"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Халықтық банк халықты қанаудың «жаңа жолын» ойлап тапты…

…Үш баланың анасы күйеуінен ажырасып жатыр. Ажырасуға мәжбүр етіп отырған – екінші деңгейдегі банктердің «прибыль – здесь и сейчас!» деген халықты тонаушылық саясатының салдары. Олар үшін ҚР Конституциясының 25-бабында жазылған «отбасының жалғыз баспанасына қол сұғуға болмайды» деген талап та жай сөз. Олар ең жоғары мәртебелі әрі тікелей қолданыстағы заңды одан төмен тұратын Азаматтық кодекстің «екі тараптың өзара келісуі бойынша жасалған» деген бабына жеңгізеді. Біз білетін Тәуелсіздік тарихында бір ғана бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысындағы Төлеби аудандық сотының сол кездегі, кәзір осы облыстық соттың Азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Т.Бегімбетов клиент әйелдің саудаға кетіп бара жатқан баспанасын Конституцияның жоғарыдағы бабына сүйеніп қорғап қалған болатын. Әдетте соттар банктың сойылын соғады. Бұл тақырыпқа, дәл осыған ұқсас сюжетке бұдан бұрын да аз мақала жазбаған едік. Әйтсе де мына жағдай олардың бәрінен сорақы болып отыр, қолға қалам алмасқа амал қалмады, өйткені «әкесін сабағанды көріп едік, бірақ, арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көруіміздің» керін келтіріп отыр банктегілер…

Банк клиенттері басындағы баспаналарын, жеке үйлері мен көп қабатты үйлердегі жеке пәтерлерін кепілге қояды. Алған қарызын қайтара алмаса, банк келісім-шартқа сәйкес пәтердің қожайыны болып шыға келеді-дағы, оны саудаға шығарып сатып, алашақ ақшасын соның есебінен қайтарып алады. Клиенттер кепілге қойған пәтерінен, баспанасынан айрылып қалмауға тырысып бағады. Бұл жерде керісінше – банк клиенттің кепілге қойған пәтерін алудан бас тартып отыр. Неге? Ондай да бола ма екен? Болпады екен, «дәнікеннен – құныққан» дейді қазақ, дәніккен банктың бармайтын қадамы болмайды екен ғой…

А.Исаева 04.09.2007 ж. (датаға назар аударыңыздар!) «Қазақстан халықтық жинақ банкінен (бұдан былай Банк) жылдық маржасы 10 % деген шартпен 180 айға 233 000 АҚШ долларын несиеге алады. АҚШ долларының теңге шаққанда бағамы ол кезде 120 теңгеге тең болатын… А.Исаева кепілдікке Алматы қ., Розыбакиев к.,136 үй, 23 пәтерді қояды. Оған қоса (бұған да назар аударыңыздар!) «клиент қарызын төлеуге шамасыз болып қалған жағдайда ұстап қалу үшін» деп, дәл сол күні Ақшаны кепілдікке қою деген екінші келісім-шартқа сәйкес 46 600 АҚШ долларын Банк бермей алып қалады!.. Яғни, клиент Банктен 186 400 доллар алды деген сөз бұл. Банктың жылдық маржасы 10 пайыздан асып кеткені де түсінікті.

Адамға ақша қажет болған кезде, оның үстіне банк көз алдыңда «көк қағаздарды» көлбеңдетіп ұстап отырса, пенде байғұс қандай асығыс қадамға, соның салдарынан қандай ағат қадамға бармайды дейсің…

Содан Банк клиентіне екі рет – 14.04.2008ж. және 22.07.2008ж. – қарызын уақтылы қайтармай жатқаны жайлы хабарлама жібереді-дағы, табаны күректей тоғыз жыл бойы тым-тырыс қалады. Тоғыз жыл бойы! Не үшін?! Оның себебін бізге білуге жазбаған, оны тек аспандағы Алла-Тағала мен жердегі банк қожалары ғана біледі. Бізге айтпайды. Бізге деректер мен дәректерге сүйене отырып тек жорамал жасау ғана қалады…

