ҚАРЫНДАСТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ-Қазақстан жаңалықтары

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



ҚАРЫНДАСТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Сол бір кеште жарқылдаған жасындай,
Сол қарындас көрінді шын асылдай.
Жанарынан сорғалаған жаңбыры –
Қиырдағы бар қазақтың жасындай.

Сол қарындас сол әсерлі кеште анық,
Жылады-ай бір ебіл-дебіл ес танып.
Шекараның ар жағында қап қойған
Әкесінің сары сүйегін еске алып.

Туған жері болса-дағы биік қыр,
Қыз көңілі Атажұртқа иіп тұр.
Марқұм әке аңсап өткен келуді,
Өзінің де табаны енді тиіп тұр.

Қалып қойған аждаһаның ұртында
Енді ол жерде сән құрмас-ты ғұрпым да.
«Мен қазаққа жат емеспін!» дейді үнсіз
Байтақ дала «Ұлы қорған» сыртында.

Жат қолында қалып қойған байтағым!
Жанарыңнан сенің де мұң байқадым.
Ертегіге сенбеймін бұл өзім де,
Ертеңіме енді не деп айтамын?!

Атажұртқа аңсары ауған әр уақта
Ата-әжелер еңірейді зарлап та.
Ұлы Қорған бергі жағы – тағдырлар,
Әттең-айы – шекарадан ар жақта…

Шын шекара қол бұлғайды «Қорған» боп,
Тағдыр бірақ әркез әділ болған жоқ.
Тажал-өрттің аузында тұр мөлдіреп
Қаракөздер өскен қара орман боп.

Қимастар-ай қалып қойған жырақта!
Енді амалсыз көнесіңдер сынаққа.
Тәнімізді бөлсе бөлер шекара,
Жанымызды бөле алмайды бірақ та.

Сол бір кеште жарқылдаған жасындай
Сол қарындас көрінді шын асылдай.
Жанарынан сорғалаған жаңбыры –
Қиырдағы бар қазақтың жасындай.

Солқылдатып жүректегі түкпірді,
Талай сырды көз жасымен ұқтырды.
Сол қарындас қамықтырып көңілімді,
Менің-дағы жанарыма шық тұнды…

Алқымына ащы өксік тіреліп,
Мені-дағы елжіретті бір елік.
Қасіретіме ортақтасты сол кеште
Астананың аспаны да түнеріп.

Жабырқаған жаны бөтен елдерде,
Жақынымды дауа бар ма емдерге?
Бәйтерекке қарап тұрып қол жайдым:
Бәйтеректі саялаңдар сендер де!..

Серік СЕЙІТМАН




Осыған ұқсас:

  1. Сайрагүл Сауытбайдың үйіне ұры түсті
  2. «Сайрагүлден Рәбия жасаудың керегі жоқ!» – белгілі журналист
  3. Сайрагүл Сауытбай тумысынан қолында «Алла» сөзі барын айтты (видео)
  4. Абзал Құспан. Сайрагүл Сауытбай туралы не білеміз?
  5. Қазыбек Иса. ҰЛЫ ҚЫТАЙ ҚОРҒАНЫН БҰЗЫП ӨТТІҢ !..
  6. СҮЙІНШІ ҚАЗАҚ! АЛАШТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ САЙРАГҮЛ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚТЫ!

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.