Жолымбет Мәкіш: Қазақтың өз елінде қазақша жауап ала алмауы - масқара нәрсе!

Мына жігіт қатты ауырып, ауруханаға түсіпті. Өзі орысша білмейді екен. Бір кезде тазалықты қадағалайтын (орыс) адам палатаға кіріп келіп, оған орысша сөйлеген. Орысша түсінбейтінін айтса, әлгі адам қасарысып, қазақша сөйлемеймін деп жауап беріпті. Онымен қоймай, ауырып жатқан жігітті сол үшін ауруханадан шығарып жіберемін деп қорқытып, аурухананың дәрігеріне барып шағымданған. Аурухананың дәрігері не істеген дейсіз ғой? Ауырып жатқан адамға ара түсудің орнына, жаңағы тазалықшыны жақтап шыға келіпті. Не деген сорлылық десеңші! Тіл мәселесі елімізде әбден шегіне жетті. Қазақтың өз елінде қазақша жауап ала алмауы деген барып тұрған масқара нәрсе! «Қай тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруің керек!» деп ұрандатып жүргендері, үш тілді бірдей біліңдер деп жар салып жарнамалап жүргендері қайда? Бұның бәрі ешқашан орындалмайтын көзбояушылық үшін істелген нәрсе ме сонда? Тіл білмейтін мақаупестерді жұмысқа алмағаны былай тұрсын, оларды мемлекеттік мекеменің маңына да жолатпайтын уақыт баяғыда болды ғой!

Жолымбет Мәкіш, Фейсбук парақшасынан

ТАҚЫРЫП БОЙЫНША: СҰМДЫҚ!!! Ресей тілін білмеген адам Астана ауруханасында өлуі керек пе?