"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



ӨЗБЕКТЕН НЕГЕ ЖЕҢІЛДІК, Бекболат Қанайұлы!

Жиенбеков жүгенін ұстаған қырғыз жұртында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатыр, білесіздер. Күні кеше ғана Көкпардан жартылай финал ойындары аяқталды, деп жазды аbai.kz.

Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары кездесті. Несін сұрайсыз, атұстар ұлы тұлпар тақымдап, есін білгеннен ердің үстінде жүретін қазақтың «мен» деген командасы жартылай финалда жеңілді. Иә, асауды жаратып мінген атаның ұрпақтары, есек мінген қошынасына есе жіберді. Есеп 4:5. Сөйтіп, финалға шықпай қалдық.

Ал финалда алаң иелері, айыр қалпақ қырғыз туғандар бізді күтіп тұрған еді. «Көк бөрі» деп федерация құрып, көкпардан жыл сайын халықаралық жарыс ұйымдастырып жүрген өзіміздің қырғыз туғандар білек күрестіруге бізді күтіп тұрғанда, өзбек құрамасы өтіп кетті. Өкінішті. Жарайды, жарыстың аты жарыс. Біреудің бабы, біреудің бағы деген. Біз де сол әдетпен, үндемедік.

Сөйтсек, әлеуметтік желіде жарысты ұйымдастырып жүрген бір қырғыздың Қазақстан құрамасының жігіттеріне жекіп тұрған бейнежазбасы жария болды. Фейсбукте бұны Төребек Сағындықов деген жігіт жариялапты. Ал оны бөліскен өзіміздің Оғыз, Оғыз Доған. Көремін деушілер болса, мінекейіңіз:

Жә, әңгіменің төркініне көшейік…

«Былтыр, сендерге барғанда жап-жақсы ойнап бердік. Барлық ережелеріңе мақұл болып, ойнап бергенбіз. Астанаға мен барғанмын. Сол кезде қалай болды? Барлығына шыдап, ойнадық қой. Енді неге сендер солай ойнамайсыңдар? Ей, Мейіржан, ойнамайсыңдар ма?! Намыс деген бар ма, сендерде? Бұл спорт қой. Неменеге саясатты араластырып отырсыңдар? «Көк бөріден» неге сонша қорқасыңдар? Бұл ойын ғой, спорт қой. Жігітше ойнап, күліп жайнап кетпейсіңдер ме, елдеріңе? Өзбекстан өмірі көкпар ойнаған жоқ. Қайтіп ұтылып барасыңдар, елдеріңе? Қай беттеріңмен барасыңдар? Мен деген қазақтың намысты жігіттері келіп, біреудің астына жатып бергендерің, пазор болды ғой…».

Бұл әлгі бейнежазбадағы қырғыз жігітінің Қазақстан құрамасы ойыншыларына қарата айтқаны. Осының барлығын естіп отырған Қазақстан құрамасындағы бір жігіттің жауабы:

«Біз қолымыздан келгенін істедік. Сіздер дұға қылыңыздар…».

Енді негізгі мәселеге келейік. Мәселе, анау қырғыз жігіті айтып тұрғандай саясатта болса, оның силлуеті түсінікті.

Қазақстан мен Қырғызстанның арасы Атамбаевты арандатуынан кейін біршама суыды. Онсыз да екі жақтағы жұрт жақсы білетін бірлі-жарым әңгімені қырғыздың экс-президенті қызыл эмоциямен айтты. Бір кездері, ағалап жүрген ол, ағасының арқасына пышақ сұққандай болмаса да, екі елдің арасында дау тұтатып кетті.

Атамбаевтың ашынуына тигені – ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз тағына ұсынған кандидатурасы ұнамағаны болды. Атамбаев әлектеніп жүріп, өз партиясынан ұсынып шығарған, Мәскеудің мақұлын алып келген Жиенбековтің басты қарсыласы Өмірбек Бабановты Қазақстан Президенті қолдап шықты ғой. Алматыда екеуара кездесті де.

Осыдан кейін-ақ, шала бүлініп шыққан Алмас байке, ағасын ашық қаралап, бейсаяси дүниелерді даулап, долданды. Арада шекара жабылып, екі елдің кәсіпкерлері қып-қызыл шығынға батты. Қазақстан мен Қырғызстан арасында, көмір және су дауы қайта ушықты. Қойшы, қайсыбірін тізейік.

Міне, осыдан кейін, Қазақстанның ОА-дағы интеграциялық саясаты өзбекке қарай ойысты. Ислам әкә Каримовтің қазасынан кейін Өзбекстан тағы бұйырған Шавкат Мирзиев те ширақ ойлайтын жігіт екен. Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту үшін барын салды. Бірнеше кездесу өтті. Әрине, президенттік деңгейде. Бірнеше мемлекетаралық құжаттар қабылданды.

Қазір де, Өзбекстанмен қатынасымыз жақсы. Жылы. Ал Президенттік кресло бұйырған соң Сауранбай байке, әуелі Ресей Федерациясымен стратегиялық қарым-қатынасымызды реттейміз деді. Солай болды да.

