"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Үндемес

Талғат ТЕМЕНОВ
Қазақстанның Халық артисі, профессор

Егер оны көшеден көріп қалсаңыз, танымауыңыз мүмкін. Жиын-тойға барғанда, тіпті, бір дастарханда отырсаңыз да оның артист екенін білмей қалуыңыз да ғажап емес. Себебі, ол – сондай. Сөзге шешен, пысық емес. Алғыр деп те айту қиын. Қарапайым… Көбінде үндемес. Сөзге шорқақ. Кейде «артист» деген ұғымның альтернативі сияқты. Біздің психологияда артист деген басқаша. Кешегі Шәкен Айманов пен Елубай Өмірзақовтар, болмаса біздің қазіргі ақсақал Асанәлі Әшімов пен Әнуар Молдабековтер сияқты бүкіл елді аузына қарататындар. Жиын-тойдың нысанасы болған «түсінікті» Тілектес бұзған. Артистің бәрі – әнші емес, актердің бәрі – анекдотшыл емес, олардың да арасында үндемейтіндері бар екенін көрсетті. «Үндемес» демекші, есіме амалсыз Иннокентий Смоктуновский не Александр Кайдановский түседі. Екеуі есті де, ойшыл артистер еді. Иннокентий Смоктуновский – әлемге әйгілі Ұлы актер болатын. Ол біресе Гамлет, біресе Сальери, Чайковский, болмаса князь Мышкин… Толып жатыр. Бірақ, ол ешқашан өзін артистпін деп жар салмайтын.

Әлі есімде. Бала кезім. Біздер Мәс­кеуге барғанбыз. Ол кезде сондай дәстүр бар-тын. Мәскеудің театрларына кіру – қиынның қиыны. Сол күні Кіші театрда Л.Толстойдың «Царь Федор Иоаннович» спектаклі болатын күн екен. Борис Равенских. Билет тұрмақ, контрамарка жоқ. Бір топ билетсіз көрермен артистер кіретін дәлізде тұрмыз. Бір сәт сырттан И.Смоктуновский кірген. Ел у-шу. Билет сұрап жатыр. Ол аса құрметпен, ыждаһатпен билет жоғын айтып өте бергенде мен қарап тұрмай: «Иннокентий Михайлович, вы Царь или не Царь?» дегенмін. Дәл осы сөздер. Бұл И.Смоктуновскийдің осы спектакльде айтатын сөзі-тін. Ол күліп жіберді де, қайдан екенімді сұрады. Қазақстаннан деп мен де айтып үлгердім. «Мына екі балаға билет тауып бер» деген ол қасындағы біреуге. Иә… Мен сол күні ұлы Смоктуновскийдің өзін көрдім. Ол ойнаған «Царь Федор Иоанновичті» тамашаладым. Дәл сол сияқты Тілектесті де мен әкемтеатрдың артистер кіретін дәлізінен көрдім. Билет сұрағам жоқ. Уақыт сұрадым. «Сағат неше болды екен?» дедім. Ол айтқан. Сұраған себебім, Тілектес Мейрамов Қозыны ойнайтын артист еді. Маған уақытты білу емес, маған Тілектес көңіл аудара ма дегем. Себебі, ол кезде мен де өнер өлкесіндегі ең бастапқы саты театр факультетінің І-курс студенті едім. Ал Александр Кайдановскиймен жақсы жолдас болғанмын. Екеуіміз бірге оқыдық. Екеуіміз де Сергей Соловьев шеберханасында болдық. Александр біртоға, үндемес. Көбінде ойланып отырады, аузын ашпайды. Аузында сигарет, қолында – кофе. Ал ойы жырақта, басқа әлемде жүреді. Ұстазы А.Тарковскийдің «Сталкер» фильмінде басты рольді сомдаған. Сол фильмі үшін «Оскарға» да ұсынылған. Кейде біздің Тілектес Мейрамов та сол Саша Кайдановский сияқты. Н.Михалковтың сол А.Кайдановский түскен фильмі бар. «Свой среди чужих, чужой среди своих» деген. Өзіміздің ішіміздегі бөтен кісі, жат. Кейде ол осылай көрінеді. Кейде ол жайлы дәл осындай ойға қаласың. Себебі, ол – үндемес. Ұлы Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – мылқау, И.Тургеневтің «Герасимінде» – му-му, Киплингтің «Мауглиінде» –Маугли, В.Гюгоның «Париж Құдайана шіркеуінде» – Квазимода да үндеместер. Не көп сөйлемес кісілер. Әлде Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізінде» – Шал, болмаса Ш.Айтматовтың «Теңізді жағалай жүгірген тарғыл төбетіндегі» – Орган қарт – көп сөйлемес – тұйықтар.
