Астанада Еуразиялық әдеби форум өтуде

Бүгін Астанада "Адамзат. Шексіздік. Мәңгілік" атты Еуразиялық әдеби форумы өз жұмысын бастады. Форумды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзімен ашты, деп жазды abai.kz.

Әдеби форумға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен шетел қаламгерлері мен қазақ сөз өнерінің майталмандары жиналуда.

"Қазіргі заманғы сөз энергиясы" атты Еуразиялық әдеби форум екі күнге созылады.

20 қыркүйек күні сағ.10.00 де Тәуелсіздік Сарайында  форумның салтанатты ашылу рәсімі мен "Заманауи Еуразиялық әдебиет" кітап көрмесі және "Әдебиет және жаһандық мәселелер" мен "Аймақтық әдебиеттердің дамуы" атты екі бөлімнен тұратын пленарлық отырыс болады.

21 қыркүйек күні сағ.10.00 мен 13.00 аралығында "Hilton Garden Inn Astana"  қонақ үйінде 4 секция бойынша: "Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер", "Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер", "Драматургияның өзекті мәселелері", "Қазіргі заманғы аударма ісінің хал-ахуалы" тақырыптарында басқосулар өтеді.

Айта кетейік, әдеби форум Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өтуде.

Бүгін ресми ашылған форум делегаттары әлі де Астанаға ағылуда.