"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



Енді салығын уақытылы төлемегендер жалақыдан қағылады

1 шілдеден бастап салығын уақытылы төлемегендер жалақыдан қағылады, шетелге шыға алмайды. Бұл шара қанша қарызы бар адамға қолданады?

Жаңа нормаларды оқырман қауымға түсіндіру мақсатында informburo.kz порталының мақаласын ұсынуды жөн көрдік.

Көпшілік салықты мәжбүрлі түрде емес, өз еріктерімен төлегенді қалайды. Ол үшін әрбір жеке тұлға өзінің қарызының бар-жоғын тексеріп отыруы керек. Уақытында төлеуді ұмытып кету деген болуы мүмкін ғой.

Осындай жағдайдың барлығы ескеріліп, жаңа салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Салықшыларға қарыздан жалтарғандарды жаппай жазалау мүмкіндігі берілді. Олар осы тәсілі арқылы ақшаны қазынаға қайтарамыз деп сеніп отыр. Сондықтан, сот үкіміне селсоқ қарайтындар соңында бармақ тістеп қалуы әбден мүмкін.

Салықтан жалтарған заңды тұлғаларға, кәсіпкерлерге, әрі жеке тұлғаларға қолданылатын жаза әр түрлі. Соның ішінде жеке тұлғаларға қатысты бөлігін қарастырсақ.

Борышкерлерге банктер қызмет көрсетпейді

Салық төлемегендер «отпен» ойнап жүр. Бұдан былай Салық кодексінің 24-бабына сәйкес салық төлемегендер банк карталарымен қандайда да бір төлемдерді жасай алмайды. Берешегін өтегенше есепшот аша алмай, енді кері қайтады. Сондай-ақ, борышкерлерге жалақы картасы да рәсімделмейді. Әрі онлайн сауда-саттық жасау, құнын бөліп төлеуге болатын тауар алу сияқты мүмкіндіктерден айырылады.

– Егер салық төлеуші кәсіпкерлік қызмет үшін, әлде басқа мақсаттарымен банктік шотын ашуға ниет етсе, салықтық берешегі жоқ екеніне көз жеткізуі керек. Банк қызметкерлері сізге қызмет көрсетпес бұрын ең алдымен сіздің салықты төлегеніңіз туралы деректі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтер базасынан қарай алады. Берешегі барлардың банк картасы бұғатталады. Осыған дейін салық төлемегендер емін-еркін жүретін. Енді олар қайткен күнде де қарызы болса, міндетті түрде төлеуі керек, – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хатшылығының бас сарапшысы Айнұр Сартаева.

Есепшотыңыз бұғатталса, төлемеген қарызыңыз бар

«Елордада Сарыарқа ауданының 70 мыңнан аса тұрғыны салықтан қарыз, айыппұлдарын төлемеген. Шілдеде енген өзгерістер бойынша олар жалақысыз қалуы мүмкін. Астана қаласы мемлекеттік кіріс басқармасы 1000 адамның есепшотын бұғаттап, салдарынан олар шетелге ұшып кете алмаған» деп хабарлады мемлекеттік кірістер басқармасы.

Салық бойынша қарызы 48 мыңнан асқандар шекарадан да әрі аса алмайды

Төлемеген салығы 20 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асып кетсе, борышкердің ісі сот орындаушысына жіберіледі. Бұл жерде 1 АЕК – 2405 теңге екенін еске сала кетейік. Сонда 48 мың 100 теңгеден аса салықтық қарызы барлар шекарадан әрі аса алмайды.

Сот орындаушылары борышкерлер тізімін Әділет министрлігінің сайтында жариялайды. Солардың қатарында бар, жоқ екеніңізді алдын ала білуге болады. Демалысты жоспарлар алдында, ұшаққа билет алар кезде өзіңіз туралы мәліметтерді ыждағаттап тексеріп, егжей-тегжейлі біліп алған дұрыс.

Еш кедергісіз шетелге шығу үшін, салықты уақтылы төлеген жөн. Әйтпесе, тура шетелге кететін уақытта өтелмеген берешегіңіз туралы біліп тұрсаңыз, алған билетіңіз «күйіп кетеді».

ҚР шекарасынан өтуі уақытша шектелген тұлғалардың тізімінде бар немесе жоқ екеніңізді білгіңіз келсе, мына нөмірлерге хабарласуыңызға да болады: 8 (7172) 74-04-92, 74-06-33. Сайт арқылы анықтағанды жөн санасаңыз, сілтемесін мақаланың соңынан табасыз.

