Мирас Асан: Ұлым кетіп барады мектебіне

Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған, Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған, Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген, Дәптері де су жаңа тысталмаған,
Ұлым кетіп барады мектебіне, Биік шыңға балапан беттеді де! Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл, Қолы құлын жалына жеткені ме? Әліппесін қолтыққа қысқан көкем, Әріп көшін танымақ ұстам бекем! Сондай құштар өмірге, сондай ынтық, Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен? Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған, Тақта да үлкен білемін, парта да оған... Бес күн жалған ой жүгін барады асып, Бестегі ұлым ойыны тарқамаған... Білім – бәйге, жарыста жан сал күшпен, Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем. Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды, Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен. Алда сенің ақ арман, арай гүлің, Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн: Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме, Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла ұлым. Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған, Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман. Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс, Бірді бірге соғудан сақ бол, балам. Ақтап үміт арқамның босат жүгін, Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн! Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған, Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым. Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен, Шындыққа да берік бол шыған көшкен. Алты құрлық, төрт мұхит барлығын сүй, Алты Алашты бірақ та шығарма естен. Кетпес білем кей сөзім бірден ұнап, Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ. Ала допты болады сәл қууға, Ала жіпті аттама мүлде бірақ. Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң, Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң. Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап, Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам. Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай, Сол жолдарда ағартқан әкең самай. Мектепке анаң апарса қалай бүгін, Меккеге ертең сен де оны апар солай! Көздерімде қуаныш лағылы ойнап, Қадамыңа қараймын бәрін ойлап... Тарыдай боп мектепке кірген саған, Таудай талап тіледім, тарыдай бақ. Мирас АСАН