"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Қоңыр үнді Қорабай

Менің Қорабай ағамызбен жеке, жақын таныстығымыз 2000-шы жылдардың бас кезінде басталған еді. 2001 жылы мен өзімнің Көкшетаулық інілерімнің басын біріктіріп өзім мектебін бітіріп, өсіп-өнген Жаңаарқа ауданы, Ескене ауылында мешіт салып беру қамымен жүрген болатынмын. 2003 жылы мешіт құрылысы аяқталып оның ашылу салтанатында жиылған халыққа, сырттан келген қонақтарға Жаңаарқалық әншілер орындауындағы әндер жинағын тәбәрік-шашу ретінде тарату үшін арнайы әндер жинағын шығармақ болдық. Алдында 60 минуттық кассета болар деген жинағымыз бір әншінің орындауындағы екі әнін ғана кіргізгеннің өзінде 90 минуттық екі бірдей кассетаны толтырды. Сөз реті келгенде айта кетейін «Басынан Иманақтың ән ұшқандай!» деген атаумен шыққан бұл жинақ Жаңаарқалық әншілердің орындауындағы тұңғыш антологиялық әндер жинағы болып шықты. Оған елге танымал И.Омаров, Қ.Байбосынов, Ф.Тұтқабеков (күйші), М.Тілеуханов, С.Үмбетбаев (қобызшы), Ғ.Мұхамедин, С.Оспанов, Б.Тілеуханов, Ж.Кемалов, А.Нығызбаев, Қ.Әбдідина бастаған 20-дан аса Жаңаарқалық әншілердің орын дауындағы әндер топтастырылды. Жинаққа Қорабай ағамыздың орындауындағы «Жас қалам» және «Досыңның көзін ұғарсын» деген қос әні енгізілді. Сол кезден аға-іні болып сыйластықпен басталған таныстығымыз кейіннен үлкен достыққа ұласып кеткен еді. (Биылғы жылы да «рухани жаңғыру» аясында Шет және Жаңаарқа аудандарында жүргізілген экспедициялық зерттеулер барысында ағамыздың үйіне барып Қорекеңнің орындауында 4 ән және еш жерде жарық көрмеген 2 күйін жазып алып Астанадағы ұлттық музей қорына арнайы тапсырдық. Әкесінен мирас болып қалған Қорабай ағамыздың күйшілік өнері кейінгі мақалаларға арқау болар деген сенімдеміз). Әрине, біздің таныстығымыз сырттай болса да бұдан да ертерек басталған еді. Ол кезде Жаңаарқа өңірінде Республика көлемінде таңылып келе жатқан жас дарын иелері екеу болса соның бірі дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов, екіншісі сырбаз да талғампаз әнші, сырлы сазгер Қорабай Есенов болатын. Біз сол ағаларымызға қарап ой түзеп қана қоймай бой да түзеп өскен едік. Сол бір жалындаған жастығымызды Қадыр ақынның