Тілектестің өнер көгінде жарқ етіп көзге түскен кезі Ә.Мәмбетовтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакліндегі Қозының ролі. Бұл қойылым Ә.Мәмбетовтің үлкен суреткер ретінде қалыптасқан шағы-тын. Жалпы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – әдебиетіміздегі інжу-маржандарымыздың бірі де бірегейі. Бір жарым жылдық тарихы бар эпосымыз. Қырғыздардың «Манасы» болмаса, Әзірбайжан бауырларымыздың өздеріне теліп жүрген «Қорқытпен» қатар тұрған біздің мақтанышымыз. Эпоста екі ғашықтың іңкәр сезімі, оларға қастандық жасаушы қара күш айтылады. Бір сөзбен айтқанда мәңгілік тақырыптар. Жетімдік, жесірлік, озбырлық, батырлық, байлық, кедейлік. Егер көне Рим, Византия, Грекия өздерінің сәулетімен, көркемсуретімен мақтанса, бізде аузымызды толтыра айтатын осы эпосымыз «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» емес пе?


Тілектес – Қозы Көрпеш, Торғын Тасыбекова – Баян сұлу, Асанәлі Әшімов – Қодар, Әнуар Молдабеков – Жантық. Нағыз төрт таған, квартет. Бұл спектакль М.Әуезов театрының ең бір сәтті де тәтті шыққан қойылымы болатын. Сол себепті де 1980 жылы әкемтеатр Франциядағы Нант қаласына осы қойылымды алып барған. Тілектес қап-қара қою шашы желбіреп тас үстіне секіріп шыққанда оның қазақ өнерінің биігіне шығуға ұмтылғаны болатын. Оның бойындағы тазалық, адалдық, қорғансыздық, сенгіштік, ақкөңілділік, ең бастысы оның таза махаббаты сахнадан ескен көктемге самалдай бейкүнә еді. Мүмкін сахнаның біз білмейтін, оны қарапайым сөзбен айтып жеткізе алмайтын қасиеті – бойыңдағы клеткаң, жан-жүрегің, алпыс екі тамырың, құйқаң, төбе шашың – осы бұлаң сезімге елту, құлау, сенуден болар. Сахнадан айқайлаған батырды да, күлкіден домалап көзіңнен жас аққанша күлетін комедияны да, жылағанда партер тұрмақ, балкон да «аһ» ұратын трагедияны да ойнауға болады. Ал, ең қиыны – махаббатты ойнау. Сүюді көрсету. Сенің кейіпкеріңнің шын ғашық екеніне көрерменді нандыру. Бұл қиынның қиыны.
Тілектес Мейрамов өнерге ойда-жоқта келеді. Әуелі, «Зооветке» түсті. Бір кезде Асанәлі Әшімов те дәл сол зооветке барам деген. Әкесі Уахит ауылдағы сыйлы азамат еді. Колхоз бастығы, совхоз директоры дегеніңіз ол кездерде үлкен қызмет болатын. Ал, Уахиттің ағасы Мақажан қайда көшсе, сонда бірге көшіп-қонып жүре беретін. Тілектестің негізгі биологиялық әкесі осы – Мақажан. Бірақ бауырына басқан Уахит болатын. Бұл өзге халықта жоқ, тек қазақ халқында ғана бар, әлі күнге осы құбылыс ғылыми түрде өз бағасын ала алмаған дәстүр. Нағыз адамгершіліктің, туыс-бауырмалдықтың, тіпті, үлкен гуманизмнен туған… Қазақта ғана бар жөн-жоралғы. Осындайда Тұманбай Молдағалиевтың өлеңі еріксіз еске түседі.
Екі әкенің, екі ананың ұлымын,
Екі ананың бірдей алдым жылуын.
Екі әкенің өжеттігін алдым мен
Екі әкенің жығылмаған туымын.
