн. Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Құдайберген Жұбанов және т.б. ғалымдар оқу орнында ұстаздық етті. ҚазПИ профессорлары Қазақстандағы басқа да жоғары оқу орындарына арнап мамандар даярлау ісіне белсене атсалысты. Алғашқы жылдардан бастап институт бастауыш және орта мектептердің білікті мамандарын даярлап шығара бастады. Уақыт өткен сайын мамандар даярлау сапасы анағұрлым жақсарды, студент-шәкірттерді оқытып-тәрбиелеудің салиқалы дәстүрлері қалыптасты. Оқу орны ғылыми ойдың орталығына айналды. Тіл мен әдебиет, тарихқа қоса жаратылыстану ғылымдарының сан саласы бойынша да алғашқы зерттеулер жүргізілді. Сонымен, отызыншы жылдардың аяқ кезінде тәжірбие жинақтауы, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қатарының көбеюі жағынан ҚазПИ-дің оқу-ғылыми орталығы ретіндегі рөлі өлшеусіз өсті. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы басталғанда ҚазПИ-дің көптеген студенттері мен оқытушылары майданға аттанды. Ұрыс далаларында көрсеткен ерен ерліктері үшін ҚазПИ-дің көптеген оқытушылары мен студенттері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Мәскеуді неміс-фашист басқыншыларынан қорғаудағы ерен ерлігі үшін атқыштар батальонының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Өзі батыр, өзі әдебиетші-ғалым Мәлік Ғабдуллин кейінірек ҚазПИ-ді ұзақ жыл басқарып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Сондай-ақ, ҚазПИ-дің белгілі оқытушылары мен студенттері Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, омырауларына Алтын жұлдыз қадады. Соғыстан кейінгі жылдары мектептерде маман мұғалім кадрларына деген қажеттілік күрт өсті, сондықтан, студенттер қабылдау, әсіресе сырттай оқуға қабылдау саны еселей артты. Егер 1946 жылы күндізгі бөлімнің бірінші курсына 362 студент қабылданса, сол жылы институтты сырттай 60 адам ғана бітірді. Ал 1956 жылы күндізгі бөлімге 567 студент оқуға түссе, сырттай оқуды 594 адам тәмамдады. Абай атындағы ҚазПИ 1978 жылғы өзінің 50 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алды. Көрнекті әдебиет, мәдениет және ғылым қайраткерлері: С.Аманжолов, Х.Бекхожин, Қ.Жұмалиев, О.Жәутіков, М.Қаратаев, А.Ысқақов, А.Қалыбаева, С.Қирабаев, А.Нүсіпбекова, Ш.Сәтпаева, Р.Сыздықова осы оқу орнының мақтан тұтар түлектері. Олар ҚазПИ-де мамандар даярлау ісіне өлшеусіз үлес қосты. Біз бүгін қазақ білім ордаларының қара шаңырағында білім алған түлектердің ішінен еліміздің ғылым, білім, мәдениет салаларын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғылым және қоғам қайраткерлері М.Әбдіхалықова, Т.Тәжібаев, А.Закарин, К.Айманов, А.Сембаев, Н.Жанділдин, Б.Бөлтірікова, Ә.Шәріпов, Е.Мәмбетқазиев, Ө.Жәнібеков, М.Ахметова, А.Тұмарбекова сияқты аға ұрпақ өкілдерінің есімін құрметпен атаймыз. Қасиетті қара шаңырақтың сан қилы тарихында университеттің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан, көргені мен түйгені мол тәжірибелі басшылар мен қоғам қайраткерлерінің алатын орны ерекше. 80-жылдары институтта жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарында халыққа білім беру жүйесіндегі күрделі мәселелер зерттеліп, жыл сайын оқу-әдістемелік конференциялар өткізілді. Қазақстанның тәуелсіздік алуы және нарықтық қатынастар жолына түсіп, әлемдік бірыңғай экономикалық кеңістікке шығуы, нарықтық жағдайда жұмыс істеуде мектептерді жаңа сападағы педагогикалық мамандармен қамтамасыз ету үшін жоғары білім саласында түбегейлі өзгерістерді қажет етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездескен экономикалық қиындықтарға қарамастан 1992 жылы 24-қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Абай атындағы ҚазМПУ Алматы Мемлекеттік университеті (АлМУ) болып классикалық типте қайта құрылды. 2003 жылы 26-қыркүйекте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың № 1201 Жарлығымен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып қайта құрылып, «ұлттық» мәртебені иеленді. 2007 жылы 24-қыркүйекте университет жоғары білім көшбасшыларының Оксфордтағы саммитінде (Ұлыбритания) «ХХІ ғасыр көшбасшылары» бағдарламасы аясында «Біріккен Еуропа» және «Еуропалық сапа» тәрізді халықаралық марапаттарға ие болды. Ал, 2007 жылы университетке «Сапа саласындағы жетістігі үшін» Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы, «Алтын сапа» белгісі тапсырылды. Университетіміздің бұл табысында оқу орнын әр жылдары басқарған Санжар Сейітжаппарұлы Асфендияров, Бәймен Алманұлы Алманов, Серғали Еспембенұлы Толыбеков, Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев, Ахмеди Ысқақұлы Ысқақов, Асқар Закарияұлы Закарин, Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин, Жұмабек Жүнісбекұлы Жүнісбеков, Құлжабай Әбдіқалықұлы Қасымов, Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықов, Серік Жайлауұлы Пірәлиев сынды белгілі ғылым, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің үлесі зор. Абай атындағы ҚазҰПУ ежелден өзіндік қалыптасқан классикалық дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктері бар оқу орны. Біздің оқу-тәрбие жұмысымыздағы ең басты бағыт – ұлттық идея, елдік мұрат. Бұл не деген сөз? Яғни, университетімізде жоғары білімді кәсіби мамандар даярлау ісі ұлттық құндылықтарға, халықтық тәрбие негіздеріне, білім берудің заманауи инновациялық технологияларына құрылған оқу-тәрбие ісі арқылы жүзеге асырылады. Біздегі оқу мен тәрбие мәселесі ұлттық кадрларды даярлау ісіне, жаһандағы өзгерістерге бейім және жаңа білімді меңгеруге қабілетті болашақ қазақстандықтарды тәрбиелеу ісіне тікелей бағытталған, сондай-ақ кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Өйткені қазіргі қоғам білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің тұтастығына құрылған университеттік білімді сақтау мен оны шығармашылық тұрғыда дамытуға мүдделі. Сондықтан да біздің педагогикалық ұжым болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық ар-ожданын қатар тәрбиелеуге баса назар аударады. Осы тұрғыдан алғанда, Абай университетіндегі оқу-тәрбие ісіндегі стратегиялық түпкі мақсат – елдің болашақ мамандарының кәсіби, интеллектуалдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілген, бәсекеге қабілетті болуына барынша қолайлы жағдай жасау. Біздің педагогикалық бағыттағы классикалық үлгідегі университетіміздің басқа жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі де осында. Білім саласында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың инновациялық ой-тұжырымдарының қоғамдағы орны мен рөлінің маңызы зор екенін атап айтуымыз керек. Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік ревалюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында Қазақстандағы білім беру жүйесінің барлық деңгейі бүгінгі қажеттілікке және экономиканың талаптарына сәйкес келуі керек екенін, сонымен бірге мұғалім мәртебесін арттыру қажет екенін атап көрсете келе, «Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болса керек», – деген болатын. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркез еске салып отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» да жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және қосымша 20000 грант бөлу туралы кезек күттірмес міндеттерді алға қоюы Елбасының білім салсына деген үлкен қамқорлығының айғағы. Шын мәнінде адам ресурсы – еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі қайнар көзі, басты факторы, ал білім жаңа экономикалық өсу моделіміздің орталық буыны болып табылады. Алайда, жоғарыда айтып өткенімдей, жоғары рухани құндылықтарсыз, жастарымызға елдік идеяларға сай тәрбие бере алмай тұрып, ұлттық экономиканың гүлденуіне қол жеткізе алмайтынымызды ұмытпағанымыз абзал. Университет ұжымы Мемлекет басшысының қазіргі таңдағы білім саясаты мен алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін жұмыла еңбек етуде. Осы орайда айта кету керек, біздің университет өзінің статусына сай «Білім», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылымдар және технологиялар», «Әлеуметтік ғылымдар және бизнес», «Өнер», «Құқықтану» мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылым және білім орталығы болып табылады. Сонымен бірге әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша халықаралық қатынастар және құқықтану, экономика және бизнес, педагогикалық білім беру салаларында ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындайтын көпсалалы орталық. Бүгінгі таңда 135 мамандық бойынша білім береді. Осы тұста былтырдан бастап оқу орнында жаңа ұйымдастыру құрылымы енгізілгенін тілге тиек етсек орынды. Бүгінгі уақытта университеттің білім беру қызметін мамандандырылған 7 оқу Институты іске асырады. Атап айтсақ, олар – Педагогика және психология; Матиматика, физика және информатика; Филология және көптілді білім беру; Өнер, мәдениет және спорт; Жаратылыстану және география; Тарих және құқық; «Сорбонна – Қазақстан» институттары мен Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті. Университетте маман дайындау бағыттары бойынша 36 кафедра, сонымен қатар 4 жалпы университеттік кафедра – әскери кафедра, денешынықтыру және спорт кафедрасы, педагогика кафедрасы, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы жұмыс істейді. Ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар Ғылыми инновациялық паркі (ҒИП) болып қайта құрылды. Сондай-ақ, бірнеше жаңа құрылымдық бөлімшелерді ашып, жүйеге қойдық. Мысалы, біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту орталығы, студенттерге цифрлық қызмет көрсететін «Шапағат» орталығы, Білімді ақпаратандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы, Қаржылық талдау бөлімі, университет бюджетін жоспарлау және оның орындалуын бақылайтын бюджет комитеті құрылды. Университетте 8 диссертациялық кеңес, жас ғалымдар кеңесі, ЮНЕСКО педогогикасы кафедрасы, Ғылыми кітапхана және «Ұлағат» баспасы жұмыс істейді. Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын жақсартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша университет 481 орынды иеленді (2017 - 491 орын). 2018 жылы Emerging Europe& Central Asia Еуропа мен Орталық Азияның дамып келе жатқан 30 еліндегі 200 үздік университеттер арасында 86 орында тұрса (2017 - 91 орын), республиканың педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді. Білім саласындағы Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан тәуелсіз агенттігінің Бас рейтингінде педагогикалық мамандықтарға арналған 32 білім беру бағдарламасы үздік үштікке енді. Университеттің 51 оқу бағдарламасы халықаралық және ұлттық аккредитациядан өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ерекше мәртебесі бар еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны ретінде елімізде педагогикалық кадрларды дайындауды оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету орталығы болып табылады. Шетелдік әріптестермен бірге дайындалған педагогикалық мамандықтар бойынша жаңа үлгідегі оқу бағдарламаларын енгізу жұмыстары кең жолға қойылған. Көптілді білім беруге бағытталған Кембридж, Сассекс университеттері ғалымдарымен және еліміздің педагогикалық ЖОО-мен, мектеп ұстаздарымен бірге Физика, Информатика, Химия, Биология мамандықтарын ағылшын тілінде оқытуға арналған оқу бағдарламалары әзірленді. Университеттің осы білім беру бағдарламаларын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету үшін 19 оқулық ағылшын тілінде дайындалды. Университетте бакалавриат, магистратура және докторантурада – 13 мамандықты ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Осы орайда еліміздің орта білім беру жүйесіндегі оқулықтардың 85 пайызын біздің университетіміздің ғалымдары жазғанын атап өткенім жөн сияқты. Оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Бүгінгі таңда Абай атындағы университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше. Әлемнің 23 мемлекетіндегі шетелдік университеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 130 келісімшарт, меморандум жасалды. 2014 жылғы қыркүйекте Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж сити университетінің филиалы «Сорбонна-Қазақстан» институты ашылғаны университет өміріндегі елеулі оқиға болды. Бұл Париж Сорбоннасының әлемдегі екінші, ал Орталық Азиядағы бірінші филиалы екенін еске саламын. Университетте жалпы саны 790 профессор-оқытушы дәріс оқиды. Ғылыми дәрежесі мен атағы барлар – 528 адам, оның 134 ғылым докторы, профессор, 349 ғылым кандидаты, доцент және 45 Ph.D. докторы еңбек етеді. Сондай-ақ, бізде 14 ҚР ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелері, 45 басқа да қоғамдық академиялардың академиктері қызмет істейді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өз болашағын зерттеу университеті ретінде дамыту бағдарын қолға алуда. Университетте ғылыми зерттеулердің басым бағыттары анықталған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын міндеттер, үштілді білім беру, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселелеріне байланысты Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің міндеттері, «Цифрлық Қазақстан» және ақпараттық-компьютерлік 3D-технологиялар негізінде жаңа білім ресурстары бойынша зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Цифрлық университет», «Инновациялық университет», «Әлеуметті жауапты университет», «жалпыға қол жетімді Ашық университет», «инфрақұрлымы бойынша Жайлы университет», мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін артырудың көшбасшысы сияқты мәртебелерге қол жеткізу үшін күресуде. Университет стратегиясының басты мақсаты – ең озық әдістер мен бағдарламалар негізінде ХХІ ғасыр педагогтарын даярлау, таяу жылдары білім алушылар санын 10 мыңға жеткізу, шетелдік университеттермен бірлесе отырып, педагогикалық мамандықтар бойынша 15-тен аса «қос дипломдық» білім беру бағдарламаларын енгізу, бізде оқитын шетелдік студенттердің үлесін 5 пайызға көтеру және QS World University Rankings әлемдік рейтингісі бойынша 450 орынға көтерілу. Жалпы, университеттің білім мен тәрбие жөніндегі атқарып отырған іс-қызметі орасан. Университеттің тарихы терең, болашағы ерен дейтін болсақ, сол тарихтың бастауында тұрған Алаш қайраткерлерін де университет ұжымы бір сәт естен шығарған емес. Қасиетті қара шаңырақтың сан қилы тарихында университеттің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан, көргені мен түйгені мол тәжірибелі басшылар мен қоғам қайраткерлерінің алатын орны ерекше. Мұның бәрі келешек ұрпақтың кемел тұлға болып қалыптасуына жарқын жол ашатын өнегелі тәрбие құралдары.
Такир БАЛЫҚБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
qazaquni.kz