өлеңімен түйіндесек: «Қалшылдаған қысыңды қыс демедік, Қысыңа да өзіміз үстем едік. Күлсе күлсін кәрілер ол кезде біз, Ұнау үшін қыздарға не істемедік», – деп кең балақ шалбар (23-37 см.), балоновый куртка киіп, шашымыз жалбырап желкемізге түсіп, туфлимен (лакированный) қар кешкен күндеріміз еске түседі (Бір кездері «модаға» айналған мұндай киімдердің болғанын қазіргі жастар білмеуі де мүмкін. Бұл жолдарды қазіргі біздің тұстастарымыздың жастық шағын бір еске алып қойсын деген ниетпен жазып отырмын). Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың бас кезіндегі талай бозбала жігіттердің Қорабайдың әндерін тыңдап ержетіп, талай ару қыздарымыздың Қорабайдың сазды әуендері арқылы бойжеткендері қазір самайларын ақ қырау шалған ағаларымыз бен апайларымыздың күні бүгінге дейін есінде болар. Осыдан 40-50 жыл бұрын қазір аға буын қатарына қосылып отырған ұрпақтың (оның ішінде өзіміз де бармыз) жаңа шыққан әндерді радиоқабылдағыштан тыңдамағаны кемде- кем шығар-ау. Иә,сол кездерден бастап-ақ иыққа түсіре шаш қою, қараңғы түсе көшеде гитарамен қазақша ән айту үрдісі басталған-ды. Еліктеу дегеннен шығады, (жалпы қазақ жақсылыққа еліктеуіш, әуес халық) жетпісінші жылдардың жастары біздер де жақсылық үрдістерге әуестеніп, еліктеп өстік. Әсіресе, сол жылдары «құлақтан кіріп, есті алған» эстрадалық әуендерге (Қарагөз», «Дос-мұқасан» ансамбльдері орындауында) ілесіп жер-жерлерде құрылып жатқан ансамбльдерден қалыспай біз де аты дардай «Ескене» (қазіргі ауыл аты, ол кезде «Дружба» совхозына қарасты Ленин атындағы бөлімше болатын) вокальды аспапты ансамбль құрған едік. Гитаралармыз негізінен қолдан жасалынған өзіміздің «творчестволық қол еңбегіміз» болатын. Репертуарымыздағы әндеріміз сол кездері танымал болған әндер; «Той жыры», «Неге солай?» т.б. және әрине, онын ішінде Қорбай ағамыздың орындауындағы әндер болушы еді.

Сексенінші жылдардың бас кезінде мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы (қазір Әл-Фараби атында) мемлекеттік (қазір ұлттық) университеттің тарих факультетінің студенті едім (бір айырмашылығымыз Қорекең жоғары оқу орнына мектеп бітіре сала оқуға түсіп бітірген соң ауыл шаруашылығының маманы ретінде жұмыс істесе мен керісінше он жылдай ауыл шаруашылығында жұмыс істеп барып оқуға түсуге мүмкіндік алдым). Көктемнің жаңға жайлы, шуақты күндері болатын. Түске қарай бірінен соң біріне жалғасқан лекциялар, семинар сабақтары мен лабороториялық практикалардан шаршап Алатауды бөктерлей орналасқан

жатақханаларымызға ілби басып келе жатқанымызда алдымыздан еңсемізді көтеріп, көңілімізді жадыратып, жүрекке нұр сәулесін құйғандай болып радиодан керемет бір әуендер төгілер еді. Бірден қалт тұра қаламыз. Әдейі студенттердің көңіл күйлерін тап басқандай екі әуен күнде қайталанып төгіледі де тұрады. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді: бірі елге енді таңыла бастаған Қарағандылық жерлес қарындасымыз, жас әнші Мақпал Жүнісова. «Бақытым менің, Жақұтым менің, кел, кел, кел! Ғашығым менің, Асылым менің, сен, сен, сен!». Белгілі лирик ақын И.Сапарбаевтың «Сағыныш сазы» әні. Жүрек дүрсілдеп, көмейге жас тығылады. Дүрмекке толы думаны басылмайтын ауылды еріксіз еске аласын. Екіншісі, өзіміздің Жаңаарқалық сол кездің өзінде-ақ бүкіл қазақ жастарының кумиріне айналған Қорабай Есенов: «Жылжиды аққу айдында, жылжымайды, Мұңаяды ол неге, тұнжырайды? Сыңсып салған әніне тебіреніп, Қамыс басы қамығып, су жылайды». Айтары жоқ бір-бірімен жымдаса төгіліп тұр, бір сөз қосып немесе түзетсең бүлдіресің, қайта түзерің неғайбіл…». У-дуы бір басылмайтын студенттік өмір. Түстен кейін футбол, волейбол ойындарынан шаршағаннан кейінгі кешкі бас қосар орындарымыздың бірі көршілес филология (тіл-әдебиет) факультетінің жатақханасы. Күнде қызу дискуссия, әдеби талдау. Кезек әнге келеді. Ән әсеріне бөленген бір студент тұрып, осы әнді бір түсінбей-ақ қойдым: «жылжиды аққу айдында, жылжымайды немесе қалқиды, қалқымайды; сырғиды сырғымайды… жылжитынын түсіндім, ал бірақ жылжымайды деген не? Қарап тұрсам расында да жылжымайтын сияқты ғой. Бірақ жылжып бара жатады..». Араға тағы бір жерлес ақын қызымыз Қымбат Әбділдина (ол кезде филфактың 3-курс студенті) түседі: «мұны жазған нағыз ақын ғой. Тұнып тұрған лирика, сондықтан да ол «жылжиды, жылжымайды; сырғиды, сырғымайды; керек болса қалқиды қалқымайды..». Студенттер томаға тұйық ойға батады, расында да тұнып тұрған философия: «қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте біреу кеш бір құлайды»… Шынында да Қорекең сыршыл, талғампаз әнші. Оны Кәкімбек ағасы өлеңін жазып, Жағыпар досы әнін жазған «Досыңның көзін ұғарсың» деген өлең жолдарына зер салсаңыз да бірден ұғасыз, түсінесіз.