Иә, Тілектес те дәл осы Тұм-ағаң сияқты. Екі үйдің, екі шақырақтың махаббатына бөленіп өсті. Бірақ, Тұм-ағаң бала кезден бірден «ақын» боламын деп шешсе, Тілектес мектеп бітірген соң «құрылысшы» болғысы келді. Ол кезеңде қазақ үшін, әсіресе ауылдық жерде екі мамандық ер азамат үшін сыйлы болатын. Не зоотехник, не инженер… Тілектес осы екі мамандықтың да басын шалды. Екеуінің де соқпағына шығып көрді. Алайда ол басқа жолды таңдады. Қазақта екінің бірі – әнші. Тілектес те осы әнге құмар-тын. Оның үстіне Арқа жері, Қарағанды өңірі – өнерлілерге бай өлке. Ақын-жырау, сал-серінің отаны. Тәттімбет, Мәди Бәпиұлы, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Ақселеу Сейдімбековтердің кіндік қаны тамған жер. Тілектестің де әжептеуір дауысы бар. Қазақша, орысша айта береді. Әр кәлләда – бір қиял. Тілектес те бала кезінде «әнші болсам» деп ойлайтын. Бірақ арман-қиял өз алдына, ал әкенің жоспары өз алдына. Тілектес Қарағандыдағы политехникалық институтқа түсуге келген.
Уахит ұлының зооветке бармағанын түсінді. «Жарайды, сиырдың соңынан жүріп, зоотехник болғың келмесе, онда политехке бар. Галстук тағып, инженер боласың» деген. Алайда, бір күні Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінен хабарландыруды көзі шалып қалды. Онда облыстық С.Сейфуллин атындағы театрда бір жылдық театр студиясына шәкірттер жинап жатыр делінген. Тілектес не де болса, соған баруға бел шешті. «Не де болса, әйтеуір, өнерге бір табан жақын ғой. Облыс болғанмен ол кезде Қарағанды театры ел ішінде ауызға ілінген абыройлы театр болатын. Өйткені, онда Мүлік Сүртібаев, Әйкен Мұсабекова, Әнуар Молдабеков сынды үлкен актерлер еңбек еткен театр-тын. Әсіресе, Мүлік аға ол кезде өте танымал болатын. Ол түскен Павел Боголюбовтың «Қыз бен жігіт», Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» халық арасында өте ыстық фильмдердің бірі-тін. Тілектес те «Нар тәуекел» деп осы студияға келді. Ол кезде Хусейн Әмір-Темірдің жас кезі. Амангелді Тәжібаев та жалындап тұр. Әсия Аблаева апайдың да сол жас шағы. Міне, Тілектеске осы кісілер дәріс берді. Оның үстіне А.Шнайдерман – қазақ театрының бас режиссері. Жас Мейрамов осы театрдан көп нәрсе үйренді. Көп нәрсеге көзін ашты. Ең негізгісі өнер тек өлең айтудан тұрмайды екен… Оның ішінде де сан-саласы болатынын, әсіресе актерлық мамандықтың бар екендігіне көзі жетті. Жал-жал толқынды өзеннің кей жерінде иірімі болатыны сияқты өнердің де адамды еріксіз баурап, үнсіз тартатынын бас кезінде ол байқамай қалған. Өзінің курстастарымен бірге алғашқы кезде көпшілік сахнасына шыққан. Қара көлеңке залдан қадалған сансыз көздердің сиқыры барын санасымен түсінбесе де, түсінігімен ұққан. Бірақ, бір жыл зыр етіп өте шықты. Нағыз оқу орнының Алматыда екенін біледі. Әсіресе, онда үлкен-үлкен ұстаздардың барын білді.


Әсіресе, аты дүрілдеп тұрған Асекеңнің бар екенін естіді. Асекең – Қазақстанның Халық артисі, профессор, алғашқы профессионал режиссер. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абайын» алғаш қойған тұлға. Бір қызығы, Асекеңнің үйіндегі Күлән апай – жерлес. Тек жерлес қана емес, туыс болып келеді. «Суға кеткен тал қармайды». Баласының бетінен қайтпасын білген Уахит сол Күләш апайға телефон шалған. Мән-жайды білген. Ол кезде актер мамандығына екі жылда бір-ақ қабылдайтын кез. Бірақ биыл Асекең қабылдайды екен. Қазір бірінші топты қабылдап, бала жетпей оңтүстікке кеткен екен. Жақында екінші тур болатынын естігенде қуанып кетті. Сөйтіп Сейділ Талжанов деген туысымен Тілектес алғаш рет Алматыға ұшты. Таңғы 7-де оны Фурманов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы Асекеңнің үйінің алдына тастап кеткен. Тілектес Күлән апайының үйіне, дұрысы, Асқар Тоқпановтың пәтеріне имене көтерілді…
Көп ұзамай Амангелді Ұзақбаев, Қарабай Сатқанбаев, Сердеш Қажымұратов, Мұхан Шәкіров, Ерғали Оразымбетов т.б. балалармен І-курстың студенті болған.