Банк тек 23.08.2017 ж., АҚШ долларының бағамы 333 теңгеге шыққанда ғана қимылға көшеді. Одан кейінгі хабарламаны 12.01.2018 ж. Жіберген Банк 03.04.2018ж. Шымкент қ., Абай аудандық сотына арыз түсіреді. А.Исаеваның кредиттік қарызын дәл осы күні 319 теңгеге тең болған бағаммен есептеп, 227 413 долларға тең деп береді. 46 600 доллар ақша «пеняның» есебіне кетсе ккерек, өйткені банк өзінің арызында клиент қарызының «пенялық» көлемін көрсетілмейді…

А.Исаеваның қорғаушысы Олжас Атхаев: Келісім-шартқа банк тарапынан кредит бөлімінің бас менеджері сенімхат бойынша қол қойған. Ал, бар болғаны бөлімнің бас менеджері осындай үлкен қаржы жайлы келісім-шартқа қол қоюға хақысы бар ма, жоқ па, ол оның қызметтік міндетінің қатарына кіре ме, жоқ па білейік, кредиттік досьені алдырыңыз» деп сотқа сот кеңсесі арқылы жасаған жазбаша өтінішімді Шымкент қ., Абай аудандық сотының судьясы А.Қасенова қабылдамай тастады: «Даудың мәні бұл емес, досьені зерттеу қаралып жатқан істің мәніне кірмейді» деп жауап берді. «Қалайша кірмейді? Банк сотқа осы келісім-шартқа сүйеніп талап-арыз беріп отыр ғой?» «Керек құжатыңызды істегі досьеден алыңыз». «Жарайды, кредиттік досьені іске тіркемесек те, ең болмаса танысайық» деген жазбаша өтінішімді де қабылдамады. Банк өкілі менің өтінішім бойынша кредиттік досьені сотқа көтеріп келген болатын. Банк әкеліп тұрған құжатты судья қараптай қойды ғой! Ал, Азаматтық-прцессуалдық кодекске сәйкес істің мән-жайын, демек, кредиттік досьені зерттеу соттың тікелей міндеті! Егер оның түпнұсқасы болмаса, банктың талап-арызы қаралуға да жатпайды! Банкке рахат болды да қалды…

-Ал, облыстық соттың апелляциялық алқасына бұл жайлы өтініш жасадыңыз ба?

-Әрине! Бірақ, апелляциялық алқа да оны зерттеуден бас тартты…

-Тұра тұрыңыз, апелляциялық алқаның басты міндетінің өзі бірінші сатыда қаралмаған жайттарды немесе судья қабылдамаған өтініштерді қарау емес пе?

-Иә, солай ғой, бірақ алқа төрағасы С.Чоқморова: «Сіздің өтінішіңізді естідік, судья А.Қасенованың іс-әрекетінің құқықтық бағасын береміз» деді қойды.

-Судья А.Қасенованың ісі заңға қайшы екенін айтпадыңыз ба?

-Айттым. Төраға: «Сіз ақша алғаныңызды жоққа шығармайсыз ғой?» деді. «Жоққа шығармаймын. Бірақ, сот процесі заң талаптарына сайжүргізілуге тиіс емес пе?» «Тоқтаңыз! Біз сот шешімін зерттегенбіз. Басқа толықтыратыныңыз бар ма?» «Жоқ» . «Онда сот алқасы кеңесуге кетеді». Бітті. Сот бар-жоғы 20 минутқа созылды…»

«Мораль (адамгершілік) құқықтан жоғары» деген сөзді біз емес, көнеримдіктер айтып кеткен. Банк ақша өте зәру болып отырған адамдардың қиын ахуалын пайдаланып, берген ақшасының тұтас бестен бір бөлігін өзінде ұстап қалып отыр, яғни, клиенттерін банктің қаржасын пайдаланып операция істеп, айналымдағы ақшасын көбейтіп алуына күнібұрын, қасақана кедергі жасап отыр.