Дегенмен, 2017 жылы Назарбаев пен Жиенбеков кездескенде, Сауранбай байке Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасынан қағып, «ағам» деп еді. Аға демекші, Атамбаев та «ағалап» жүруші еді ғой.

Енді міне, екі елдің арасындағы сол бір салқындық спортқа да сезіле бастаған секілді. Қазақстан мен Қырғызстан көкпарға қатысты дауласты, бұрын. Кейін әр тарап өз ережесін бекітіп, өз жөндерін тапқан. Енді міне.

Қазақстан құрамасы «Көк бөріден» қорықты ма, жоқ әлде қырғыз көкпаршыларынан ба? Бұл енді екінші мәселе. Аталған жарысқа барған Қазақстан құрамасы әуелде көкпар шабатын ат таппай, жұрт алдында масқара болған. Біздің құрама сол кезде жарысқа қатысудан бас тартты. Кейін, қырғыздар атын беріп, аяғында ұлттық құрама жартылай финалға жеткен.

Жартылай финалда өзбектерден ұтылып, үшінші орын үшін Ресей құрамасымен тартысатын болды. Сенесіз бе? Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол.

Қазақстан Республикасы  Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бар. Оның Президенті – Бекболат Қанайұлы Тілеухан. Бекболат Қанайұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат. Жоғарыдағы  бейнежазбадан кейін бұл жеңілісті саясатқа апарып тіреуден өзге жол қалмады, бізге. Бекболат Қанайұлы, айтыңызшы! Өзбектен көкпардан ұтылуымыз, қырғызға көрсеткен қырымыз ба? Өткенде ат жоқ деп, алатайдай бүлініп едік. Енді, міне, кірерге тесік таппай қалдық. Қазақты жерге қаратқан осы оқиғаға Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы ретінде Сізден жауап күтеміз.

Қырғыз жұрты Дүниежүзілік көшпенділер ойынын осымен үшінші рет өткізіп отыр. 50-ден аса ел келіп қатысып жатыр. Келесі ойын – Түркияда, содан кейінгісі Әзірбайжанда өтеді деп белгіленіп қойған.

Басқа-басқа қазақ ежелден көкпар тартады. Жүре келе сіңісті емес, туа бітті төл спортымыз. Қазақстанның көкпаршылары финалда қырғыздармен кездеспеудің амалын осылай тапқаны ма? Жоқ әлде, бұның артында сыбайлас жемқорлықтың желі бар ма?

Бұған біреу жауап беруге тиіс болса, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тізгінін ұстап отырған Бекболат Қанайұлы жауап беруі керек деп ойлаймыз. Қанша дегенмен, сөзге жүйрік адам ғой. Сөзіміз жерде қалмас…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz




Осыған ұқсас:

  1. «Жақсы интрига болды»: Айгүл Орынбек көкпаршылардың ватсаптағы аудиожазбасын жариялады
  2. Өзбек пен қырғыз көкпарының ерекшелігі қандай
  3. Бекболат Тілеухан желіде тараған видеоға қатысты жауап берді
  4. Бекболат Тілеухан өз орнын босатуға дайын екенін айтты
  5. Қазақ көкпаршылары бізбен ойнауға қорқып, өзбектерден әдейі жеңілді – Бегалиев
  6. Қазақстан құрамасы дүниежүзілік көшпенділер ойынында екінші орынды иеленді

Facebook арқылы пікір жазу



2 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Мұқағали Балқыбаев 7 Қыркүйек, 2018, 18:00

    Дастан деген азамат жазыпты интернетте: «Ұлттық спортқа Б.Тілеухан араласа бастағаннан-ақ (оның сұғынбайтын жері бар ма, өзі) түңіліп едім-ау. Сөзі көп, көсемсіген, білермендікпен кіріспейтін жері жоқ мұндай «тұлғалардың» пайдасынан зияны көп болады әдетте. Өмірінде көкпар тартпаған, аударыспақта сайыспаған, жамбы көздемеген, асауға бұғалық салмаған, керісінше, кабинет пен жиналыс залдарында күні өтетін, одан қалса, концерттерден, сайқымазақ қойылымдардан, бітіп болмайтын түрлі жиын-тойлардан қолы босамайтын адам ұлт спортын кері кетірмесе, өркендете алмайды. Қауымдастық тізгінін сол ұлттық спорт әлемінің ішінде өмір сүретін, фанат, нағыз кәнігі маман, бүгінгінің шын «көшпендісі» ұстауы қажет. Қызыл сөзбен орақ оратынның қолынан келетін іс емес. Жалғыз көкпар емес, осы уақытқа дейін жалпы есеп бойынша да екі рет қырғыздардың шаңын қауып қалдық. Биыл тіпті Ресейден алға жіберіп алатын түріміз бар. Масқара! Жалпы, ҚР спорт федерацияларынан жоғары лауазымды шенеунік, депутат, олигархтарды құмай қазақ спорты дамымайды. Ал Б. Тілеухан ұяты болса енді өз еркімен қауымдастық басшылығынан кетуі тиіс.»

  2. Мұқағали Балқыбаев 7 Қыркүйек, 2018, 18:14

    Намысты ақшаға сатып алғаныма сонда Қазақтың көкпаршыларын? Ат үстінде ата бабаларымыз намысын таптатбаған бермеген болатын.

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.