***
Тілектес Мейрамов бір кездері театр­дан кетіп, Мәдениет министрлігінде қызметкер боп істеді. Көп емес, 11 ай, 11 күн. Сосын қайтып келді. «Қайтқан малда береке бар» деген осы болар…
***
Ұстазы Асекең – Асқар Тоқпанов бұлар ІІІ-курсқа келгенде Жамбылға кететін болды. Аяқ астынан бұзылды. Облыстық қазақ театрына бас режиссер боп бекіді. Асекең – қазақ өнерінде өз орны бар ерекше тұлға болатын. Ешкімнен тайсалмайтын «Бетің бар, жүзің бар» демейтін кісі-тін. Жас актерлер болмай тұрсын, тіпті үлкен Серке Қожамқұловтар да Асекеңнен именетін. Өйткені, оның сөзі мірдің оғындай, бір сөйлесе тоқтамай, ұзаққа шабатын сәйгүліктей ноқтаға бас имейтін. Сосын оқығанынан тоқығаны көп, Абайды жатқа соғатын, сөз сөйлесе мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін, кейде тіпті өзі актер болып кететін нағыз ұстаздың өзі болатын. Бірақ нар тұлғалардың тағдыры оңай емес. Асекең де өмірінде көп қиындық көрді. Партиядан бір емес, екі рет шығып кеткен тентек мінез талант болатын. Содан болар басшылардың көбі Асекеңнен алыс жүруге тырысатын.
Иә, сөйтіп Асекең курсын Шолпан Жан­дарбековаға тапсырып, өзі Жамбылға кетті. Шолпан Жандарбекова Қазақ­станның Халық артисі, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» киносындағы Баянды экранда сомдаған актриса. Ұлы Құрманбек Жандарбековтың жары. Көзі үлкен, дауысы сыңғырлап шығатын, мінезі тұйық кісі-тін. Бірақ студенттерін өзінің балаларынан кем көрмейтін, қолындағы барын беруге аянбайтын еді. Тілектесті М.Әуезов театрына алып келген осы ұстазы болатын. Дұрысы, екінші ұстазы. Иә, Тілектестің бұл өмірде екі әкесі, екі шешесі, екі ұстазы болған…
***
Тілектес – өте тұйық. Дос дегенге талғаммен қарайды. Сондықтан да болар Тілектес көбінде жалғыз жүреді. Жалғыз өзі ой түбіне батады. Жалғыз өзі кейде театр­да дайындалып жатады. Партнері жоқ болса, мейлі өзі жалғыз моноспектакльде де ойнай береді.
****
Тілектес әскерден келген соң театрға бірден араласып кетті. Көп ұзамай М.Әуезов театрының Москвадағы гастролі басталған. Әлемге әйгілі Кіші театрда қазақ өнерінің зор абыройы да қуанышты күндері де болатын ол. Сол сапарда М.Әуезов театры шымылдықты Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен ашты. Бұл кезде Кіші театрдың дүрілдеп тұрған шағы. И.Смоктуновский, Ю.Соломин, М.Царев, И.Ильинский, Б.Бабочкин, т.б. бар кезі еді.
19 мамыр күні дәл сол М.Әуезов театрының гастролі болатын күні Асекең – Асқар Тоқпанов Қарағандыға барады. Тойдың беташарын Асекең ашады. Кіші театрдың артистерін тізіп келіп, дәл қазір сол сахнада мына Уахиттің ұлы Тілектес Мейрамовтың ойнап жатқанын айтқанда, ел-жұрт гүрр ете қалады. «Қара баласының» Алматыда оқығанын білгенмен не бітіріп жүргенін білмейтін әкеге бұл төбеден ойнаған найзағайдай әсер еткен… Қуанған… Сенер-сенбесін білмей абдыраған, толқыған, дегбірсізденген… тіпті көзіне жас алған…
Әттең… бірақ әкесі Уахит ұлының сахнадағы ойынын көрмей кетті. Алайда, «әкең өлсе, өлсін, әкеңнің көзін көрген, өлмесін» деген… Басқа ел-жұрт ағайын-туған, ауылдас, жерлертер Тілектес Мейрамовтың ол Қозысын бір емес, бірнеше рет тамашалады. Тек Арқа жері емес, Алтайдан Атырауға дейінгі Қазақ елінің басым көпшілігі жас актер, талантты Тілектестің өнеріне куә болды. Тәнтіді.
