ШӘРИПА

«Әлемнің жыл адамы» атағына ие болған ғалым өз елінде неге еленбеді?

  Жадыра Дәрібаева, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әрбір дарынды тұлға бұл дүниеге жұртының мұңы мен ауыртпашылығын жеңілдетіп, қоғамға серпіліс, жаңа тыныс әкелетіні хақ. Жердің де кейбір аймақта қуаты ерекше болатыны белгілі. ХХ ғасырдағы орыстың атақты тарихшы ғалымы Лев Николаевич Гумилев айтқандай, мұндай жерлерде дүниеге пассионарлық қуаты бар тұлғалар келеді де, олар қоғамның дамуына, адамдардың сана-сезімінің өрлеуіне маңызды ықпал етеді. Қызылорда облысының Шиелі ауданының жері де сондай қасиетті мекеннің бірі. Арғы замандағы тарихи тұлғалар жайлы қозғамағанның өзінде, бұл аймақта, Кеңес заманы кезіндегі ел дамуына, халықтың санасына ерекше ықпал еткен тұлғалар да баршылық. Осы өңірдің Сұлутөбе ауылынан шыққан қазақ халқының арыстарының бірі, азулы қызыл империяның усойқы саясатына қасқая қарсы шыққан халқымыздың жүрегі түкті ұлдарының бірі, ірі тұлға Мұстафа Шоқайдың рухы мен күрескерлік жолы осы аймақта қалыптасқан. Ал 1960-шы жылдары күріш өндіруден әлемдік рекорд жасап, дүниежүзін таңқалдырған, екі мәрте «социалистік Еңбек Ері» атанған Ыбырай Жақаев атамызбен бірге осы өңірден өздерінің қайсар қуатымен, ерен еңбегімен атақты аналар да шықты, олар: екі мәрте Еңбек Ері күрішші Ұлбала Алтайбаева, Еңбек Ері комбайыншы қайсар қыз Жадыра Таспамбетова, Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаевалар қазақ қыздарының мықтылығын бүкіл алып қызыл империяға танытты. Халқымыздың рухын асқақтатқан шығармаларды дүниеге әкелген ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері де Шиелі өңірінен көптеп шыққаны белгілі. «Адам баласында мықты қалып­тасқан мінез-құлық, берік сенім болуы шарт» деген Мұхаммед Пайғамбардың қағи­дасын «Шиелі өңірі» газетінде отыз жылдан астам бас редактор болып қызмет еткен Зәкім Жайлыбай ағамыз өзінің тарихи-рухани толғаныстарға толы «Тіршілік таңына тағзым» атты кітабында келтірген екен. Сүйікті пайғамбарымыз айтқандай, әрбір дарынды жанның бойында сол қасиеттер болғанда ғана ол жұртына құт әкеліп, санада серпіліс тудыратыны анық, сонда ғана мұндай жанның қабілеттілігі де жан-жақты болып, арта түседі. Біздің осы мақалаға арқау еткелі отырған атақты ғалым Шәрипа Бисариеваның ата-анасы да осы қасиетті «Шиелі» өңірінің тумалары, қыпшақ руынан. 1960 жылы 19-ақпанда теміржолшы Сапарбекпен жары Базаркүлдің отбасында дүниеге тұңғыштары Нағимадан кейін екінші қыз бала келді. Оған Шәрипа деп ат қойған. Енді ұл күткен ата-анаға Жаратқан ие және бес қыздан кейін ғана екі ұл берді. Шәрипа аудандағы қазақ мектебінде үздік оқушы болды. Бала көңілі шарықтап, мамандықтардың бәріне қызығып, әр пәнді ерекше ынтықтықпен беріле оқитын. Аудан орталығынан біраз қашықтықтағы «Жас натуралистер» бекетіне таң бозарысымен тұрып, аптасына үш рет автобуспен қатынайтын. Сол жерде гүл егіп, қоян өсіріп, табиғатпен етене араласып, бекет бағында жұмыс істеп, екі сағаттан соң үйіне келіп, орталықтағы мектебіне қайта кететін. Тұлымшағы желбіреген осы оқушы қыз жолшыбай Мәдениет үйінің жанындағы кітапханаға да кіріп, оқыған кітаптарын тапсырып, басқаларын алып, асығып-аптығып, қоңыраумен жарысып мектепке кіріп үлгеретін. 