Ақгүл Айдарбекова: Сағыныш

  Сағыныш   Жүргендейсіз хәлімді жылап- сұрап, Жерініп жүр ме екенсіз әлде менен? Екеуімізде батылмыз бірақ..бірақ.. Екеуімізде қорқамыз әлденеден.   Сан қилы тағдырымнан аттап ар да, Жанарым да моншағын жылап үзді. Көміп тастап жүрмін мен аппақ қарға, Сіз..Екеуіміз жасаған күнәмізді.   Біз қайтеміз керімсал, кезді бөтен? Ұмыт дейсіз, жаныштап арманымды, Сонда сіздің жаныңыз сезді ме екен? "Ұмытуды" ұмытып қалғанымды.   Жалғыздықтан жабығып тоңып, талдым. Хатыма менің мүлде үндемейсіз, Мен сізге тағы ғашық болып қалдым, Сіз не дейсіз..?   Сағыныш 2   Жалаң жұрттан естіп пе едім аз дап сыр? Махаббатым қалмаса екен маздап құр. Бұрын саған селт етпейтін жүрегім, Қақ жарыла жаздап тұр!   Қажет емес... ...Үмітімді сүйретпеу Қажет емес... ...Ғашық болып, күй реттеу Шырқағаның қажет боп тұр əніңді, Бірақ ол да сиректеу.   Тəңір егер қос мұңлықты қолдаса, Шұбар жолдар шыға қоймас онда аса. Сенен кейін жыламап ем негізі, Сəл көне алмай жүргендігім болмаса.   Семген сезім қажытқаны жауыр ғой. Түнде бізге келмейді ме тəуір ой? Тым болмаса тарту етші бір əнді, Үнсіз кеткен ауыр ғой.   Үш жарым.. Қарап қалсам сағатыма, "Үш жарым".. Күмілжиді көкейімде құштар үн. "Үш жарымды" көре бердім О неге ?! Сезінгендей бір беймәлім күш барын.. Өрілгенмен үш жарымда өлеңім, Қайда барсам сол уақытты көремін. Бәлкім сағат: "Үш жарымда" қуанам, Бәлкім сағат: "Үш жарымда" өлемін. Қапеліме қамсыз ойлар ереді. Болмаса да өзі жайлы дерегі.. Үш жарым жыл күтіп жүрген сүйгенім, Бәлкім сағат: "Үш жарымда" келеді. Көргеніммен ауық-ауық түн бетін, Жиі-жиі жыр оқимын түнге тым. Сағасы өткел сезімдерден дерт ішіп, Үш жарымда мұң шағады кімге- кім?! Таусылғандай жүректегі жыр-әні, Үркек ойдан арылмады түн әлі. Үш жарымда тоқтап қалған үйдегі, Барлығына біздің сағат "КІНӘЛІ" ! Қарап қалсам сағатыма, "Үш жарым".. 3:30   Еркелегім келіп кетті.. Сізсіз кешкен күндеріме көндіге, Сұлбаңызды іздеп жүрмін көшеден.. Әлде, сізге еркелегім келді ме? Өксіп- өксіп жылап алдым кеше мен. Сенделдім-ау..тоңып қалдым біршама, ..Мөлдір көзім.. Аласұрып іздеді. Жүзіңізден ызғар шашып тұрса да, "..Қоңыр қозым" деушедіңіз сіз мені. Өлең өрдім қаламыммен бақ қазып, Тым кесапат сезіміме қайғы ала. ..Сізге бүгін.. ..Жүрегіммен.. ..Нәп-нәзік.. Еркелегім келіп кетті жәй ғана.. Үркек ойдың аясы да кең еді, Кеуде тұсты шарпып алды жалмай сыз, Шер құшақта еріп кеткім келеді, Ал сіз тіпті еркелете алмайсыз..! Серттен тайып кеткеніммен шегініп, Шербет мұңға ынтық әрі құмар күз. Бәлкім, қазір өзге жанды еліріп, Еркелетіп отырған да шығарсыз..! *** Алматы.Метро.Театр. Келеміз көңілге симай мұң. Жігітті жасықтау, ұяты үр, Өзіме қимаймын. Арымды келмеді аттағым, Болсаң да пəк адам, жаны ізгі. Бірдеңе деуге де батпадым, Ұяң қыз тəрізді.. Қөрейін ақылға көніп бір, Жүрекке жетсе де сыр ауып. Ішімде өлеңім өріп жүр, Бірақ та жылауық. Бəрібір біз іштен тынайық. Күнім де содан соң тез өтті.. Бұл істі біржақты қылайық, Ойларым мезі етті. Еркелеп, қызғанып, күлемін. Күйіме көктем мен құмар күз. Жас қыздың жылауық жүрегің, Аяйтын шығарсыз.. *** Лас тірліктің желіккен соң көшіне, Аңғармаймыз таңы ма, əлде кеші ме? Тіршіліктен бір қажысам, əйтеуір, Білмеймін ғой, сіз түсесіз есіме... Болғандықтан арым аппақ, жаным гүл. Ештеңе етпес, өлең өрсем тағы бір. Көп нəрседен