Шығыс Қазақстанда сібір жарасын жұқтырған науқас көз жұмды

Катонқарағай аудандық ауруханасының инфекция бөліміне бойында сібір жарасы ауруына тән белгілер бар адам жатқан. Кеше оның Өскемен қаласының инфекциялық ауруханасында көз жұмғаны белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Кіші Нарын ауылының тұрғыны екі ауылдасымен бірге бұзау сойған. Оның етінің біразын сатып, біразын туыстары мен ауылдастарына таратып берген. Арада апта өткенде ол сырқаттанып, дәрігерге қаралады.

Бойынан сібір жарасы ауруының белгілері табылған соң науқас аудандық аурухандан жедел түрде облыс орталығына жіберілген. Онда қойылған диагноз нақтыланды. Кеше науқастың Өскемен қаласының инфекциялық ауруханасында көз жұмғаны белгілі болып отыр.

Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің жетекшісі Ғазез Сүлейменов сойылған мал етін жеген адамдардың (35 адам) барлығы тексерістен өткен және антибиотиктер берілуде.

«Дәрігерлер күн сайын адамдардың ыстығын тексеріп, антибиотиктер беруде. Үйлерге дезинфекция жасалды. Мал сойған орын да арнайы машинамен дезинфекцияланды. Малдың қалған еті қолданыстан шығарылды. Мамандар ол етті тексерумен айналысып жатыр», – дейді облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті жетекшісінің орынбасары Гүлайым Тағаева.