Абайдың басын қоқысқа тастаған мүсіншінің жазалануын талап етеміз

Кеше "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде Өскемен қаласында Ұлы Абайдың мүсіні күл-қоқыстың арасында жатқаны туралы хабар жарияланды. Бұл туралы өңірдегі баспасөз өкілдері мәлімдеген.

Қысқаша айтсақ, мүсінші Сомойлов Абайдың кеуде мүсінін ауладағы күл-қоқысқа тастай салған.

– Абайдың мына кеуде мүсінін 2014 жылы Шемонайха ауданының әкімдігіндегілер тапсырыс беріп жасатқан. Кейін қаржылары болмай қалды ма, әлде Абайдан айнып қалды ма, әйтеуір алмай қойды. Мұны мен емес марқұм әкем жасаған, – деп ақталыпты «Қазақстанға еңбегі сіңген мүсінші» Владимир Борисович Самойловтың ұлы.

Осы ақпарат жарияланған соң Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар дереу қарекетке көшіп, Абайдың мүсінін жергілікті кәсіпкерлер сатып алды. Алайда қоқыста жатқан мүсінді сатып алудың не керегі бар, иесі онсыз да керексінбей тастай салған жоқ па деген сауал туындайды.

Осы орайда "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Абайдың мүсінін күл-қоқысқа тастап, әлеуметтік жанжал туғызған мүсіншіні әкімшілік жазаға тартуын талап етеміз. Абайдың басы - қазақтың ары. Қазақтың ар-намысын күл-қоқысқа тастау бұл.

qazaquni.kz