Қарағандыда шенеуік анасының мазарын салу үшін пара алған

Қарағанды облысы Абай ауданы әкімінің орынбасары Димаш Сүлейменов қызмет бабын пайдаланып пара алған. Ол 1,5 млн теңге көлеміндегі қаржыны анасының мазарын салып, қонақасын беруге пайдаланбақ болған, деп xабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

2017 жылдың 26-шілдесінде Абай ауданы әкімнінің сол кездедегі орынбасары Димаш Сүлейменовтың көлігінен Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро қызметкерлері 1,5 миллион теңге көлемінде ақша тапқан болатын. Шенеунік ақшаның пара екендігін мойындаған. Ол екі апта бұрын қайтыс болған анасының бейітін көтеріп, асын беру үшін пара алғанын айтқан. Параны Д.Сүлейменовке «Аймақтарды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ғимараттар салумен айналысқан фирманың өкілі берген. Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары параны атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін алған.

Қарағанды соты оны 6 жылға бас бостандығынан айыру жайлы шешім шығарды. Сотталушы апелляциялық сотқа жүгініп, істі қайта қарауға өтініш түсірген. Алқа соты істі қайта қарап Д.Сүлейменовқа шығарылған үкімді өзгертіп, жазаны жеңілдетті.

«Сотталушының оң мінездемесі, кінәсін мойындап, өкінуі, бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығы соттың бірінші инстанциясында есепке алынбаған. Алқа соты соттың шешімі өзгетілуге тиіс деп есептейді. Сотталушыға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жайлы шешім шығарылды», - деді Қарағанды облыстық сотының судьясы Рашид Нұрмағамбетов.