Екіншіден. Әдетте клиент қарызын қайтара алмады ма немесе толық қайтара алмады ма, сөз жоқ, банк кепілге қайылған мүлікті алып қояды да саудаға салып сатып, өз ақшасының орнын толтырып алады. Бұл жерде банк кепілге қойылған ақшаны да, кепілге қойылған пәтердә де алып қойып отыр.

Үшіншіден. Ең бастысы да осы. Банк «ақшаны да алдым, пәтерді де алдым, іс осымен бітті, қош бол!» деп отырған жоқ. Банк «маған бастапқы алған қарызыңа парапар дерлік (233 мың доллардың орнына 227 мың доллар қарыз құясың!» деп отыр. «Банк кепілді қабылдап отырған жоқ, сотқа кепілді «взыскать», яғни, «мәжбүрлеп төлеттір» деп отыр. Сот банкпен келісіп отыр! Ақшаның сомасын көрсетіп отырғанының себебі, «сенің үйіңді сатсақ, ол үйдің бағасы кәзір түсіп кеткендіктен 100 мың доллар болып қалуы мүмкін, сондықтан сен аржағында қалған соманы төлеуге тиіссің» деп отыр» дейді О.Атхаев.

«Банк үйдің бағасы түсіп кеткен форс-мажорлық жағдайдан төлеушінің есебінен шығып кетейін отыр. Ал, шын мәніне келгенде нарық тәуекелшілдігі, риск, екі жаққа бірдей болуы тиіс. Бизнестің аты бизнес қой. Нарықтағы бағаның өзгеріп кеткеніне клиенттің қандай кінәсі бар? Неге банк уақтылы өз қаржысын іздемейді? Тұрғын-үйдің бағасы тек қана көтеріле береді деп ойлады ма?» дейді белгілі заңгер Жаңабек Әбішев. «Бұл жерде банк ҚР Азаматтық кодексін белдеп басып отыр, себебі, бұндай жағдайда аталмыш Кодекстің «Кепілдік» бөлімінің 299-бабында «Кепілдік ұғымы» деп, 300-бабында «Кепілдіктің пайда болу негіздері» деп, 301-бабында «Кепілдік мәні» деп жазылған заңнаманың барлық мән-мағынасы жойылады. Онда жалпы кепіл қойып не керегі бар? Соттың өзі де кепілдік бар жерде ақша көрсетілгген талап-арызды қабылдамау керек еді…»

-Олжас, банк енді қандай іс-әрекетке бара алады?

-Банк үйді тезірек, барынша төмен бағамен сатуға тырысады. Сатады да қарыздың қалғанын А.Исаеваның мойнына іліп қояды. Ол жағы «сот шешімін орындау» деп аталады. А.Исаеваның жалақысының жартысына дейін бухгалтерия ұстап қалып, банктің есебіне аударып отыратын болады, ал, А.Исаева бар ғұмырын соттың қарызын төлеумен өткізетін болады… Банктердің көздегені не – халықты одан әрмен тонай беру ме? «Кепілге қойған ақшаңды алдым, үйіңді алдым, бәрібір сен маған қарызсың!» деген саясат қайда апарып соғуы мүмкін? Халықтың наразылығын банк қожайындары көрмей, сезбей отыр ма? Көрсе де, сезсе де «не болса да сол болған кезде көріп алармыз, ал, әзірге кредиттің қылбұрауын қысқан үстіне қыса түсейік» деп, «құныққан қарсақ құлағымен ін қазадыға» барып отыр ма?..

Өмірзақ Ақжігіт,

Қазақ үні




Осыған ұқсас:

  1. Қазақстандықтар кредитке 15 миллион доллар қарыз болып қалған
  2. Кедей халыққа кредит беріп, «қылқындырып» жатқан кім?
  3. Нұрлы жер: Жеңіл ипотека алудың 7 қадамы
  4. Білім грантына ілікпегендер оқудың ақысын қалай төлей алады?
  5. Как быть?! Благосостояние казахов уходит в «понты»
  6. Елімізде 5 миллион адамның несиесі бар

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.