2-ші сыныптан кітапқа, әрбір пәнге деген құмарлығы арта бастаған Шәрипа фото шығару, сурет салу үйірмелеріне де қатысатын. Кейін жоғарғы сы­нып­тарға барғанда қазақтың ұлы ақындарының, ағартушы ғалымдарының портреттерін, орыс тілі және математика пәніне арналған кластарға да ғұламалардың суреттерін салып беріп, кабинет жабдықтау істеріне көп араласты. Ондай портреттер еш жерде сатылмайтын. Сол еңбектері көп жылдар бойы тақталардың жоғарғы жағында ілулі тұрды. Шәрипа домбыра, скрипка үйірмелеріне де барып, бұл аспаптарда да ойнауды үйренді, бірақ үйінде домбыра болмағандықтан, көбінесе қатыса алмай жүретін. Оның қиналғанын көрген Бисары атасы Алматыға бара жатқан таныстарына жинаған зейнетақысын беріп жатып: «немереме домбыра әкеліп беріңдерші», – деп жалынып жүретін, бірақ олар «домбыра таба алмадық» деп келетін еді. Шәрипа Алматыға оқуға түскен 1976 жылы, алтын күздің бір шуақты күнінде, Ленин проспектісіндегі (қазіргі «Достық» даңғылы) орналасқан «Қазақстан» дүкеніне барған. Мұнда домбыраның неше түрін көріп таңқалған ол, таңдай алмай қиналған соң, сол жерде аспаптарды шертіп көріп отырған, орта бойлы, ақ шашты кісіге жақындап, сәлемдесіп, таңдаған домбырасын тексеріп беруді өтінген. Ол кісі шектерін шертіп көріп, сазын келтіріп: «жақсы таңдапсың, қабілетің бар екен», – деді дүкеннен шығып бара жатып. Ол Қазақ КСР-ның Халық әртісі, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев екенін Шәрипа сатушылардан біліп, алған домбырасына қасиетті дарын иесінің саусақтары тигеніне төбесі көкке жеткендей қуанған. Мектепте оқып жүргенде Шәрипа әдебиетші болсам деп қазақтың ірі ақын-жазушы­ларының шығармаларын оқи бас­тады. 4-ші сыныпта жаза бастаған өлеңдері аудандық газетке шығып тұратын. Шәкіртінің жазғандарын сүйсіне оқитын әдебиет пәнінің мұғалімі Батихан апайы: «сен ақын боласың», – деп Шәрипаны қанаттандырып қоятын. Ал әкесі Сапарбек «осы қызым әділетті прокурор болар» деп үміттенетін. Әкесінің жандүниесі таза, ешкімге қиянат жасамаған, ірі денелі, болмысы да сондай биіктік пен тұлғалылыққа тұнып тұрған жан еді. Ол перзенттерінен әділдікті, екі сөйлемеуді, өтірік айтпауды, жұртпен сыйласа білуді талап ететін. Теміржолда жастайынан қызмет істеген әке темірдей тәртіпке балаларын баулыған және өзі де сол қағидаларды берік ұстанатын. Әкесі Сапарбек Құдай қосқан қосағы Базаркүлмен бір-біріне қатты сөйлеп көрген емес, олар сыйластықпен, қамқорлықпен, адалдықпен ғұмыр кешті. Осындай ата-анасының берген тәлімін бойына дарытқан Шәрипа турашыл, әділетсіздікке жол бермейтін мінезінен көп опық жесе де, шыншылдығынан айныған емес. Әкесі армандағандай заңгерлік мамандығын қызы таңдаған жоқ. Балалары жан-жақты, білімпаз болсын деп әкесі жыл сайын бір айлығының жартысына әртүрлі газет-журналдарға жазылатын және өзі де санын жібермей оқып отыратын еді. ...