Қазақстанның Палестинаға қатысты ұстанымы өзгеріссіз қалады - Қайрат Әбдірахманов

Қазақстан достас Палестинаның барлық бейбіт ұмтылыстарына жәрдемдесетін болады. Бұл туралы Астанада Палестина Сыртқы істер министрі Рияд әл-Мәлкимен кездесуден кейін ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Палестинамен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға аса үлкен мән береді. Аталған ынтымақтастықтың негізін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде 1991 жылы Палестинаны азат ету ұйымының, Палестина Ұлттық Әкімшілігінің көшбасшысы марқұм Я.Арафаттың Қазақстанға, сондай-ақ Елбасымыз Н.Назарбаевтың 1995 жылы Палестинаға барған сапарларында қалады. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 26 жыл толды. Осы уақыт ішінде елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастармен бірге, БҰҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында көпжақты ынтымақтастығымыз дами түсті», - деп тоқталды Қ. Әбдірахманов.

Сонымен қатар министр Палестина халықаралық ұйымдар шеңберінде Қазақстанның негізгі халықаралық бастамаларын тұрақты түрде қолдап келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Палестина проблемасының реттелуі Таяу Шығыс өңірінде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатудың негізгі шарты болып табылатынына сенім арта отырып, Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындап, халықаралық қауымдасықтың толыққанды мүшесі болуын дәйекті түрде жақтайды. Қазақстанның аталған мәселеге орай ұстанымы өзгеріссіз қалады.Палестиндік-израильдік жанжалдың шешімі 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина мемлекетінің құрылуын көздейтін «екі халыққа екі мемлекет» қағидасы бойынша іске асуы тиіс. Түрлі қиындықтарға қарамастан, келіссөздер процесі әрі қарай жалғасуы керек», - деп нақтылады ҚР СІМ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатудың ажырамас шарты болып табылатын өңірдегі тұрақтылықты қалпына келтіру процесіне толық қолдауын көрсетуді жалғастырады. Сондай-ақ достас Палестинаның барлық бейбіт ұмтылыстарын әрдайым қолдап, барынша жәрдемдесетін болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәлкинің Қазақстан Республикасына сапары аясында екі құжатқа қол қойылды.