Алматы қаласы Әділет басқармасы басшының орынбасары Берікбол Сіменов Алматы, Шымкент, Қарағанды, Астана қалаларындағы әуежайларға терминалдар қойылғанын айтады.Тап ұшар кезде төленбеген салығы барын білсе, сол терминалдан төлейді. Бірден бірыңғай борышкерлік тізімнен алынады, шектеу алынып тасталады.

Деректер «айқайлап» тұр

– Борышкерлердің қатары күн санап артып келеді. Мысалы, 1 шілдеге дейінгі дерек бойынша салық төлемегендердің саны 1 640 443 жетіп отыр. Оның 90 пайыздан астамы жеке тұлғалар. Көрдіңіз бе? Аз көрсеткіш емес. Жыл басындағымен салыстырғанда борышкерлердің саны 247,5 мың адамға, яғни 20 пайызға өсті. Берешек сомасына келер болсақ, 27,4 млрд теңге. Сонда осыншама ақша бюджетке түспей тұр. Олар мемлекетке қарыз екенін ұғынулары керек. Жыл басындағымен салыстырғанда берешек 8,3 млрд теңгеге немесе 43,5 пайызға өскен. Қарызы барлар төлеуі керек! Заңға енгізілген өзгеріс әрбір жеке тұлғаның салық төлеуі конституциямен міндеттелгенін еске салады, – дейді Айнұр Сартаева.

Енді жеке тұлғаның салық қарызы сотсыз өндіріледі

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін салыққа салғырт қарағандардың мәселесін тек сот шешетін. Барыс-келіс көп еді. Оның үстіне сот орындаушыларының өзіндік пайыздары бар. Олар төленбеген салықты өндіріп, оның үстіне сол өндірілген соманың 25 пайызын қосып алады. Сондай-ақ, түрлі шектеулер қояды.

Жаңа өзгеріс бойынша, жеке тұлғаның мүлкіне салынған салық сомасын комитет бұйрық арқылы өндіріп ала алады. Салық төлеушіге алдын ала ескертіледі. Яғни, тиісті хабарлама жолданады. Салықты төлеуге тағы 30 жұмыс күн беріледі. Одан кейін де берешек төленбеген жағдайда салықтық бұйрық шығарады. Оны орындату үшін сот орындаушыға жолдайды. Бұдан әрі қарызды өндіріп алу шаралары қарастырылады.

Бұрын салық инспекторының тексеріске куәгер қатыстырмауға құқы бар еді. Енді тінту, хаттау ісіне куә ретінде бөгде адам да қатыса алады.

Қылмыстық жауапкершілікке кімдер тартылады?

Салықтық тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда борышкер сот алдында жауап береді. Нақтылай түсер болсақ. Салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтарғандар мен әдейі жалған банкроттықты жариялағандардың ісін тергеу үшін салықшылар құқық қорғау мекемелеріне жібере алады. Мысалы:

  • Кірістері мен шығыстары туралы декларацияны тапсырған кезде нақты деректі жасырып қалса;
  • Мүлкі туралы бұрмаланған мәліметтерді енгізсе;
  • Шот-фактурада көрсетілген деректер өтірік болса (яғни, тауарлар тиеп-жөнелтілмесе де іс жүзінде орындалмай, қағаз жүзінде рәсімделсе);
  • Мемлекет қазынасына төленетін басқа да міндеттерді төлемеуге әкеп соқса, ҚР Қылмыстық кодексінің 244 бабымен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Онда оларға үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберіліп, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектелуі ықтимал. Не болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Айта кетейік, бюджетке түспеген төлемдердің көлемі 20 мың АЕК-тен асса, ірі мөлшер ретінде есептеледі.

Берешегі бардың көбі көлік салығын төлемегендер

1 477 863 борышкер жеке тұлғаның 685 117-сінің мойнында көлік салығы ілініп тұр. Сонда 15,7 млрд теңге қазынаға жетпей қалтада жүр. Елімізде халық көбінесе мүлік, жер, көлік салықтарын төлеуге асықпайды екен. Сондықтан өз жауапсыздығынан опық жейді.

Қарызды бөлеп төлеуге болады

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Асқар Тынысбековтың сөзінше, соңғы 5 айда Алматыда 26 салық төлеуші 1,3 млрд теңге қарызды бөліп төлеу құқына ие болды. Олар борыштарын 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен өтемекші.

Былтыр 69 салық төлеуші 2,4 млрд теңге салықтың өтеу мерзімін ұзартуға рұқсат алды. Бұл жаңа салық кодексінің 51 бабы негізінде мүмкін болды.