Шәрипаның болашақта биолог мамандығын таңдауына негізгі себеп болған 1976 жылы «Білім және еңбек» журналының кезекті бір санында жарық көрген жас ғалым, биология ғылымдарының докторы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұрат Айтхожин жайлы мақала еді. Онда аса дарынды ғалымның «биология ғылымында ашылмаған сырлар көп» деген ойы Шәрипаның арманын биікке самғатты. Сөйтіп, 1977 жылы мектеп бітірісімен жас қыз Алматыға келіп, С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің биология факультетіне құжаттарын тапсырды. Бірде ол емтиханға дайындалуға Ғылым академиясының кітап­ханасына барған, сол жерде, жаңа әдебиеттер сөресінің жанында кітап қарап тұрған өзінің мамандық таң­дауына үлкен әсер еткен, сырттай үлгі тұтып жүрген ғұлама-ғалым, атақ­ты академик Мұрат Айтхо­жинды кездестірді. Сол жерде Шәрипа ол кісімен танысып, болашақта биология ғылымының ашылмаған сырларын терең зерттегісі келетінін айтып, арманымен бөлісті. «Сіз менің анаммен аттас екенсіз», – деп, оған алдағы сынақтан тек «үздік» бағамен өтуіне тілектестігін білдірген еді атақты ғалым аға.1982 жылы биология факультетінің бесінші курсының студенті Шәрипаға сол аса дарынды ғұламамен кездесудің тағы бір сәті түскен. Академик Мұрат Айтхожин университеттің үлкен залында төрт курстың студенттерін қосып молекулярлық биология пәнінен бір семестр дәріс берген. Бірде студенттердің отырған қатарларын аралап жүріп, Шәрипаны көріп, тани кетті. Бес жыл бұрын көрген арықша қараторы қыз, көзі жайнаған, сымбатты бойжеткенге айналған. Ол кісі лекцияны өте шапшаң оқитын, бір айтқанын қайталамайды, сондықтан жылдам жаза алмайтындар үлгіре алмай қалатын. Бұл ғұламаның пәнінен үштік баға алғаның бестікпен тең еді. Емтиханды да ол өте қатал қабылдайтын. Сол кезеңде төрт топтың ішінен үш-ақ адам «бес» деген баға алды, соның бірі Шәрипа болды. Университетті үздік бітірген Шәрипа 1982 жылы еңбек жолын «Қазақ эпидемиология, микробиология және жұқпалы ауруларды ғылыми-зерттеу институтында» лаборант қызметінен бас­тап аға ғылыми қызметкерлікке дейін көтерілді. Шәрипа Са­пар­бекқызының өмір жолына зер салсақ ол өзінің сана зерде­лілігімен, қайсар жігерімен, жаңашыл көзқарасымен, іргелі ізденімпаздығымен еліміздің микробиология ғылымының абыройын арттырып, дүниежүзіне танытқан алғашқы ғалым қыз. Ол 1992 жылы әлемдегі «Жыл адамы» атағына ие болып, «Алтын белгімен» марапатталған қазақтың алғашқы микробиолог ғалымы. Шәрипа Бисариеваның еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдардан бастап ғылыми еңбек жолындағы жетістіктеріне үңілсек, ғалымның ізденімпаз жанкештілігі мен ерекше қабылеттілігінің, көрегенді дарындылығы мен ұшқыр сезімталдығының арқасында басталған елеулі де еңселі ғылыми ізденістері мен нәтижелері биология және медицина саласының дамуына оның мол үлес қосқанының айғағы. 1987-1990 жылдары ол Мәс­кеудің «Е.И.Марциновский атын­дағы медициналық паразитология және тропикалық медицина» ғылыми-зерттеу институтының аспиранты. 1991 ж. Мәскеуде «Қазақстандағы описторхоз ауруының экологиялық және эпидемиологиялық сипаттамасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған ол, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болады. 1989-1995 жылдары Шәрипа Бисариева Алматыдағы өзінің еңбек жолын алғаш бастаған ғылыми-зерттеу институтының Ғалымдар Кеңесінің мүшесі. Ш.