ЕЛІМІЗДЕГІ ЕУРАЗИЯ ӘДЕБИ ФОРУМЫ ЖАЛҒАСУДА

Кеше  20 қыркүйек күні сағат 10.00- де  Астанада Тәуелсіздік Сарайында  «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум басталғаны белгілі. Дүниежүзілік дүлдүлдер бас қосқан дүбірлі жиынды  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзімен ашқан болатын. Форумның салтанатты ашылу рәсімінде  «Заманауи Еуразиялық әдебиет» кітап көрмесі және «Әдебиет және жаһандық мәселелер» мен «Аймақтық әдебиеттердің дамуы» атты екі бөлімнен тұратын пленарлық отырыс болды. Онда түрлі елдерден келген шетелдік белгілі  қаламгерлер сөйледі. Бүгін 21 қыркүйек күні сағ.10.00 мен 13.00 аралығында «Hilton Garden Inn Astana»  қонақ үйінде 4 секция бойынша: «Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер», «Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер», «Драматургияның өзекті мәселелері», «Қазіргі заманғы аударма ісінің хал-ахуалы» тақырыптарында басқосулар өтті. Жиын барысында Иран Ислам Республикасы Жазушылар одағы төрағасы  Хади Сади Киасари мен Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет екі лдің шығармашылық одақтары арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойды. «Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер» деген тақырыптағы поэзия секциясын ақын Мейірхан Ақдәулет жүргізді. Онда шетелдік қаламгерлерден Мехмет Пармаксыз (Түркия), Эдуард Милитюнян (Армения), Надыржан Ханбутаев (Өзбекстан), Акбар Рысқұлов (Қырғыз Республикасы) сөйлеп,  Хаял Рзазаде (Әзірбайжан), Гун Ажаван Аюрзане (Моңғолия) қатысты.     Қазақ қаламгерлерінен Ұлықбек Есдәулет, Мейірхан Ақдәулет, Аян Нысаналин, Ақұштап Бақтыгерева, Темірхан Медетбек, Құлбек Ергөбек, Ханбибі Есенқарақызы, Төрегелді Тұяқбай, Қойшығұл Жылқышиев, моңғолиялық қазақ ақыны Сұраған Рахмет, Қасымхан Бегманов, Светқали Нұржан, Қазыбек Иса және т.б. сөйлеп өз ұсыныстарын айтты. Түстен кейін шетелден келген қонақтарға Ұлттық мұражайды аралатуға алып кетті. Сонымен қатар Ұлттық кітапханада Қазақстан-Ресей жазушыларының дөңгелек үстелі өтуде. Еуразиялық әдеби форумның салтанатты жабылуы «Hilton Garden Inn Astana» қонақ үйінде сағат 20-00-де өтеді. Әлемдік деңгейдегі әдеби форум Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтуде екенін естеріңізге саламыз. Әдеби форум туралы толыққанды материал алдадағы уақытта жарияланады. Qazaquni.kz