СӨЗБҰЗАРДАН ӘНБҰЗАРҒА АЙНАЛМАЙЫҚ...

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының тұңғыш лауреаттарының бірі, «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы бас редакторы, сондай-ақ кезінде қазіргі «ҚазАқпарат» агенттігінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған ардагер қаламгер Исламғали Бейсебаевтың жас қаламгерлерге арнаған ой-пікіріне құлақ түргенде. 1. – Мерзімді саяси, қоғамдық басылымда еңбек етіп, нәпақасын содан айыратын журналист ең алдымен, қалай дегенмен де, белгілі бір қоғамның, қозғалыстың, ағымның, т.с.с. жаршысы. «Кімнің жерін жайлап, шөбін оттасаң, соның сойылын соғарсыңның» кері. Бұл – заңдылық. Бұған көнбегеннің алды ашық, қол-аяғы азат. Талай журналистің орнын таппай, шықпаған төбесі қалмай жүргені де сондықтан. Тіпті, тәуелсіз басылымдардың өзінің демеуші – иелері бар. Толық тәуелсіз болу үшін өзің қожа, өзің би болуың, басылымды өз қаржыңа шығаруың керек. Ондайлар қайдан табылсын?!. Марқұм Алдан Айымбетов ақсақал ғана сондай қадамға барып, «Қазақ правдасын» шығарып, бір ерлік жасап еді. Бұл үшін соның қандайлық құқайларды көргенін жұрт біледі. Дегенмен, талай шындықтың бетін ашып, біраз мықтының пәпігін басып кетті жарықтық. Осыдан келіп шығады: журналистік те кәсіп, ал әр кәсіптің өзін ұшпаққа жеткізер шеберлігі, ұстанымы болуға тиіс. Мысалы, кез-келген кәсіпкер өз өнімінің маркасын ұстайды. Тым сәнді, сапалысы өндірушіге де, алушыға да қымбатқа түседі, сапасызының сыры белгілі; көпшілік үшін ең дұрысы – сән-сапасы да, бағасы да тәуір, орташа өнім. Журналистің өнімі – мақаласы, жауапты – өзі, тақа басы. Бірақ қайткен күнде де проблемадан қаша алмайтындықтан (әңгіме қоғамдық, саяси басылымның журналистері туралы болып отыр), ол мәселеге шама-шарқынша бойлауға, соның нәтижесінде өзінің ұстанымын танытуға мәжбүр. Әрине, ашық айтуға, түсіндіріп немесе ұшындырып айтуға болады. Бұл енді оның ұстанымынан стиліне, шеберлігінен этикасына ұласады. 2. – Сөз орайында тоқталуға тура келеді, мен бүкіл саналы ғұмырымда партиялық басылымдарда, мемлекеттік ақпарат агенттігінде еңбек еттім. Аудандық, қалалық, облыстық газет редакцияларында журналистік, басшылық қызметтерде болдым. Сексенінші жылдардың екінші жартысы жариялылық аталған кезең журналистикаға, әсіресе газеттерге соны леп әкелді. Ашықтық, батылдық үрдіске айнала бастады. 1988 жылы қазақ өнері мен мәдениетінің үлкен қамқоры, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеолог-хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей бастамасымен (бұл үшін қаншама жүгіріп, әрекет етті десеңізші!) ашылған қазақтың тұңғыш кешкі газеті «Алматы ақшамының» алғашқы редакторы болу бақыты маған бұйырды. «Ақшамның» атынан басталған күрес («ақшам» – намаздың аты деп «саяси қырағылық» танытқандар алдымен Орталық партия комитетінің белді қайраткерлері арасынан шыққан) газетті таныту, оқырман тарту, таралымын көбейту секілді