"Сайрагүлден Рәбия жасаудың керегі жоқ!" - белгілі журналист

Ошақтың үш бұты болады... Үйдің төрт қабырғасы, шатыры, едені болады... әрқайсысының өз атқаратын міндеті болады... Сайрагүл тағдырында болсын, Үйсін Бабан, Гөзалнұрлар тағдырында болсын - оң шешімін тауып жатқан әр адамның тағдырында әркім өз міндетін атқарды... Сондықтан "анау болмағанда, мынау болмағанда..." деген сөзді қою керек. Көңілдеріңізге мың алғыс, әрине. Дегенмен, менен де, өзгелерден де "жеке батыр" жасаудың қажеті жоқ... Қандастар мәселесіндегі қай тірлікте де еден жуушыдан, шопырдан бастап, Ақ Ордаға дейін әркімнің өз атқаратын нақты міндеті бар. Тек сол міндеттерімізді міндет қылмай дұрыс атқарайық. P.S. Адвокат Абзал Құспанның өткенде айтқан бір сөзі өз арамызда "хит" болды: "Сайрагүлдің ісін бір адвокат боп бастап, мың адвокат боп аяқтадық" деді. Яғни Сайрагүлге әр қазақ адвокат болды. Бұл деген сөз - "Сайрагүл кейінгі өмірінде бәрімізге қарыз, біздің айтқанымызбен жүріп, айдағанымызбен тұрады" деген сөз емес. Сайрагүл ешкімнің жекеменшігі емес. Сайрагүл - тәуелсіз адам. Бұйыртса, Тәуелсіз Қазақстанның Тәуелсіз Азаматы болады! Адвокат қазір сол шаруамен айналысып жатыр. Сайрагүлді қайтадан түрмеге тығу үшін бүкіл халық болып жабылып бостандыққа шығарып алдық па??? Сайрагүлге шын жандарыңыз ашиды екен, оны жанып тұрған тозақ отына лақтыра салмай, біраз уақыт беріңіздер. Денсаулығын қалыпқа келтірсін, өз-өзіне келсін, сот үкімі өз күшіне енсін, тым болмағанда босқын куәлігін алсын! Сайрагүл бүгін түрмеден шығып, ертең Қытай деген алпауытпен соғысамын деп ешкімге уәде берген жоқ, ешкімнің алдында соцміндеттеме де, политміндеттеме де алған жоқ! Сайрагүлден Рәбия жасаудың керегі жоқ! Ол саясаткер болу үшін емес, екі баласымен аман-есен қауышып, тыныш өмір сүру үшін келді. Ал азаматтық позициясынан айныған жоқ, уақыты келгенде өз азаматтық борышын атқаратынын айтты. Гәп тәмәм!!!

Сәуле Әбілдаханқызы, Фейсбук парақшасынан