«Көп жұлдыз көкте ай болмас, Сәулесі жерге жетпейді. Көрінбей кетсе кей жолдас, Адал дос тастап кетпейді».

Немесе: «Туыстың дос боп өтуі, Некен-саяқ, неғайбыл.

Досыңның туыс етуін, Өмірдің заңы санай біл». Одан әрі: «Жүрсең де қандай жұмақта, Түссең де қанша сынаққа, Досы жоқ өмір жұтпен тең, Достықтың туын құлатпа!».

«Өлеңнің де естісі бар, есері бар» екенін жаттап өскен қазаққа бұл өлеңді талдап, дәріптеп жатқанымыз артық болар, айтпағымыз өлеңнін де киесі бар десек сол әнді орындайтын иесі де бар екенін мойындаймыз. Сенбесеңіз қазір көкте жүзіп қалқып жүрген «жұлдыздарға» осы әнді орындатып көріңіздерші, әсері қандай болар екен, ішіңізден «әжептәуір ән еді-ау…» деп күйінеріңіз бек мүмкін. Шыны керек, кейінгі аты шығып жүрген әншілеріміздің көбі әнді нәшіне келтіріп айтуды ғана көздейді де, әннің мәтініне мән бере бермейді. Әннің бір шумағын немесе бірер сөзін өзгертіп айта беру – бұл күнде әдеттегі шаруаға айналған. Жоғарыдағы ойларымыздың жалғасы іспеттес пікірді жерлесіміз, қадірлі қарт қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ұзақбай Мұқышұлы ағамыз да Қорекеңнің шырқаған орындаушылық шеберлігіне тәнті болып облыстық газетке ішкі жан тебіренісін былайша өрнектеп жеткізген екен: «Жан едім өмірге еркін бойламаған, Күні ертең не боларын ойламаған. Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып, Өзіңдей қамқор адам қайда маған». Әкеге деген сағыныш, ішкі толқу жүрек түкпірінен шымырлап, бірден бірге ынтықтыра түседі. Ащы айғай емес, қоңыр әуен гитара үнімен астасып, сезімді билеп, баурап ала жөнеледі. Тіптен, өң бойыңды балқытып, қиялыңды тылсым дүниеге жетелейді. Әке үшін мақтаныш, оның алдындағы перзенттік парыз, бәрі-бәрі осы ән әуені ауқымына сыйып кеткендей. Жүрегің елжіреп, өзгеше бір күй кешесің… Бұл 1967 жылдың қоңыр күзі еді. Іс-сапармен сол кездегі ауданға қарасты «Қызылтау» кеңшары клубының маңдайшасындағы радиодан осы «Әке жырын» естіген сәттен көңіл-күйім алабұртып, ән әуенімен тербелумен болдым. Оның орындаушысы Жаңаарқаның тумасы, жерлесім болғанымен жүзін көрмеппін. Енді сол жігіттің өзгелердей емес, өзіндік қолтаңбасы бөлек сым шектерін шертуіне, жүрек түкпіріндегі асыл сөзімді, ішкі иірім мен толқуын тыңдаушысына қаз дауысты қоңыр әуенімен жеткізуіне ерекше тәнті болдым. Содан бері қаншама жылдар өтсе де, қияқ мұртты, қоңырқай, сұлу келбетті Қорабайдың гитарамен сүйемелдеуіндегі әндерін тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді. Ойпырмай, ақын жүрегінің бұлқынысын, тебіренісін әнші Қорабай қалай тап басады»

