Дина Елгезек: Халық ірімшігімен бөліспейтін биліктен шаршады

"Үйімізді салды" деп өзбекке күлдік. "Қыздары мәскеуліктің полын жуып, шашын қиып жүр" деп қырғызға күлдік. "Қайыр сұрап қаңғырып жүр" деп тәжікке күліп едік. Бумерангтың бораны ұзақ күттірмейді қазір. Тез келеді. 5 айда 40 мың қазақ шетел асыппыз. Дәл осындай эмиграцияның көші Тәуелсіздіктің алғашқы екі жылында болып еді. Жарты миллион отандасымыз үдере көшкен. Ол кезде елден безген орыс қой деп көңіл бөлмедік. Ал қазір кеуіл бірлейтін не бар? Үдере көшкендердің дені қазақ шығар деп топшылаймын. Олар қайбір қызық қуып, сағым қуалап кетті дейсің. Жоқшылықтан, заңсыздықтан, әділетсіздіктен, жұмыссыздықтан, қымбатшылықтан, жемқорлықтан, құқық бұзушылықтан, дәрменсіздіктен, үйсіздіктен, трайбализмнен, өтіріктен, жаладан, жандайшаптықтан шаршаған болар. Сауысқанша саңқылдап, тасбақаша қимылдайтын Үкіметтен, түлкіше түрленіп, ірімшігімен бөліспейтін биліктен, құмырсқаша тырбанып өмір сүруден мезі болған шығар. Адамша өмір сүру үшін адамның құқығын сыйлап, еңбегін бағалайтын елді жағалап кеткен болар.

"Пәленбай миллиард инвестиция тартамыз, банктерді сауықтыруға 3 триллиондап қолдау көрсетеміз, 4 пайызға экономикамыз өсті дейміз, инфляция 6 пайызға жетпейді дейміз, валютаны реттейтін заңдар қабылдаймыз, бірақ неге xалықтың әл-ауқаты жақсармай қойды? Неге теңгеміз теңселіп кетті? Әйтпесе 5 айда 40 мың адамның елден безіп несі бар?

"Теңгені еркін айналымға жібергеніміз дұрыс болды. Белгілі бір деңгейде ауытқулардың болатынына үйрену керек. Бұл тұрғындардың әл-ауқатына әсер етпейді" дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалайша әсер етпейді? Азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бәрі сырттан келетін болса, жалақымыз ұдайы өспейтін болса,валютаға қалай тәуелді болмаймыз?

Меніңше, Мемлекет Басшысына экономиканы осындай күйге түсірген экономикалық секторға жауапты топты қасынан қуу керек. Идеологияға жауаптылар өзгеріп отырады, ал экономикаға жауапты тұлғалар 30 жыл бойы өзгерместен отыр... Неге???

Бүгін Нұрсұлтан ақсақалымыз банктерді дағдарысқа душар еткен ұрлықшы акционерлер екенін айтып қалды. Қайда сол акционерлер? Неге барша азаматша заң алдында жауап бермейді? Қылмыстық іс қозғалды ма? Әбіләзовты мысалға алудың қажеті жоқ, басқалары қайда? Кімдер екені бізге анық, бірақ тергеу соңы не болды?

Әлгі біз күлген тәжіктердің сыртқы қарызы 1017 жылғы көрсеткіш бойынша - 2,8 млрд доллар, қырғыздар 4,5 млрд, өзбектер16 млрд доллар, түркімендер 11,2 млрд доллар, ал қазақтар 167,9 млрд доллар қарыз!!! 

"Күрек тісің сынса, күлкің бұзылар" деген... Күліп жүріп, жылап қалмайық...

Дина Елгезек,

Қазақ үні