Ағайынға арқа болған ағамыз

Түркістан облысы Шардара ауданының (бұрынғы Қызылқұм ауданы) тумасы, ағайынға арқа болған ағамыз, ауылдың қадірменді қариясы Жасұзақ Ізтілеуұлын 80 жасқа толған қуанышты күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ағамыздың өнегемен өрілген өмір жолына үңілсек, талайға тағылым боларлық үлгі көреміз. Жасұзақ ағамыз Ташкент халық шаруашылық институтында жоғары білім алып, экономист-бухгалтер мамандығын иегеріп шығады.

«Ер – туған жеріне» демекші, жас маман өзінің туған жеріне табан тіреп, ең алғашқы еңбек жолын Шардарадағы құрылыс материалдар комбинатында аға экономист қызметінен бастайды. Кейін өзінің жауаптылығының арқасында Шардара совхозының бас экономисі, «Целинный» совхозының партия ұйымының басшысы, осы совхоздың бас экономисі секілді жоғары қызметтерді абыроймен атқарады. Одан әрі де «Қазақстан» совхозының бас экономисі қызметін атқарып, аймақ экономикасының қарыштап дамуына елеулі үлес қосады. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарған абзал ағамыз Шардара ауданының құрметті азаматы атанды. Осылайша ел-жұртының ерекше құрметіне бөленген Жасұзақ Ізтілеуұлы зейнеткерлікке шығып, бейнетінің зейнетін көріп отыр.

Бүгінде Жасұзақ көкеміз «Алатау батыр» ауылындағы абыройлы ел ағасы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әулетінің өрісі күн санап кеңейіп келе жатқан ол өңір жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің артуына да орасан зор ықпал етіп келеді. Жасұзақ ағамыздың деніне саулық, тілеп, шаңырақтағы шат-мереке бақ берекеге ұлассын дейміз! Алла жар болып, алдыңыздан тек ғана ақ таң арайлап ата берсін! Бүгінгі күн тамаша бізге ерек күн! Ізгілікті әрдайым іздеп өткін. Асуларда бір Алла қолдай берсін, Жарқын күйде жүзіңіз Жүзге жеткін!

Құрметпен ініңіз – Жұман Шахайұлы qazaquni.kz