25 жылда 100-ден астам БАҚ қызметкері «Болашақ» стипендианты атанды

Бүгінгі таңда халықаралық бағдарламалар орталығында «Болашақ» стипендиясына өтінім қабылдау аяқталғаны туралы қорытынды жасалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Биыл республикалық комиссияның отырысында «Болашақ» бағдарламасына 555 стипендия тағайындау туралы шешім қабылданды. Барлығымыз білетіндей, 2014 жылы стипендияға үміткерлер тізіміне БАҚ өкілдері қосылды. Бүгінгі күні бұл санаттағы академиялық тағылымдама бойынша стипендиаттардың саны жүзден асады.

«Бітірушілер әлемнің түкпір-түкпірінен білім алды деуге болады. Мысалы, 44 пайызға жуығы Ұлыбритания мен Ирландиядан, 26 пайызы АҚШ пен Канададан және Еуропа елдерінен 8 пайызы, тағы да 14 пайызы Азия мен мұхит жағалауы елдерінен біліктіліктерін жетілдірді. БАҚ саласынан келіп білім алған болашақтықтардың саны 25 жылда 141 адамға жетті. Тағы бір атап өтерлігі барлығы да өз саласы бойынша жұмыс істеп жүр деуге болады» - дейді ХБО ғылыми-зерттеу және талдау бөлімінің бастығы Жібек Нұртанова.

Бағдарламаның мақсаты - ел экономикасының басым секторлары үшін мамандар мен қызметкерлер дайындау. Бағдарлама жоғары оқу орындарында ғылыми дәрежесін алу, сондай-ақ әлемнің жетекші компанияларында және университеттерінде ғылыми және өндірістік тәжірибелерден өтуді қамтамасыз етеді.

«Бүгінгі таңда халықаралық бағдарламалар орталығы 5 квота санатында академиялық дайындыққа үміткерлерді іріктеп алды: БАҚ өкілдері; ғылыми және педагогикалық қызметкерлер; инженерлік-техникалық қызметкерлер; мәдениет және шығармашылық сала мамандары; мемлекеттік қызметшілер. Сондай-ақ, «Болашақ» стипендиясына үміткерлер мен өз төтесінен тапсыратындар» - дейді ХБО Конкурстық процедуралар департаментінің директоры Айман Әубәкірова.

Қоғамда «Болашақ» стипендиясының қарапайым азаматтарға қол жетімді еместігі туралы пікір айтылады. ХБО-ның бұған берер жауабы да әзір. Мысалы Айман Әубәкірова ХБО-да 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейді, қазіргі кезде Халықаралық бағдарламалар орталығының конкурстық рәсімдер бөлімін басқарады. Ол «болашақ» стипенианты атанғысы келетін жастардың құжатын жинайды. Айманның айтуына қарағанда, «Болашақ» стипендиясына қарапайым халықтың қолы жетпейді деген жалған дақпырт.

«Мен Павлодар облысына қарасты ауылдардың бірінде оқыған бір қызды білемін. Ол барлығын жақсы оқыды, мектепте де алғыр болатын. Соңынан ол Британиялық университтердің бірінде оқып, үздік шетелдік студент атанды. Тіпті университеттің грантын жеңіп алды. Ол бакалаврды бітірген соң, оған оқу орны доктарантураға қалуға ұсыныс жасады. Ол елге оралған соң өзінің қалай оқығаны туралы, барлығын қалай тез әрі оңай меңгергені туралы ойымен бөлісті. Ол айтады: «Білесіз бе, бұл жол мен үшін өте қиын болды. Соған қарамастан менің қолымнан келді!» - дейді ол» - деп еске алады ХБО Конкурстық процедуралар департаментінің директоры Айман Әубәкірова.

Естеріңізде болса, «Болашақ» бағдарламасы 1993 жылы 5 қарашада Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған болатын. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік қарсаңында мұндай қадам жасалғаны орынды еді. Себебі, реформаларды жүзеге асыратын жоғары білікті кадрлар қажет екендігі айтпаса да белгілі. Осының негізінде Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында тұңғыш рет талантты жастарға шетелде білім алу мүмкіндігін жасады. Биылғы жылы бағдарламаның бастау алғанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде орталыққа 13 мыңнан астам стипендия беріліп, осынша жас шет елден білім алып келді.