Сенат депутаты БЖЗҚ туралы: Қазақстан азаматтарының ақшасын инфляция жұтып жатыр

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына қатысты өз пікірін айтты. Депутат қор басшыларының қателіктерін атап, халықтың көкейіндегі ойларды дөп басып айтты. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі аbai.kz дерегін негізге ала отырып хабарлайды.

Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты:

- Біз кеше осы мәселені комитетте талқыладық. Мені қайран қалдыратын үш мәселе бар.

Біріншіден, бұл Қазақстан халқының бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры деп аталады. Яғни, халықтың қаржысы.  Ал зейнетақы қорының кірісі өте төмен. Инфляция жұтып жатыр. Ол дегеніңіз әрбір Қазақстан азаматының сеніп берген ақшасы ғой. Ол сол азаматардың ертеңгі пенсиясы.

Маған сайлаушылар арыз-тілектерін айтып жатыр. Осы қаржыны қорға емес, банктерге депозит ретінде салсақ бізге тиімдірек болар еді дейді. Қараңызшы, бір азамат банктегі депозитке 1 миллион салса, жылына 120 мыңнан көп кіріс көреді екен. Бұл дегеніңіз қазіргі қордағы кірістен 3-4 есеге үлкен.

Екіншіден, қордың шығыны көп. Мысалы, бізде 14 облыс бар. Алматы, Астана қаласы бар. Оған енді Шымкент қаласы қосылды. Бұдан өзге облыстар, облыстардағы шағын қалалар бар. Осы жерлердің барлығында дерлік зейнетақы қорының кеңселері жұмыс жасап жатыр. Міне, сол кеңселердің барлығын қор жалға алып отыр. Қазір штаттарында 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Енді қараңыз, әрбір жұмысшыны ұстап тұру үшін қор қыруар қаржы шығындайды. Мысалы, 1 адамға жылына 17 миллион теңге жұмсалады. Ол деген әлгі қызметкердің жалақысы, оның кеңсесі, оның керек-жарағы, оның іс-сапар шығындары т.б.

Сондықтан, мен оларға сол офистерді жалға алмай, сатып алуды ұсындым. Иә, барлығын бірден сатып алу мүмкін емес. бірақ кезең-кезеңімен жүзеге асыруға болады ғой. Биыл 1-2 кеңсе сатып алсын, келер жылы тағы солай...

Үшіншіден, Қазақстанда экономикалық белсенді, яғни еңбекке қабілетті адам саны 10 миллионды құрайды. Оның 6 миллионға жуығы зейнетақы қорына салым салады. Айлығының 10 пайызын. Ал тұрақты түрде жылдың 12 айында салым салып отырған адам саны 1,4 миллионды құрайды екен. Қалғандары жылына 1-2 рет қана салым салады. Сондықтан бұл үшінші мәселе. Кіріс өте төмен.

Осыдан кейін сұрақ туындайды. Бізде кезінде 78 зейнетақы компаниясы жұмыс істеді. Араларында бәсеке болды. Нарықтық экономика қатынастарына сәйкес, әрине. Сосын Үкімет осы Біріығай зейнетақы жинақтау қорын құрды да, жаңағы 78 компанияны әкеп біріктіріп тастады. Енді осы қорды қайтадан жекеменшіке бөлу туралы сөз шыға бастады. Сонда кезінде не үшін біріктірді? Логикаға сыймайды. Әуелі оны жинаймыз, сосын қайта бөлеміз...