Елордада «Астананың мәдени мәтіні» халықаралық конференциясы өтеді

Астананың қалыптасуы Тәуелсіз Қазақстанның тарихын әспеттеп бергендей. Жаңа астананы салу идеясын ұсынған және іске асырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен тікелей байланысты.

Қазіргі кезде Астана – еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерін, ел дамуының әлеуетін мен оның жарқын болашағының айқын көрсеткіші.

- Уақыт өлшемінде Алаш елінің астанасы – әлем елдерінің қаласы болып қала берері сөзсіз. Астана – озық идеялар мен жаңа жобалар мекені. Біздің Астанамызды қазір әлем танып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтып өткендей, Астананың салынуымен қазақтың жаңа дәуірі басталды. Биылғы жыл Астанаға 20 жыл толып отыр. Осыған орай жер-жерлерде көптеген мәдени іс-шаралар өткізілуде. Ұлттық академиялық кітапхана да Астананың мерейтойына орай бірнеше іс-шараларды өткізуді жоспарлап қойған болатын. Бұған дейін біз «Әлем астаналарының шежіресі», Халықаралық балалар жазушыларының форумын өткіздік. Енді, жақын арада тамыз айының 23-25 күндері «Астананың мәдени мәтіні» атты Халықаралық-мәдени конференцияны өткізбекбіз, – деді кітапхан басшысы міндетін атқарушы Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов.

Н. Жолдыбалиновтың айтуына сүйенсек, конференция жұмысына шет мемлекеттердің кітапханаларының басшылары шақырылып отыр. Сондай-ақ, сәулетшілер, дизайнерлер, философтар, мәдениеттанушылар, әдебиетшілер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, мұрағатшылар, мұражай қызметкерлері қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, іс-шараға Астананың өткені, бүгіні мен болашағына қызығушылық танытатындар да өтініш бере алады.

Конференция аясында фото, кітап, көркем және тағы басқа көрмелер ұйымдастырылады.