"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



МҰЗАЙДЫН МҰЗБАЛАҒЫМЕН ҚОШТАСУ (Видео, фото)

Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында мұзайдын мұзбалағы, Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы, Қазақтың қара баласы Денис Тенмен қоштасу басталды. Көшеде адамнан ине шаншар жер жоқ. Ұзаққа созылған кезектің соңы Қажымұқан стадионынан басталады.

Халықтың сүйіктісіне айналған Денисжанымыз нағыз Қазақтың қара баласына – әлемдік аламандарда олжа салған дара баласына айналып кеткеніне көз жеткіздік. «Мен Қазақпын»-деп әдемі күліп жүретін ұлымызға Қазақтың да көңілі зор, ықыласы ыстық екенін көрдік. 

Денис Теннің қайғылы қазасы Қазақстанда барлық өзге ұлт өкілдері бір Қазақтың көк Туы астына бірігіп кеткенін көрсетті.

Сүйікті ұлдарымен қоштасып жатқан елде есеп жоқ – ағылуда….
Біз де қаптаған халықтың ішінен баспасөз қызметкерлері тобымен бірге сыналап зорға кіріп үлгердік. Елмен бірге Денис Тен суреті ілінген, денесі қойылған табыт жанына гүл қойып, жүріп өттік. Бір минут та кідіруге болмайды, күтіп тұрған ел көп. Жұбайым Жәннат  та Түркістан облысы Жетісай ауданы Нұр ауылындағы Шәрипа Әлиханова апайымыздың аманатын орындап, гүл шоқтарын қойды…  Алдыңғы қатардың оң жағына Денистің әке-шесесі, туған туыстары жайғасыпты. Сол жағында Олимпиада чемпиондары, әйгілі спортшылар отыр. Денистің ауыр қайғыда отырған әкесі мен шешесіне көңіл айттық… Жандарында досын соңғы сапарға шығарып салуға Америкадан ұшып келген әйгілі әлем чемпионы Геннадий Головкин де отыр екен.

Сағат 10-50-де Денис Тенмен қоштасудың қаралы митингісі басталды. Оны ғылым докторы Раxман Алшанов жүргізді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы Елбасының көңіл айтуын оқып беріп, қоштасу сөзін айтты. Алматы қаласы әкімінің орынбасары С. Тәкежанов Алматы қаласы әкімі Б.Байбектің көңіл айтуын оқыды. Спорт комитеті төрағасы Қанағат Елсияров көңіл айтуын қазақ тілінде білдірді.
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те жүрекжарды сөзін өзегі өртеніп тұрып өз тілінде жеткізді.

Денис Тен денесі салынған табытты соңғы сапарға алып шығу кезінде зал толы халық тік тұрып қоштасты. Жылап жатқан халық сүйікті ұлдарын Денис Теннің өзі шығарған ағылшын тіліндегі «She won’t be mine» деген мұңды әнімен шығарып салды.

Марқұмның денесі Дружба ауылындағы зиратқа жерленді.

Қоштасу уақыты белгіленген бір сағатта қалың халықтың  жартысы да кіріп үлгермеді.  Олар Денис Тенді сыртқа алып шыққанда жаппай қоштасып қалды… «Таңғы 8-де келсем де, қоштасып қалуға, гүл қоюға  ішке кіре алмадым, қандай өкінішті!» дейді бір қазақ әйелі  мұңайып…

Иә, Денис Тендей  Қазақтың сүйікті ұлын ел ешқашан ұмытпайды!..

Қазыбек ИСА,

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 




Осыған ұқсас:

  1. Алматыда марафон кезінде 18 жастағы жігіт қайтыс болды
  2. Денис Теннің өліміне күдіктінің анасы: Ұлымның адам өлтіргеніне сенбеймін
  3. ҚазПИ-дің іргетасына 90 жыл емес, 100 жыл толды
  4. «Өліспей беріспейміз»: Алматыда желтоқсан белсенділері қарсылық митингіне шықты (ВИДЕО)
  5. Мемлекеттік тілге миы жетпейтін адам қалайша «халық қалаулысы» бола алады?
  6. Вячеслав Вавилин: ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУГЕ ТИІСПІЗ! Ол үшін бүкіл БАЛАБАҚША ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ болуы керек.

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.