Бисариеваның ғылыми ізденістері Қазақстанда кең тараған бауырдың құрт аурулары – жылауық (эхинококкоз) пен описторхозды зерттеуге арналды. Ол описторхоз ауруын Қазақстанның Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Целиногад, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының қоршаған орта нысандарында және үй жануарлары мен адамдарда таралуын кешенді тексерді. Қазақстандағы Ертіс, Есіл, Тобыл, Орал, Ойыл, Ембі, Зайсан сияқты өзен-көлдердегі балықтар мен моллюскалардан адамдарға жұғатын ауру қоздырғыш құрттарды өзі қайық-катер жалдап, айлап жүріп зерттеген ғалым қыздың еңбегі зая кеткен жоқ. Ол Мәскеуде зертханалық тәжірибелер жүргізіп, Чехияның «Биологиялық зерттеулер институтында» электрондық микроскоппен паразит жұмыртқасының құрылысын зерттеп, бірқатар құнды мәліметтерге қол жеткізді. Осынау ауыспалы кезеңдер­де ғылыми мақалаларды Қазақ­станның журналдарында басу біршама қиындықтар туғызатын, ұзақ уақыт күттіретін. Сондықтан, еңбектерін ғалым қыз, көбінесе, шетелдік және ресейлік басылымдарда шығарды. Оның ғылыми мақалаларына айрықша назар аударған Мәскеудегі Е.И. Марциновский атындағы медициналық паразитология және тропикалық медицина институтының профессоры, биология ғылымдарының докторы Сергей Алексеевич Беэр болды. Ол кісі Шәрипаны Мәскеу журналдарында жарық көрген ғылыми еңбектері арқылы өзі іздеп тапты. Кейінірек, 1991 жылы С.А.Беэрдің жетекшілік етуімен Шәрипа Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғады. Сөйтіп ол 1994 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен доцент ғылыми атағына ие болды. 1992 жылы Қытай Халық Респуб­ликасының «Эхинококкоз ауруын зерттейтін Ұлттық ғылыми орталығының» шақыруымен сол елге барып қайтты. Олар екі елде де етек алып бара жатқан жылауық ауруымен бірлесе күресу үшін және ғылыми жұмыстар жасау келісіміне қол жеткізді. Қытай елі Қазақстанда да келешекте осындай Ғылыми орталық салу керек деген ұсыныстарын, оған көмектерін аямайтындарын айтып, алғашқы жылдары институтқа ауруды анықтайтын диагностикумдарды (бір қорапшасы 1000 доллар тұратын) тегін жіберіп отырды. Бірақ, оның бәрі зая кетті. Сол жылдары Италия мемлеке­тінің жылауық ауруын зерттеу орталығының мамандары да осы институтқа келіп, тұрақты тәжірибе алмасып отыруға келісім жасасқан. Институт басшылары енді бұл істі болдырмаудың тағы бір амалын тапты – зерттеуші ғалымның «кенеттен қызметтен кетіп қалуына байланысты» деген сылтаумен келісімнің бәрі үзілді. 1992 жылдың күзінде Шәрипа Ұлыбританияның Кембрижд халықаралық өмірдерек орталығының «Жыл адамы – 1992» атағын алды. Бұл атақты сонымен қатар қазақстандық тағы екі ғалым: экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Сағадиев пен ҚазМУ-дың профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Алексей Лукьянов иеленген болатын. Бірақ, бұл атақтан кейін Шәрипа ғалымдардың қуғынына ұшырады. Аға ғылыми қызметкер дәрежесінде еңбек етіп жүрген Шәрипадан құтылу үшін олар кезектен тыс аттестация өткізеді, бірақ одан ғалым қыз ең жоғарғы баллмен өтеді. Айласы таусылған директор, оны «штаттық қысқарту» деген сылтаумен жұмыстан шығарады. Сонымен қатар, көп жылдар бойы күткен пәтердің кезегінен де алып тас­тайды. Сөйтіп, атағы жер жарған жас ғалым жұмыссыздық, үйсіз-күйсіздік күйін кешеді. Әділдік іздеп, орнына қайтып барамын деп талай табалдырық тоздырады. Бірақ, еш нәтиже шықпайды. Бәрі меңіреу сияқты, бір-бірімен хабар алысып, оның не себепті қысқартуға түскенін білгеннен кейін «бос орын жоқ», – деген сылтаумен ғалымды шығарып салады. Институтқа қайта оралуға әрекет жасап, ҚР денсаулық сақтау министріне де барып көріп еді, арызын сол институттың өзіне қайта жолдап жібереді. Осылай сергелдеңге түскен ғалым, нәтижесінде түк шығара алмайды. Үш жыл күресумен, қорғауға дайын болған докторлық диссертациясынан да айрылған қыз, қатты күйзеліске түседі. Бұл 1993-1995 жылдар кезі еді. 1995-1997 жылдары жұмыс­сыз қалған Шәрипа әртүрлі эколо­гиялық жобалармен айналыса бастады. 