Нұрлан Ермекбаев Қорғаныс министрі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Нұрлан Ермекбаев 1963 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында туған.  1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген.

1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

«Парасат» (2015) және «Құрмет» (2005) ордендерімен, сондай-ақ басқа да медальдармен марапатталған.

Сонымен бірге, осыған дейін Қорғаныс министрі қызметін атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.