«Канеломен» жекпе-жектен кейін дәрігерлер Головкинге 8 тігіс салған

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен жекпе-жек кезінде қабағын жарып алған. Жекпе-жектен кейін дәрігерлер Головкинге 8 тігіс салғаны белгілі болды.

Бұл туралы ESPN агенттігіне сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Головкин мексикалық қарсыласы Альвареспен жұдырықтасу барысында оң жақ қабағын жарып алған. Ол жекпе-жек аяқталғаннан кейін шаршы алаңда сұхбат берместен кетіп қалды. Белгілі болғандай, ол медициналық көмек алу үшін киінетін бөлмеге кеткен.

Артынша Головкин ресми баспасөз конференциясына қатысты. Ол «Канелодан» жеңілісіне қатысты пікір білдірді.

Айта кетсек, бүгін, 16 қыркүйекте, Лас-Вегастегі T-Mobile Arena-да 12 раундқа жоспарланған Головкин-“Канело” жекпе-жегі толық өтті. Кездесуде кімнің жеңіске жеткенін төрешілер шешіп, ұпай саны бойынша жеңісті Сауль Альвареске берді (115-113, 115-113, 114-114). Осылайша, отандасымыз  Геннадий Головкин спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тауып, орта салмақ дәрежесіндегі WBA Super, WBC және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылды.