"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



МАГНАТ МИТТАЛҒА ЕЛБАСЫНЫҢ ЕСКЕРТУІ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болып, өндірісті аймақтағы ірі кәсіпорындарды аралап, жергілікті халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайымен жақынырақ танысты. Облыс активімен кездесу кезінде президент өңірдегі өзекті боп тұрған экология, ауыз су, жылу мәселелерін шешу керектігіне баса тоқталды.

Президент Теміртауға мар­дым­ды жылу бере алмай жүрген «Арселор Миттал Теміртау» ком­паниясының басшыларын сынға алды. Өйткені, алып комбинат қана емес, қаланың басым бөлігі осы №2 жылу энергетикалық орталығына тәуелді. Егер станция тоқтап қалса тұтас қала жылусыз қалады. «Миталл мырзаға сәлем айта барыңыздар. Біздің Үкімет ол кісімен хабарласып бұл сұраққа жауап беруін талап ететін болады. Станцияның жұмысын шұғыл жаңарту қажет» – деген Елбасы өзі айтқан жылу-энергетикалық орталығына арнайы барып, жұмысшылармен жүздесіп, жылдар бойы жоспардан қалып келе жатқан жаңартуды тездету керектігін компания басшылығына қадап айтты. Өйткені, 60-ыншы жылдары салынған қазандық қуаты қалаға жетпей жатыр. Бұған 350 млрд. теңге қаржы қарастырған. Назарбаев станцияларды жаңар­тумен қоса, экологиялық сұрақ­тарды да шешуді тапсырды. Қарағанды облысында жыл сайын ауаға 600 мың тонна зиянды заттар шығарылады. Бұл республика бойынша ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың төрттен бір бөлігі.
Айта кетейік, шығын шығар­май қалтасын қалыңдатуды ғана ойлайтын миллиардер Лакшми Митталдың еншісіне тигелі бұл алып кәсіпорынның басынан бұлт кеткен емес. Шахталарда болған апаттардан ондаған кеншілер тірідей қара жерге көмілді, айлап айлық бермей жұмысшыларын зар илетіп, кәсіпорын кеңсесінде өзін-өзі өртеуге дейін жеткізгені белгілі. Кезінде премьер-министр болған Серік Ахметов облыс басшылары мен құқық қорғау орындарына компанияны жарты жыл бойы бүге-шүгесіне дейін жіті текесеріңдер деп тапсырма беріп өз басына бәле тілеп алғаны да аян. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысшыларды жақтап «Металлургтердің артында мен тұрмын!» деп ескерткені де Митталға маса шаққан құрлы әсер етпегенін білеміз. Қазақстанның байлығын сорып жатқан магнатқа қарсы қатал шара қолданатын кез жеткен сияқты. Алып кә­сіп­орынды алты айлық жерден, Лондонның төрінде жатып алып бақаратын Миттал мемлекет бас­шысының жолдаған дұғай сә­леміне бұл жолы не дер екен?..

Зейнолла АБАЖАНОВ,

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. ЕЛІМІЗДЕГІ ЕУРАЗИЯ ӘДЕБИ ФОРУМЫ ЖАЛҒАСУДА
  2. Зейнетақы қоры тағы да дауға қалды
  3. Абайдың басы Өскемендегі күл-қоқыстың арасында жатыр
  4. «МАЗАҚ болады!»: Жамбыл облысында шенеуніктер КЕНЕСАРЫ ХАНның ескерткішін ҚҰЛАТПАҚ
  5. Орынбасары парамен ұсталса министрдің отставкаға кетуі заңмен бекітілмек
  6. Заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтату қажет – Тоқаев

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.