1995 жылы Қоршаған ортаның күйін ғаламдық зерттеу мен бақылау (GLOBE) халықара­лық ғылыми-оқыту бағдарламасы (АҚШ-тың Ұлттық аэроғарыш агенттігінің ғылыми-зерттеу Бағдарламасы бойынша Шәрипа Вашингтон қаласында оқуды тәмәмдады және 1995-2002 ж.ж. GLOBE бағдарламасының Қазақстандағы Ұлттық үйлесті­рушісі болды. Осы жылдары көптеген жоғары оқу орындары мен мектеп оқытушыларын дайындап, жастарды ғылыми жұмысқа баулыды. 1997-2000 жылдары Шәрипа Германияда өткізілетін «Еуропа жастары қоршаған ортаны зерттейді» атты Халықаралық ғылыми конкурстың Ғылыми кеңесінің мүшесі болады. Ол жыл сайын Алматыда мектеп оқушыларына арнап «Жасыл білім» республикалық бәйгесін өткізіп, жүлделі орынды жеңіп алған балаларды Германиядағы 36 мемлекеттің өкілдері қатысатын Халықаралық бәйгеге апарып жүрді. Қатысушылардың бүкіл қаражатын, жол шығынын Немістің Ұлттық банкі өз қарамағына алған. Бұл бәйгеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғылыми жобамен айналысатын жас жеткіншектер өз жетекшілерімен келіп жобаларын қорғайтын. Осындай кешенді шараны өткізу үшін демеуші тауып, Алматының санаторийлері мен Оқушылар сарайын жалдап, тәуелсіз сарапшылар тағайындап, жыл сайын Ұлттық бәйге өткізген Шәрипа Сапарбекқызы бәйгеге қатысқан барлық ғылыми жобаларды жинақ етіп шығарып, жас ғалымдарға марапаттау рәсімі кезінде табыстайтын. Балалар мен жетекшілерінің жол ақысы мен санаторийде тұруын және тамақтануын қамтамасыз ету үшін Шәрипа демеушілер тауып, тіпті 3 орынға дейін бағалы сыйлықтар (мұғаліммен қоса) тағайындаған. Ал, әрбір қатысушы жасөспірімге арнайы сертификат пен конференция жинағы беріліп, ең бас­тысы олар көп ғылыми тәжірибе алып қайтатын. Германияның әр қаласында ұйымдастырылатын бұл бәйге өте жоғары деңгейде өткізілетін. Оған Германияның Білім және оқу министрі және қала мэрі тікелей атсалысып, ашылу және жабылу рәсімдерін тарихи зәулім ғимараттарда және ғылыми орталықтарда жасайтын. «Ғылым апталығы» деген атпен өтетін бұл іс-шараға келем деушілердің барлығы қатыса алады. Қазақстаннан барған балалардың 4 жыл қатарынан ғылыми жобалары жоғары бағаланып жүлделі орындарға ие болып, олар Еуропа мемлекеттерінің арасында еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрді. Балалар сертификаттан бөлек ақшалай сыйлықтар (6 мың неміс маркасы) және Франция, Швейцария, Израиль мемелекеттерінің оқу министрліктері тағайындаған жоғары оқу орындарындағы ғылыми орталықтарда бір ай дәріс алу, жазғы лагерьде дем алу, тәжірибе алмасу сияқты қосымша шақыртулар алып, келесі жылдары тегін барып жүрді. Бұл – ғылымға деген зор жанашырлық көрінісі екені даусыз. Сол бәйгеге қатысқан балалардың барлығы өздері қалаған жоғарғы оқу орындарына түсіп, кейбіреуі «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып, қазір елімізде әр түрлі салада қызмет етіп жүр. Шәрипа Сапарбекқызы 1998-2002 ж.ж. ҚР-ның қоршаған ортаны және табиғи ресурстары қорғау министрлігінің «Экология, геология және табиғи ресурстарды ақпараттық талдау орталығы» Бас директорының орынбасары қызметін атқарды. Бұл орталықта қызмет еткен кездерінде ол көптеген ғылыми жобаларды дайындап жүзеге асырады. Швейцария, Чехия, Бельгия, Хорватия, Ресей мемлекеттеріне жолсапармен барды. Бұл кездері ғалым қыз қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау министрі – Серікбек Дәукеевтің қарамағында қызмет атқарды. Ол кісі шетелге барған сапарларында экология саласында өзіндік орны бар ғалым Шәрипа Бисариева туралы құлағдар болғасын, оны өзі іздестіріп қызметке шақырады. Әуелі министрдің орынбасары қызметін ұсынады. Шәрипа үш жылдай жұмыссыз жүріп қалған соң жүрексініп,ол ұсыныстан бас тартып, қатардағы қызметті сұрайды. Бірақ, Даукеев мырза ойланбастан оған ақпараттық-талдау орталығының экология саласын басқаруды ұсынады. «Ойланып көрейін», – деген Шәрипаның сөзіне, министр: «еш нәрседен қорықпаңыз, мен осы қызметті жоғарғы деңгейде алып жүретініңізге кәміл сенемін», – деп тез арада арызына қол қойды. Осы қызметке дәмелі атақты адамдар, әрі қалталы кәсіпкерлер өз туыстарын әкеліп отырғандарын, Шәрипа министрдің қабылдау бөлмесіндегі кезектен байқады. Шәрипаның «елім үшін күні-түні қызмет етуге аянбаймын», – деген ақ тілегін осы кездесу шешкен еді. Үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін бұндай қолдауды көргенде, қуанышын алдымен орталық телефон стансасына барып әкесіне телефон шалды. Неше жылдар бойы әкесі мен анасы жалғыз шырылдап жүрген бозторғайына қалай көмектесерін білмей «баламыздың қанаты қайырылды-ау», – деп көкіректері шерменде болып жүргенде, бұл күтпеген қуанышты хабар болды. Қызының жалғыз күресіп, үйсіз-күйсіз жүргеніне жандары ашып, «елге кел, бірдеңесі болар» деп көндіре алмай жүр еді. Міне, «ақ түйенің қарны жарылған күн» деген осындай екен ғой, – деп олар қуаныштан төбелері көкке жеткендей болды. Сол телефон бекетінен шыққан кезде күн батып бара жатты, ол 1998 жылдың 3 ақпаны болатын. Шәрипа Бисариеваның атқарған келелі істеріне зер салсақ, аса дарынды ғалым жолының қаншалықты күрделі де маңызды, ауқымды істер мен ізденістерге толы екенін байқауға болады. Ғалым Шәрипа Сапарбекқызының еңбек жолының жалғасы: 2002-2003 ж.ж. Орталық Азия аймақтық экологиялық орта­лығында сарапшы және ақпараттық бюллетеннің редакторы қызметін атқарды. 2004 ж. «СПИД Фонд – Восток-Запад» халықаралық СПИД-ке қарсы күрес мекемесінде (Нидерланды) ақпараттық даму Департаментінің басқарушысы қызметін атқарды. 2004-2005 жж. Қазақстан Рес­публикасы экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистр­лігінің «Экономикалық зерттеулер институтында» аймақтық саясат бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2005-2015 ж.ж. Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ғарыш агент­тігінің Республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорны «Ғарыш-Эко­логия» Ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның» экологиялық бағдарла­малар бөлімінің бастығы қызметін атқарады. «Байқоңыр» ғарыш айлағының қоршаған орта мен адам денсаулығына әсерін зерттеулермен айналысады. 