кешіксек де, сіз мені, Жақын тартып отырасыз бəрібір. Бар ма екен деп, хат- хабары, дерегі, Сағынтудың шеберісіз, шебері. Жанталаспен бір күнімді аяқтап, Қасыңызда тұра тұрғым келеді. Жүрегіме жұбаныш боп жыр, ар, мұң, Күнде сізбен жолығуға құмармын. Бұрын сізді ойламайтын едім ғой, Бəлкім, енді... Енді есейген шығармын. Лас тірліктің желіккен соң көшіне, Аңғармаймыз таңы ма, əлде кеші ме? Тіршіліктен бір қажысам, əйтеуір, Білмеймін ғой, сіз түсесіз есіме... Мен сүйетін бір адам Мен сүйетін бір адам оқып беріп таңға жыр, Жаным да емес, қыр да емес, Жұмысында дəл қазір. Мен сүйетін бір адам соқпақтарға ілбіткен, Шыдай алмай, шыдамай, Құлазып жүр тірліктен. Мен сүйетін бір адам, өзгешелеу, тыс əлем, Əйтпесе оны ұстап ап арманыма ұшар ем. Мен сүйетін бір адам құлақ түрмей сөз- үнге, Мен түгілі, құдай- ау, Түсінбейді өзін де. Мен сүйетін ұлы адам... болды ма екен шын бөтен? ...Жұмыста емес, дəл қазір Өзге жанмен жүр екен...   Мөлдір сезім Біздің жолды шарпыса да шатпақтар, Ақын қыздың аңғалдығын ақтап та ал! Менің мөлдір сезімімдей дəл қазір, Алматыға жауса екен аппақ қар! Жүрек тулап, басым ауып, күй маздап, Ессіздікке еліремін кейде аздап. Сізді мүлде жек көремін дей салдым, Сүйемін ғой дей жаздап.. Кім біліпті..жұбатар деп бұлай мұң, Сырқат түнде сынық ғұмыр құраймын. Кейде сізді ойлап алып əдейі, Жаным, тəнім үгілгенше жылаймын. Қайран басым..төмен қарай бұғады. Жалаң жұрттан естіп жүрмін сын əлі. Бəлкім бұлай болуына бəрінің, Ақындығым кінəлі.. Ақылсыз емеспін ғой Екі жақтан біркелкі егесті ме ой? Бізді тағдыр бақытпен жазалапты. Əйтпесе осы, ақылсыз емеспін ғой, Сүймейтіндей, сіздей ер- азаматты. Біз ортақ ыңылдайтын əн білдік пе? Жылы ағысқа əйтеуір тоңып жеттік. Бір қызығы, шулатып сəл жүрдік те, Бақытты болып кеттік. Берік қамал тұрғыздық осып ойдан. Аспан құлап жатса да мызғымайтын. Ештенеге қарамай қосып қойған, Сүйген құлы шығармыз, біз Құдайдың... Екі жақтан біркелкі егесті ме ой.. Бізді тағдыр бақытпен жазалапты. Əйтпесе осы, ақылсыз емеспін ғой, Сүймейтіндей, сіздей ер- азаматты.     Бəрі де жақсы болады Шалқытып шаттық пен шекер мұң, Жек көрдім оны да, ғасырды. Мен жылап қарсы алар ма екенмін Жиырма бір жасымды? Өлеңім, өмірім жырланса оң, Жан едің қыздарға ең игі. Ал мені желігіп тұрған соң, Барлығы көктемге теңейді. Жасымнан жиылып тамшы үйің, Бір шаттық бар шығар күзде кей. Туған күн... Қарсы алдым.. Əншейін.. Ол да сол іздемей... Еркелеу, жұбату, аялау. Ол да жоқ, жүрегім тоңады. Өткенге қарауды қоям- ау, Бəрі де жақсы болады.     Ұмыттыңыз Қажыдым ба? Күйреуік күйге енем көп.. Жазығым- ау кетсе егер көзден өлең. Есіңде ме? Мен саған үйленем деп, Сөз берген ең. Білесіз...оңды солды жүріс кімнен? Ашуға тиіс едік құлыпты біз. Уəдені еске алмауға тырыстым мен, Ал сіз ше? Ұмыттыңыз. Сезім бе еді өмірде жеңіс ерен? Ақүрпек арманымнан үй салсаңыз.. Мен қазір- ақ бəріне келісер ем, "Сүйемін" дей салсаңыз.   Мен тәттімін Мен салатын әнімді шырқап жетік, Елемейтін болыпсыз бекіп түзде ой. Суық тиіп қалғаның сылтау етіп, Сіз суып кетіпсіз ғой.   Суындым деген сайын тынып қалғам, Әлдекімнің ұстайсыз етегін кеп. Өзге қызға алыпсыз суықтардан, Өзгелерге өртеніп кетемін деп.   Жауратса да асқақтау жан мұздақтан, Сізде..менде..ода да тең бақ бүгін. Бөтен жанға әперген балмұздақтан, Бәрібір мен тәттімін!