БҰҰ-ның 39-сессиясында Қытайдағы қазақтар мәселесі көтерілді

Осы айдың 10-28 күндері аралығында Женева қаласының орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 39-шы кездесуі өтті, деп жазды qazaqtimes.com.

Кездесу аясында он сегізінші қыркүйекте Қытайдың қол астындағы қазақтардың жазықсыздан қатаң тәртіптегі конслагерлерге қамалуы және Қытай үкіметі жасап жатқан зұлымдықтар мен қысымдар басты мәселе есебінде талқылданды.

Аталған кездесудің басты мақсаты – Қытай үкіметінің Шығыс Түркістанда миллиондаған қазақтарды конслагерлерге жөнелтіп, азаптап өлтіріп жатқандығын БҰҰ дипломаттары мен халықаралық бейресми ұйымдарының өкілдерін мәліметтендіру.

Жиында Еуропа Мәдениет және теология орталығының жетекшілерінен профессор Эдриан Зенз, халықаралық адам құқықтарын қорғаумен айналысатын «Human Right s Watch» ұйымының өкілі Джон Фишер сөз сөйледі. Ал Германиядан қатысқан Өмірхан Алтын Қытайдағы қазақтардың бастан кешіп жатқан тауқыметін, қытай зұлматын және сондағы қандастарымыздың жазықсыз түрмеге қамалып жатқанын жиынға қатысушыларға түсіндіріп, залда отырған Қытай үкіметінің ресми өкілдігіне қаратып айтты.

Сондай-ақ Өмірхан Алтын өз баяндамасында кездесуге қатысқан дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне Шығыс Түркістандағы, Шыңжаңдағы қазақтардың жүз мыңдап жаппай конслагерлерге қамалып, адам көнгісіз қорлыққа, қудалауға тап болып және Қытай билігінің адам құқықтарын аяусыз таптап жатқанын жеткізді.

Қытай үкіметінің адам құқықтарын таптап, азап көрсетуіне халықаралық қауымдастықтардың назары түскен сәтте ғана қандастарымыздың тағдыры реттеледі деген үміт бар.