2015 жылдан бастап «Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты» ЖШС-да ғылыми-зерттеулер бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Ғылыми еңбектері: Ш.Бисариева 100-ден астам ғылыми мақалалардың, 5 патент­тің авторы, республикалық және шетелдік басылымдарда жа­рық көрген. Сонымен қатар 2 фо­тоальбомның және 1 мо­но­гра­фияның авторы: «Страна гор и степей» (Алматы, 2001, 350 бет), «Орталық Азия таулары» (Алматы, 2009, 472 бет), «Экологическая безопасность деятельности космодрома «Байконур» (Алматы, 2011, 430 бет), Атлас экологической безопасности ракетно-космической деятельности космодрома «Байконур» на территории Республики Казахстан (2012). Алғыстар мен марапаттары: 1992 ж. – Ұлыбританияның Кембридждегі халықаралық өмірдерек Орталығы ғылымдағы жетістіктері үшін «Жыл Адамы» атағын берді. Ғылым саласында XXI ғасырдың негізін қалаушылар қатарына қосқан. 2009 ж. «Қызылорда облысы­ның 70 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2012 ж. «Қазақстан Республика­сының Тәуелсіздігіне 20 жыл» ме­ре­келік медалімен марапатталды. *** Шәрипа екеуміз үшін 1992 жылдың соңы ерекше бағымызды ашып, абыройымызды асқақтатқан кезең болды – Шәрипаға дүние­жүзінің «Жыл Адамы» атағы берілсе, мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранының авторларының бірі болып, екеуміз жайлы баспасөздерде жазылып жатқан кез еді. Осы кезеңде Шәрипамен жан-дүниеміз жарасып, апалы-сіңілідей болып кеттік. Мен сол кездегі газеттен әлемнің жыл адамы атанған қазақ ғалымы Шәрипаның каратэ мен альпинизммен айналысатынын оқып, өзін көргендегі сұлу да сымбатты сипатына, толқындалған қалың қара шашына қарап, оның бойынан жоғары мәдениеттілікті, инабаттылық пен аңқылдаған ақ жүрегін көріп, кейін араласа келе ерекше бауырмалдығы мен адалдығына тәнті болдым. Шәрипаның ер мінезділігі, батылдығы мен дархан көңілі, адалдығы талай туыстары мен достарының оған деген зор құрметі мен шынайы сүйіспеншілігін арттыра түскен. Көлгірсуді, жағымпаздықты, екі сөйлеуді жаны қаламайтын, сөзі өткір, жаны шуақты, болмысынан адал, аңқылдаған ақ жүректі ғалым өз саласында аянбай ізденіп, қызмет етіп келеді. Шәрипа Бисариевадай дарыны мен мол білімін халқымыздың игілігіне жұмсап, әлемді мойын­датып, еліміздегі биология ғылымының жетілуіне ғұмырын арнаған жанның қадіріне жетсек, осы жолдағы оның жанкештілікке толы қыруар еңбегі мен жасаған жемісті зерттеулері келер ұрпаққа өнегелі де мол тәжірибелі қазына болар еді. Шәрипа Бисариева сияқты «Әлем адамы» атанған дарынды да дара ғалым тәуелсіз Қазақ елінің мақтанышы болатын, биік марапаттарға лайықты тұлға деп білемін! Қазақтың біртуар ғалым қызы Шәрипа Бисариеваға арнаған менің мына «Бәйшешек – жыр» атты өлеңім оның мөлдір де өршіл болмысын жұртымызға аша түсер деп үміттенемін. Көктем мен қыстың арасы, Сырдың бозғыл даласы, Мұзды жарып, жар салып, Бәйшешек шықты, қарашы! Жаны нұрдан жаралған, Туған жерден нәр алған, Жауқазындай болмысы Мейірімнен қаланған. Нәзіктігі тамсантып, Өжеттігі тайсалтып, Талшыбықтай бойында Сұлулық пен қайсарлық. Көктем – өмір, жыр – сыры, Жүректердің ынтығы, Табиғаттың өзіндей Табынтады шындығы! Ақиқаттың өлшемі, Мөлдірліктің көркемі, Ызғарларды ықтырған, Пір тұтамын мен Сені! qazaquni.kz