суреттеулерінен асқан баға болмас (Орталық Қазақстан.-2002.-23 қазан (№169/170). – 16 б.).

Серіліктің, өнердің қай түрі болса да қазаққа жат емес. Жалпы біз қазақ халқы ат қоюға, әсіре мақтауға шеберміз. «Күй атасы Құрманғазы, ән атасы Әміре деп жатамыз. Ал Қорабай Есеновты «қазақи гитара өнерінің падишасы» десек болмас па? Ағамызды үлгі тұтып, ұстаз санап қолына гитара алған Нұрлан Өнербаев, Ерлан Белғозиев, Табылды Досымов, Гүлмира Ақүрпекова, Сейіл Аяғанов сынды саңлақтарымыз сахнадан көрініп жатса бұл да алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқын інілеріне ерекше бір серпін беріп жаңа жолға бастаған ұстанымы болар. Гитараның да қазаққа жат аспап еместігін тұңғыш рет жария қылған да Қорабай ағамыз. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған белгілі журналист Раушан Төленқызына берген сұхбатында: «…Ішекті аспаптардың қай-қайсының да түп атасы – домбыра. Классикалық ішекті аспаптардың бірден-бір қазығы, классикалық үлгісі домбыра! Мен домбыраны қалай жақсы көрсем, гитараға да ықласым ауып, жаныма баладым. Гитара ішкі дүниемде өзім тап баса алмайтын, тілмен жеткізуге келмейтін иірімдерді елеп-тербеп, әуенге айналдырады. Сондықтан, «бұл аспап маған бөтен емес, қазақтың төл аспабының бір түрі» деп бағалап, өзімді сол ойға сендірдім. Көкейіме соны түйіп, мен гитараны домбыраша шерттім! Мен жетігенді де жақсы көремін. Гитара сияқты, жетігенге де жеті ішек тағылған. Шерткендегі әуені, үні, құлақ күйін келтіру сияқты техникалық тұстары өте ұқсас. Сондықтан, өз басым гитараның арғы тегі жетіген деп білемін», – деп көңілінің түпкірінде бұғып жатқан ойларын сыртқа шығарған екен. Өзінің бұл өнер жолына қалай келгендігін әнші былай деп еске алады: «…оқушы кезімде гитараны ұстап көрген жан емеспін, бірақ әкем Әбікен домбыраның құлағында ойнайтын еді, күй тартатын. Әншіліктен де, ақындықтан да құралақан емес-ті. Бірақ өмір бойы қарапайым теміржолшы, парауыз машинисі болып істеді. Содан жасымнан мен де домбыраға қол созып, мектеп оркестірінде ойнап жүретінмін. Гитарамен ойда жоқта достастым. Институтқа (Целиноград қаласындағы Ауылшаруашылық институтының агрономия факультеті) түскеннен кейін, бірінші курста сексен студент ауыл шаруашылығы жұмысына бардық, сонда жатақханадағы екі қатарлы кереуеттің жоғарғысында жататын Николай Литовченко деген украин жігіті болды. Сол түнімен гитарасын сабалап ән айтады, таң атқанша ұйқы бермейді, өзі әскерден келген, оқуға есейіп келіп түскен. Ақыры ұйқы жоқ болған соң: «Коля, маған да гитара тартуды үйретші», – деп қолқа салдым. Гитараны екі-үш күнде игеріп алдым, домбыра тартқан кісіге қиындығы шамалы екен. Николай: «Сен бұрыннан гитара тартатын