***
Тілектес Мейрамовтың бүгінде шәкірттері жетерлік. Ол 2001-ден 2007-ге дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының директор-көркемдік жетекшісі болып қызмет етті. М.Әуезов театрында 30 жылға жуық актер болды. Ол Қозыдан басқа «Амангелдіде» Байғара, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Ознобин, А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Жұмат, «Қыздай жесір — штат қысқартуында» Еркін, (А.Жағанованың «Беймаза әйелінде» Мәлік, «Жан алқымында» Ақан, Н.Әбутәлиевтің «Өттің дүниесінде» Жәңгір, Иранғайыптың «Шыңғыс ханында» Шыңғыс хан, Ә.Кекілбаев, «Абылай ханында» Қалдан Серен, т.б. қырыққа жуық образдарды сомдады. Тілектестің Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында ойнаған рольдері де жетерлік. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» –Қарабай, Е. Жуасбектің «Антивирусында» – Асан; Т.Джюдженоглудың «Көшкінінде» – ақсақал; Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Науан, Р.Отарбаевтың «Көлеңкесіз жолаушысында» – Әкесі, Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Аркында» – Кошон, В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналарында» – Лукьянов, М.Әуезов «Абайында» – Абай, А.Чеховтың «Ваня ағайында» – Ваня ағай бейнелерін кескіндеді.
Осы жерде оның Қ.Қуаныш­баев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында В.Ежовтың пьесасы бойынша қойылған «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклінде полковник Лукьяновтың бейнесі. Бүкіл саналы өмірін Ел үшін, Отан үшін арнаған майдангер. Қарапайым солдаттан Үлкен қолбасшыға дейін бәрін білетін, бәрін танитын, ар-ожданын бәрінен биік қоятын полковник. Аяқ астынан істі болған қазақ жауынгерін Пернебек Боранбаевты Сібірге жібермей, бар жауапкершілікті мойнына ала білген ақсақал жауынгер. Өз басын өлімге тігіп, соңында қол басшыға кетеді. Нағыз жауынгерлер сияқты. «Честь имею» деп кеткен… Оң қолын шекесіне сарт еткізіп, қасындағы офицерлерімен қимай да қинала қоштасқан сәті. Лукьянов-Мейрамов осы рольге ерекше дайындалған. Әрбір дайындық тек актер үшін ғана емес, режиссер үшін де, партнерлері үшін де үлкен мектеп, үлкен қуаныш болатын. Әншейінде де сөзге жоқ Тілектес Мейрамов бұл жолы да сол образға еніп кеткен. Иә, бұл Тілектес… көзінде мұң, қабағы қатулы… Қарапайым жауынгер – баласындай кіші сержант үшін жанын қиюға дайын… Актер соңғы сахнада дауысы дірілдеп, қасындағы офицерімен қоштасқан. Ақсүйек. Басынан башпайына дейін интеллегент жан… Тілектестің көзінде, дұрысы жанарының түкпірінде жас… Бірақ шығармайды, көрсетпейді. Өйткені, нағыз офицер жылауға тиіс емес…
Кезінде қапылыста көз жазған ұлын дер кезінде аяламай қалғаны үшін бе, әлде әкелік сағыныштың сары ала зары ма… Біз білмедік… Біле алмайтын да шығармыз… Тіпті оны білудің де керегі болмас. Бізге керегі үлкен актердің бұл ойыны сол Мәскеудегі «Золотой Витязь» байқауында «Алтын дипломға» ие болды. Сондықтан болар, үлкен театр сыншысы Константин Щербаковтің «Известие» газетінде Тілектестің сөзімен басталған «Честь имею» мақаласы жарық көрді.
Иә… Көп сөйлемейтін, бірақ көп ойланып, қыруар іс бітіріп жүрген Қазақстанның Халық артисі, профессор Тілектес Мейрамов бүгінде 70-ке толған… Онда да ешкімге жар салмай, айқайламай, аттандамай келген. Үндемей келген… Өйткені ол солай… Үндемес.

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. Шаханов Асанәлі Әшімов туралы: «Ұлт алдында қалды оның бар беделі шашылып»
  2. Асаналі Әшімов: Дүниежүзілік театр фестивалінің Астанада өтуі еліміздің өскендігін көрсетеді
  3. Есімі ешқашан ұмытылмайды
  4. БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРАШТАРЫН БҰҒАУЛАУ КЕРЕК
  5. ЕЛ ҚҰМАНЫМЕН – ЕР ТӨЛЕГЕНІМЕН ҚОШТАСТЫ (видео, фото)
  6. Асанәлі Әшімов: Бұл құрмет Елбасыға ғана емес, елімізге көрсетілген құрмет!

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.