"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Ахмет Байтұрсынұлының қонысын қастерлеу керек

Әдетте, болашақтан үміт еткен ұлт ұстазға құрметпен қараған. Ата-бабамыз «Молда бол!» деп бата бергенде, жаназа шығаратын адамды емес, балалардың көкірек көзін ашып, жүрегіне білім нұрын құятын адамды үлгі еткені анық.  Соны ұққан ұрпақ үшін ұстаздан биік тұлға болмаған.

Бұл тек біздің халыққа тән ұғым емес. Барша жұрт ұстазды құрметтеген, ұстазды пір тұтқан, ұстаздың өмір жолын насихаттап, ұрпаққа өнеге еткен.

Көрші елдің мысалына жүгінейік. Орыс халқы сауаттылықтың, білімге, ғылымға деген құштарлықтың ұрпаққа даңғыл жол, жаңа көкжиектер ашатынын көрсеткен  М.В. Ломоносовты солай дәріптейді. Ұстаз-ғалымның туған жерінде, сол заманның байшыкештері «аюдан басқа ешкім тұрмайды» деп менсінбей айтатын Архангельск облысының Холмогор ауданында Петр Челищев  ХVIII ғасырдың соңында-ақ Ломоносовқа ескерткіш қойған.

Кейін, 1832 жылы, ғалымға Архангельскінің Собор алаңында қоладан құйылған ескерткіш орнату үшін бүкілресейлік сауын айтылып, 46 мың рубль жиналған екен.

1947 жылы КСРО министрлер кеңесі ұлы ғалымның туған жерінде   ескерткіш орнату туралы шешім қабылдауы – ұстазды ұлықтаудың тағы бір үлгісі. Былай қарасаң, ел соғыстан енді ес жиып жатқан кезде одан да маңыздырақ шаруалар бар сияқты көрінер. Алайда, бұл қадамда жарқын болашақ – білімді елдің еншісінде екенін ұғып, білім нұрын сепкен тұлғаны дәріптеу арқылы ұрпаққа тәрбие беру мақсаты жатыр.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын?

Таяуда Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде болған әріптестерім: «Барсам деп жүр едің ғой», —  деп Ахаңның  туған үйін, оған қойылған ескерткіш тақтаны, А.Байтұрсынұлына қатысы бар басқа да бірнеше нысанды суретке түсіріп, маған салып жіберіпті. Барып көргендеріңіз бар шығар. Ондағы суреттерді көргенде менің қандай күй кешкенімді түсінерсіздер… Суреттерден көргенім: иен далада тұрған сылағы түскен  үй. Сыры кеткен қоршау. Жазуы өшкен тақтайша. Анадай тот басқан  темірмен жиектелген ұсқынсыз белгілердің тұруының өзі ұят. Әкелеріміз мұндайда «Сүйекке таңба» дейтін.

«Мына суреттен ұстаздың әкесі Байтұрсын ата жерленген қорымның қазіргі күйін көруге болады, — деп жазыпты суреттерді жіберген әріптесім.

— Қорым  Ахмет атамыз туған үйден 300 метрдей жерде орналасқан. Қоршаудың бір жақ беті түбегейлі, ал екі жақ бетінің бұрыштарындағы бекіткіш темірге дәнекерлеп  жапсырылған арматуралары жұлынып алыныпты. Сірә, ұрланып кеткен болар. Ұлты үшін туған ұлдың әкесін құрметтеу белгісі көзге түспеді. Қысқасы, қорымның жай-күйі ешкімнің бақылауында жоқ сияқты».

Осы жазбаларды оқығаннан кейін, бәлкім, ел болып қаражат жинап, оны ұлт ұстазы жарық дүниеге келген үйдің іші-сыртын жөндеп, айналасын абаттандырып, гүл егіп, ағаш отырғызып, келген жұртқа ұялмай көрсететіндей кешен жасауды қолға алу керек болар деген ой келді. Елден шыққан арлы, намысты азаматтар осы мәселеге мән беріп, үндеу тастаса, кеудесіндегі жүрегі «Мен қазақпын!» деп соққан әр адам қолдар еді деген ойдамын.

Камал Әлпейісова,

жазушы, филология ғылымдарының кандидаты

Қостанай таңы




Осыған ұқсас:

  1. Алаш астанасы болған Семей Патшалы Ресейдің гербінен қашан арылады?
  2. «АЛАШ АРЫСТАРЫНА ТАҒЗЫМ» ШЕРУІН ӨТКІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ
  3. ТРАГЕДИЯ, УНЕСШАЯ ПОЛОВИНУ КАЗАХОВ, ДЛЯ «АКИМОВ» – ПРАЗДНИК?
  4. Әкемді құлаған үйдің қабырғасымен көме салған – Ілияс Жансүгіровтің ұлы
  5. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ГҮРЖІ ХАНДЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ
  6. «Ақ жол» партиясы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын жариялады

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.