михнаты мол бейнетке ұласты. Ол өз алдына ұзақ әңгіме, мен бірер сәтін ғана еске салайын. Сол жылы Орталық Комитеттің ұлтымыздың үш арысын ақтау туралы қаулысы шыққан. Оның алдында осы қаулыны қабылдау жөнінде комиссия құрылғаны мәлім болды. Біз қаулының жариялануын күтпей, басқа басылымдардың алдын орап кету үшін Батырхан Дәрімбетовтің үш арыстың бірі Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы көлемді мақаласын жариялап жібердік. Газет кешке шықты, ертеңіне Орталық Комитетке шақырылдым. Міне, насихат бөлімінің екі нұсқаушысы (бірі марқұм болып кетті, екіншісі саламызда өте беделді қызмет атқарып келеді) ЦК ғимаратының ұзын дәліздерінің бірімен мені бөлім бастығы Альберт Устинов жолдасқа алып келе жатыр. Республикадағы бас ғимаратты тұңғыш рет осындай жағдайда көремін деп кім ойлаған. Бірақ бұл екеуінің жазығы жоқ, тәртіп солай. Қайта, не үшін айыпты болғанымды алдын-ала түсіндіргеніне рахмет. А.Устиновке айтар уәжімді іштей дайындап келемін... Не керек, ЦК-ның қаулысы шықпай тұрып, М.Жұмабаев туралы материал беру саяси қателік деп табылды, бұл үшін маған шара қолдану қалалық партия комитетіне тапсырылды (мұны Устиновтің өзі телефон соғып орындады), ал Б.Дәрімбетов мақаласының жалғасын аталмыш қаулы жарияланғаннан кейін беру керек деп шешілді. ЦК-нің өзінен бірден редакцияға телефон соғып, бас­паханада беттеліп қойған мақаланы алып тастауды, оқырмандарға оның жалғасын Орталық Комитеттің қаулысы шыққаннан кейін жариялайтынымызды айтып ескертпе беруді тапсыруға мәжбүр болдым. «Ақшам» сол күні киоскілерге кеш түсті... Сонымен, бір-біріне «шақшаң бар ма?» деудің орнына «Ақшам бар ма?» дей бастадық деп қалжыңдайтын оқырмандар ЦК-ның қаулысын екі айдай сарыла күтумен болды. Бір қызығы, Мағжан туралы мақаланың жалғасы аталмыш қаулы шыққаннан кейін емес, қаулымен бір күні жарық көрді. Ертеңгілік газеттерде қаулы шыққанын көрісімен, баспаханадағы ақшамдықтар сол күні түс қайта киоскіге түсетін кешкі газетімізге бұрыннан теріліп дайын тұрған материалдың қалған бөлігін салып жіберді. ЦК-нің бір нұсқаушысы «бұларың қалай, ертең бермедіңдер ме?!» деген. Өздеріңізбен келісілген ескертпенің мәтінінде «бір күн кейін берілсін» делінбеген. «Қаулы шыққаннан кейін» деп көрсетілген. Қаулы таңертең жарық көрді. Ал мақаланың жалғасын біз түстен кейін жарияладық. Демек, «Қаулы шыққанннан кейін жарияланады» деген ескертуді орындадық деп жауап бердім мен. Біз Устинов үстемдігінен осылай есе қайтардық. Жалпы, оқырманға танылу, таралымды көбейтуді мақсат тұтқан біз ақшамдықтар тақырыптар мен айдарларға ерекше көңіл бөлдік. Ашық, батыл болуға күш салдық. «Қайнайды қаның» деген айдармен ұлт намысын қоздыратын мәселелерді қозғадық. Бұл сол кез үшін тым дөрекі, ерсі болып көрінді. Тіпті, белді басылымдардың бірі Абай өлеңінің мұнан тым сыпайы болып келетін «Ашиды жаның...» деген екінші жолын айдар етіп, дұрысы осы емес пе деп бізге үлгі