Алматы облысында тұрғындар туристерге шабуыл жасап, соққыға жыққан

Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қапал ауылында туристердің соққыға жығылуына қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі Алматы облысы туризм басқармасының баспасөз қызметіне сілтеп.

«16 тамызда экспедиция мүшелері азық-түлік сатып алу үшін Қапал ауылындағы «Аружан» дүкенінің маңына тоқтады. Дүкеннің жанында тұрған белгісіз адамдар туристтерге шабуыл жасап, дене жарақаттарын келтірді. Кейін, соққыға жығалған туристер бұзақылардың үстінен шағым түсірді. Жәбірленушілердің арызы бойынша жедел түрде қылмыстық істі тергеу қолға алынды», – деп хабарлады Алматы облысы туризм басқармасынан.

16 тамыз күні кешке жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында үш жергілікті тұрғын ұсталған екен.

Сондай-ақ, Алматы облысының туризм департаменті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының осындай қылмыстарға қатысты қолданылуы тиіс ұсынысын қолдайтынын білдірді.

«Туризмдегі қауіпсіздік ҚР –ның аумағындағы және сыртындағы туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі тиіс. Сондай-ақ ішкі істер, мәдениет және спорт министрліктерінің арасында ведомствоаралық жоспар қабылдануы тиіс», – деп атап өтті басқарма.

Айта кетейік,  Алматы облысында жергілікті тұрғындардың туристерге шабуыл жасап, ұрып-соққаны белгілі болды.