ОРЫНБАСАРЫ ПАРАМЕН ҰСТАЛСА БАСТЫҒЫ ДА ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕДІ

Орынбасары парамен ұсталса, бірінші басшы да жауапқа тартылады. Демек, қол астындағы қызметкері жемқорлыққа салынып істі болған жағдайда министр немесе әкім бірден қызметтен кетуге тиісті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға осындай өзгеріс енгізуді ұсынғаны туралы КТК телеарнасы хабарлады. – Кез-келген мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаса, оның басшысы, ол саяси болсын, әкімшілік қызметкер болсын жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылады, – деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов. Агенттіктегілер заңға өзгеріс енгізетін бұл құжатты Мәжіліске өткізіп те үлгеріпті. Енді жаңа жобаны депутаттар талқылауда. Заңдағы жаңа ереже министр, әкімдерден бөлек департамент, бөлім жетекшілеріне де қатысты болмақшы. Мәселен, қазір Энергетика министрінің қос бірдей орынбасары үйқамақта отыр. Бірақ министр жауапкершілікке тартылмайды дейді агенттіктегілер. Себебі, оның орынбасарлары заң жобасы дайын болмай тұрып ұсталған. Естеріңізге салсақ, Бурабайдағы көлді тазартуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен Энергетика вице-министрлері Бақытжан Жақсалиев пен Ғани Сәдібековтің қолына кісен салынған еді. Қазір оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал бұған дейін вице-министр немесе облыс, қала басшыларының орынбасарлары парамен ұсталса, оған министр мен әкімдер жауап бермейтін-ді. Ашыған айтсақ, бұндай шараны қолдану керектігі жайында мерзімді басылымдарда, оның ішінде «Қазақ үні» газеті бірнеше жылдан бері тұрақты жазып келгені белгілі. Өйткені, қол астындағы орынбасары бастығының келісімінсіз пара алмайтыны айтпаса да түсінікті емес пе? Бастықтары орынбасарларының қолымен от көсеп жүргенін құқық қорғау орындары енді ғана көргендей кейіп танытып отырғаны көпшілікті қайран қалдырады. Өкінішке орай, біздегі билік қоғамдық пікірге құлақ түре бермейді. Көпшіліктің ұсынысына назар аударғанда бұл заң осыдан бірнеше жыл қабылданған болар еді. Әрбір басшы қол астындағы қызметкерлеріне қатаң бақылау жасаса оның жауапкершілігі де артып, қылмыс та азаяды.

qazaquni.kz