"Орыс тілінде ҰБТ тапсырғандар қазақ тіліне қарағанда 2 есе басымдыққа ие болуда" - университет оқытушысы

ҰБТ демекші, барлық оқушылар тест нәтижесін көріп, бірі грантқа түсіп қуанып жатса, бірі түсе алмай қайғырып жатыр.

Бірақ мені алаңдатқан бір мәселе, дәл бірдей мамандыққа, бірдей балмен тапсырған екі оқушының біреуі грантқа түседі, ал бірі түспейді. Неге?

Өйткені бірі тестті орыс тілінде, екіншісі қазақ тілінде тапсырған. Нәтижесінде екеуінде бірдей мүмкіндік болмаған, яғни қазақ бөлімінде конкурс өте жоғары, орыс бөлімінде төмен. Өйткені осы уақытқа дейін грант жалпы конкурс бойынша емес, бөлек конкурспен анықталып келеді.

Салыстырып қарайтын болсақ:

- "Ақпараттық жүйелер" мамандығында қазақ бөлімі - 95 балл, орыс бөлімі - 51 балл

- "Автоматтандыру және басқару" қазақ бөлімі - 96 балл, орыс бөлімі - 58 балл

- "Биотехнология" мамандығы қазақ бөлімі - 101 балл, орыс бөлімі - 51 балл

- "Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету" мамандығы, қазақ бөлімі - 97 балл, орыс бөлімі - 76 балл

Яғни тестті орыс тілінде тапсырған адам қазақ тіліне қарағанда 2 есеге дейін басымдыққа ие болып отыр. Нәтижесінде теңсіздік, әділетсіздік орын алуда.

Сондықтан БжҒМ оқушы тестті қай тілде тапсырғанына қарамай жалпы конкурс жасап, бірдей мүмкіндік беру керек. Сонда ғана әділ бәсекелестік болады.

Жеңісбек Төлен, Фейсбук парақшасынан