Президентке қастаңдық жасады деген күдікпен 6 адам тұтқындалды

Венесуэлада президент Николас Мадуроға жасалған қастандыққа байланысты 6 адам тұтқындалды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі  мәлімдеді, - деп хабарлайды 24.kz.

Оның айтуынша, қамалғандардың бірі өткен жылы әскери базаға шабуыл жасап, іздеуде болған. Ал енді біреуі 2014 жылы үкіметке қарсы наразылық шеруіне қатысқан. Бұдан бөлек бұқаралық ақпарат құралдары полицияның 11 журналисті заңсыз қамалғанын айтады. Олардың арасында шетелдік және жергілікті журналистер бар. Сондықтан «Баспасөз қызметкерлерінің ұлттық кәсіподағы» биліктен мұндай заңсыздықты тоқтатуға шақырды.

Нестор Ревероль, Венесуэла ішкі істер министрі: - Күдіктілерден бірнеше көлік тәркіленді. Каракаста оперативтік-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қастандық кезі бейнебақылау камерасына жазылып қалған, ол таспа бізде бар. Қазір  қылмыстық топқа қатысты айғақтарды жинастырып жатырмыз.

Еске сала кетейік, президент Николас Мадуроға қастандық кеше ұлттық гвардияның құрылу күніне орай мінбеде сөз сөйлеп тұрған кезде жасалды. Ұйымдастырушылар оған жарылғыш зат салынған дрондармен шабуылдады. Салдарынан 7 адам жарақат алды. Бірақ Мадуро дін аман. Осыдан кейін ол қастандықты Колумбия мен АҚШ-тың Флорида штатындағы кейбір топтар ұйымдастырды деп мәлімдеді. Алайда шабуылды «фланельді жауынгерлер» деген топ мойынына алды. Оны 2014 жылы билікке қарсы әрекет еткен Оскар Перес есімді полицей құрған. Олар өзін Мадуроға қарсы күресуші барлық күштерді біріктіруші ұйым деп санайды.