шығарсың, сірә, қалай тез үйрендің?» деп таң қалды. Мен сол күннен бастап гитара деген ауруға ұшырап, күзде сол аспапты сатып алып тындым», – деп еске алады (38-бет. Т.Әлжантегі. Саусағынан саз сауған. – Алматы: «Үш қиян», 2012. – 96 б.). «Мен небары екі ән ғана жазған адаммын. Алғашқы әнім – «Жас қалам». Оны он жеті жасымда шығардым. Бір күні бір курстасым сол әннің сөзін әкеп берді, оқып отырсам, сөзі ғажап:

«Кездессең ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек. Мен сені жаныма балаймын, Сен үшін менде бар бір тілек»…

Өлеңнің сөзі біздің жігіт бола бастаған албырт шақта бастан кешетін сезімді дөп басып жеткізіп тұрғандай (бір атап өтерлігі жоғарыдағы пікіріміздін дәлеліндей кейбіреулер осы әннің алғашқы жолын бұрмалап «кездессең нұрлана қараймын» деп те орындап жүр – Д.Е.). Сөйтіп, 1966 жылы жаңа жыл мерекесінің алдында ойда жоқта жаңа ән туды. Қолым қалт еткенде сол әнді айтамын. Институтта атым шыға бастады», – еске алады.

«Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді» демекші Қорекең көрінген сөзге ән жазып, сөзі келіспеген әндерді орындай да бермейді. Бұған көз жеткізу үшін Қ. Есенов орындап жүрген әндерді шолып шықсаңыз да болады. Әншінің сонау алпысыншы жылдардың орта кезінен бастап өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар аралығындағы ширек ғасыр ішіндегі репертуарын алып қарасаңыз олардын жалпы саны жиырма әннен аспайтындығына көз жеткізер едіңіз. (Ал қазір кейбір әншілеріміз репертуарымда бес-алты жүздей әнім бар десе де сольный жеке концерттерін өткізген үлкен сахналарда сонын 20-30 дайы ғана орындалып жүр). Бұл әншінің биік талғамының көрінісі. Аз жазса да саз жазды. Бүкіл ғұмырында екі-ақ ән жазса да сол әндер бұқаралық сипат алып халық әндері қатарында жүр (ел арасында жүз немесе екі жүз ән жаздым деген сазгерлер баршылық, бірақ солардың көпшілігі халық назарынан тыс қалған). Сан қуаламай сапасына мән берді. Содан да болар өлмес, өміршең әндердің орындаушысына айналды. Қасымша айтсақ «өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп ғұмыр кешті. Нәтижесінде ол әндер жарты ғасыр бойы әншімен бірге жасап халық аузынан түспейтін «халық әндеріне» айналып жүре берді. Әнші бақыты деген осы болар. Көңілінен шықпаған, жүрегі қаламаған әндер Қорекеңнің қалыбына сыймайды. «Стандартты заманда стандартқа симай жүрген адам» демекші өзіндік ерекше орындау стилімен жұрттың сүйіктісіне айналған Қорабай Есенов те стандартты жеті нотаға симайтын әнші. Сондықтан да болар ол бүкіл әншілік ғұмырында екі-ақ адаммен бірі