көрсеткендей болды. Кейін «Ана тілі» газеті «Қайнайды қаныңды» тұрақты айдар етіп алды. Қай айдардың дұрыс екенін уақыт осылай көрсетті. Иә, шенеуніктер, әсіресе, идеологиядағылары сол кезде әлі жау саналатын Мюнхеннің «Азаттық» сияқты радиостанцияларының хабарларынан (әрине, бізге қатыстыларынан) үзінділер топтамасын «Құлақтан кіріп... ойды алар» деген айдармен жариялап отырғанымызды да жарата қоймады. Бірақ өлең жолының бір әрпін өз мақсатымыз үшін алып тастағанымыз үшін Абайдың аруағынан кешірім сұрағанымыз болмаса, шенеуніктерден бұл үшін кешірім сұрай қоймадық. Абай әннің құлақтан кіріп, бойды алатынын жазбай таныса, біз радионасихаттың да құлақпен кіретінін, бірақ бойды балбыратпай, оймен сананы алатынын аңғардық деп ойладық. Қазір тағы бір белді басылым пайдаланып жүрген «Сырт көз сыншы» деген айдарды да алғаш рет «Ақшам» қолданды. Онда шет ел басылымдарындағы өз қоғамымыз сыналған материалдарды аударып беріп отырдық. Мұндай маман журналистер, саясаттанушылар өзімізде ол кезде әлі жоққа тән еді. Басқа басылымдардан топтама беріп отыру да қазіргі газеттер үшін үйреншікті іске айналды. Бұл да «Ақшам» бастаған үрдіс болатын. Айырмасы – біз «Басқа басылымдардан» және «Қазақ басылымдарынан» деп жарыстыра, салыстыра жариялайтынбыз. Алғашқысын «Орыс басылымдарынан» деп беруге, рас, батпадық. Әйтпесе, осы айдар сұранып-ақ тұр еді.... Осылайша «Ақшамның» да, ондағы журналистердің де ұстанымы (позициясы) қалыптасты. Алайда ұстаным бар да, іш таным бар. Ішкі дүниең не дейді, нені қалайды, ортаң не дейді, қоғам не дейді. Сондықтан, бұл екі үрдісті үйлестіру оңайға соқпайды. Қоғамды сынау да оған қызмет ету екенін талайымыз біле бермейміз. Мұндайлар, әсіресе, шенеуніктер арасында көп. Бірақ осының өзі де заңдылық. Биліктің де өз ұстанымы бар. Ұстанымдарының ұстасуынан әдетте, бір жақ, яғни билікті сынаушылар жапа шегіп те жатады. Ұстаным мен ішкі танымды үйлестіру үшін, таразының екі басын тең ұстаған секілді, журналистер сынаған субъектісінің шымбайына батырса да шамына, арына тимей, шектен шықпай сілкілесе, «мақтамен бауыздаса» деймін. Манадан бері айтып отырғаным, «мен, мен едім» деп мақтанудың емес, өмір тәжірибесі көрсеткен сақтанудың қамы деп түсінгейсің, қаламдас іні, қарындастарым! Әрине, сақтан дегенде, бұғып қал демеймін, бірақ шектен де шықпа, орташа, әділ ұстанымда бол деймін. 3. – Журналистің басты құралы тіл екені даусыз. Сонымен бірге тілді үйретуге, дамытуға, кей тұстарда керісінше, оны бүлдіріп, ластауға да басылымдардың әсері мол екені анық. Әсіресе, ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін толық, талассыз жеңіп алуы үшін күрес жүріп жатқан қазіргі кезде журналистер тіл тазалығын қатаң сақтап, таза сөйлеп, дұрыс жазуда үлгі болуға тиіс. Өйткені, тасқа басылған сөздің әсер күші ерекше болады. Жұрт соған жүгінеді. Қайталана берген сөз қате болса да, көз, құлақ үйрене келе сіңісті болып кетеді. Кезінде «самолетті» «ұшақ» деп алғанда талайымыз үрке қарағанбыз. Бірақ, қапелімде одан тәуір ештеңе ұсына алмадық. «Ұшақ» сөзі міне, сіңісті болып кетті. Кейінірек сөздіктерді аударыстырып, ойланып-толғанып көрсем, «самғауық» деген сөз бұл атауға дәл келеді екен. Ракетаны «зымыран» деп кеттік қой, сол сияқты «самғауық» немесе «самғауыр» сөзінің түбірі «самғау» болғандықтан, дыбысталуы да «самолетке» ұқсастығы себепті, ә дегенде осы атау қолданымға түскенде дұрыс қабылданып кетері сөзсіз еді! Әдетте журналистер, әсіресе, күнделікті газет шығаратындары, эфирде, экранда сөйлейтіндері сөз қолданымды асығыс, жөпелдеме әрекетке көп барады. «Дүңгіршік» атауы да осындай жасандылықтың бір мысалы. Ешқандай сөздікте мұндай сөз жоқ. «Қаңғыр-күңгір», «даңғұр-дұңғыр (дүңгір)» деген дыбысты бейнелейтін сөздер ғана бар. Жарайды, «дүңгір» түбірінде мағына бар делік. Алайда ол «үйшік», яки шағын дүкен мағынасын бермейді ғой. «Дүкеншік» десе бір жөн. Әрі-беріден соң «дүңгіршік» делініп отырған «киоск» түрік сөзі екенін білмеген қаламдастарымызға не деуге болады?! Оны қазақы мәнермен «күйеске» немесе «киоскі» деп жазсақ, айтсақ неден кенде болар едік. Бүлдіргеніміз бір бұл емес, толып жатыр. Бірақ, айтпаса атасы өлетіндей бір сөз бар. Соны айтайын. Ол «дүкен» атауы. Тілімізде бұрын «магазин» де, «дүкен» де бар-тұғын. Тәуелсіздік алған соң «магазинді» орысқа қалдырдық та, «дүкенді» соның аудармасы ретінде күллі маңдайшаға іліп қойдық. Шынында, «магазин» араб сөзі де, «дүкен» – парсы сөзі. Алғашқысы дүние жүзіне тараған атау. Сауда орындарына, мекемелеріне қолданыла береді. Біз оны үлкен магазиндерге қолданып келдік. Шағындарын «дүкен» деп атадық. (Лавка – дүкен, автолавка – автодүкен). «Ұста дүкені» дейтін қазақтар әлі де бар. Қысқасы, сауда орындарының үлкенін – магазин, шағындарын дүкен десек орынды болар еді. Магазинге қазақы әуен беріп «мәгәзін» десе жетіп жатқан жоқ па?.. Асықпайық, халық қалай сөйлейді, білікті ғалымдарымыз не дейді, аңысын аңдып, соңын бағайық, білгішсініп, әркім өз ойымызға келген атауды тықпалай бермейік; әуелі өз сөз байлығымызға үңілейік, тіл заңдылығын зерттейік, одан соң орысша көрінген сөздің бәріне (Еуропадан келсе де) арабша, не парсыша баламасын жапсыра салмай, түркі тілдес бауырларымыздың сөздіктеріне де жүгінейік. Әйтпесе, өз кәсібіміздің атауы «журналисті» де жүз құбылтып жүре береміз. Дұрысы, меніңше, «журналист» те, «жорналшы» да емес, «жұрналшы». Иә, қазақты ерекше әнші етіп жүрген «ә», «ғ», «ң», «ө», «ү», «і» секілді ешкімде жоқ әріптер мен дыбыстардың бірі – осы «ұ». Бұл дыбыс-әріптерсіз қазақ тілі барлық махам-мәнерінен айырылады. Бір ғана «ң» дыбысын «ыңылдап» көріңізші! Ал мұнсыз қазақтың әні бұзылады. Яғни, осы бетпен кете берсек, сөзбұзардан әнбұзарға айналамыз. Сөйтіп, бүкіл ұлттық қасиеттен ажырай бастаймыз. Жә, бұл енді өз алдына бөлек, терең, күрделі әңгіме.

Жазып алған: Қ.САҒАТҰЛЫ

qazaqauni.kz