«жезкиік ақын» атанған Кәкімбек Салықов ағасы болса екіншісі жерлес композитор, өмірлік замандас досы Жағыпар Әлімхановпен творчестволық байланыста болды. Яғни, ақын мен сазгердің шығармаларын бір қалыпқа сыйдырып, өңдеп, өз стиліне сай өзгертіп бүгінгі тілмен айтқанда оранжировкасын да өзі жасап, түрлендіріп құлпыртып жіберетін. Қазақтың дүниетаным пайымымен алып қарасақ олақ ұста бөренеден бір таяқ қана жасап шығара алса, ал нағыз шебердің қолына түскен бөренеден небір қолданысқа қажетті тұрмыстық заттар шығатыны кәдік. Әнші орындауындағы әндер ғұмырының ұзақ болуы ошақтың үш бұтындай өнердің үш тағанының осылайша қабыса жымдасып, үндесіп жатқандығынан да болар.

Қазақ даласы табиғатына сай ұл-қыздарына да сондай кеңдік, талант берген. Сондықтан да болар арамызда кәсіби мамандығы тау-кен инженері бола тұрып кейіннен ақын-жазушы немесе әнші-сазгер бола жүріп ғалым-зерттеуші болып жүргендер жеткілікті. Қорекеңнің де әу бастағы кәсіби мамандығы агроном болды. Әрине, ол кезде бұл өміршең, заманына лайық сұранысқа ие мамандықтардың бірі болатын. Институтты бітіргеннен бастап бас агроном, ауданаралық база директоры, РАПО-ның бастығы, астық дайындау мекемесінің директоры, Ағадыр, Жаңаарқа, Шет аудандары аралық ауыл шаруашылық химия бірлестігінің төрағасы бола жүріп те өнерден қол үзбей қолынан гитарасын тастаған жоқ. Сол киелі өнерге деген адалдығының қайтарымы да болар бүкіл саналы ғұмырын ел ішінде жүріп, ауыл шаруашылық жұмыстармен өткізсе де атақ-дәреженің бәрін өнері үшін алған сияқты. Елбасының қолынан алған «Құрмет грамотасы» (1999 жыл), «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (2001 жылы), «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» (2013 жылы), Жаңаарқа ауданының «Құрметті азаматы» т.б. атақ-даңқы бола тұра Қорекең қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен бір тайған емес. «Жоқ жомарт» деген, бұл күндері архаизімге айналған қазақи пайымның бүгінгі иесі осы Қорекең сияқты. Өзінің өнерін сыйлағандарды үлкен-кішілігіне қарамай асты-үстіне түсіп қой сойып қонақ қылуы, тіпті Табылды Досымов сияқты өнеріне тәнті болып табынған інілері сонау Атыраудан ат басын тіреп арнайы келіп жатқанда тай сойып қарсы алуы Қорекеңнің бойына жарасатын қазақи мінез болып қалмақ. Десе де «елге қадырым жоқ бетімді көреді, әйелге қадырым етімді көреді» дегендей халқының құрметі мен қошеметіне бөленіп жүрген әншінің концерттерін ұйымдастыру өте сирек қолға алынуда. Жезқазған (1999 жылы) мен Астанадағы мәдениет орталығында (2001 жылы) араға жылдар салып өткен шығармашылық кештерінен басқа ұйымдастырылған шаралар жоққа тән. «Жетпісінде де желіп өтер» десек те жылдар жылжып, уақыт күтіп тұрмайды.

Қорабайдың қоңыр үнін сағынған замандастары жетерлік. Астана (20-жылдықты еске алмай-ақ), Алматы, Қарағанды ғана емес еліміздің басқа да өңірлеріндегі 60-70 жылдардың сырлы саз-әуендері бойларын тербеткен (бүгінгінің жылауық әндері емес) замандастарымызды бір сусатып, көңілдеріне шуақ шашып, жастық шақтың жалынымен табыстырар күн қайда?

Дәуренбек Ескекбаев,

Тарих ғылымдарының кандидаты

Қазақ үні



Ілмектер:
Қорабай Есенов

Осыған ұқсас:

  1. ӘЙГІЛІ «ЖАС ҚАЛАМ» ӘНІНІҢ ШЫН ИЕСІ КІМ?

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.