2017 жылы азаматтарға 4 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 91,2%-ы электронды түрде атқарылды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 94,1%-ға жетті. Мемлекеттік қызметке жүгінетіндердің 99,5%-ы салық төлеуге қатысты сұрақтарды электронды түрде шеше алады.

Салық бойынша қарызыңызды ұмытсаңыз…

Халық қаншалықты мөлшерде мемлекетке қарыз екенінен хабардар болуы керек. Осыған байланысты салық мекемелері жеке тұлғалардың мүлік, жер және көлік салықтары бойынша төлемеген қарызы болса, мынандай жағдайларды ескертеді.

Біріншіден, комитеттің www.kgd.gov.kz сайтына, «Электронды үкімет» порталына жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы (ЖСН) кіресіз. Онда «Салықтық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» деген сервисті таңдайсыз. Сол жерден қаншалықты қарызыңыз бар екенін білуіңізге болады.

Екіншіден, көрсетілетін коммуналдық қызметтер үшін есеп айырысар құжатта салық берешегі де қоса көрсетіледі.

Үшіншіден, берешегіңіз 2405 теңгеден (1 АЕК) асса, салық төлеушінің ұялы телефон нөмірлеріне қысқа хабар жіберіледі.

Төртіншіден, борышкердің электрондық поштасына мәліметтер жолданады. Ол – салық төлеушіге жеке өзінің қолы қойылатын құжат. Онда мемлекеттік кіріс мекемелері есептеген салық сомасы көрсетіледі. Ол үшін әрбір адам өзінің тұрғылықты жері бойынша салық мекемелеріне барып, электронды поштасының мекен-жайы мен байланыс нөмірін деректер базасына тіркетуі керек. Әйтпесе, сізге ешқандай хабарлама жіберілмейді. Сондықтан, «ешкім маған қарызым туралы айтпады» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Берешегіңіз болса, дереу құтылуға асығыңыз!

Борышкерлер тізімінен өзіңізді көргіңіз келмесе, онда…

Берешек сомасын «Қазпочта» АҚ касса қызметтері мен терминалдары, Post.kz пен www.kaspi.kz веб-сервистерінің көмегімен онлайн төлеу функционалы және IOS пен Android (смартфондар) базасында мобильдік қосымшалар арқылы төлеуге болады. Сол кезде борышкердің деректері автоматты түрде жойылады.

Берешек сомасы туралы мәліметтерді алу үшін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу немесе «Қазпочта» АҚ касса бөлімдеріне жүгіну талап етіледі.

Сондай-ақ, атқарушылық құжат бойынша берешекті кез келген банк бөлімінде төлеп, одан әрі төлем түбіртегін сот орындаушысына ұсынуға болады. Сол кезде ғана сот орындаушысы бір тәулік ішінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарып, борышкерлердің бірыңғай тізілімінен алып тастайды.

Келесі телефон нөмірлері арқылы қызмет жұмысы бойынша кеңес алуға болады: 8 (7172) 74-04-92, 74-06-33.

Көлік салығынан кімдер босатылады?

  1. Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері, жеңілдіктері мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар;
  2. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
  3. 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
  4. Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаҺарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері»атақтарын алған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан»орденімен наградталған адамдар, «Батыр ана»атағын алған, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқаларымен» марапатталған көп балалы аналар салық салу объектісі болып табылатын бір автокөлік құралы бойынша;
  5. Меншігінде мотоколяскалары мен автомобильдері бар мүгедектер бір автокөлік құралы бойынша салық төлеуден босатылады. Егер аталған жандардың екі автокөлігі болатын болса, онда біреуіне көлік салығын төлемейді. Ал екіншісіне міндетті түрде төлеуі керек.

Көлігіңіз ұрланса, бірден үйіңіздің маңайындағы салық мекемесіне хабарлаңыз. Көлікті іздестіру кезінде, қылмыстық іс қозғалған уақыттарда салық төлемейсіз. Ал, көлігіңіз табылса, қылмыстық істі тоқтату мәліметі келген күннен бастап салықты есептеу қайта басталады.

Жер салығынан ше?

Көлік салығынан босатылғандардың 1, 2, 3 тізімінде көрсетілгендер мен бала кезден мүгедек болғандар, мүгедек балалардың ата-анасының біреуі, жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мыналарға төленетін салықты төлемесе болады.

Олар:

  1. Тұрғын-үй қоры, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелері;
  2. Үй маңындағы жер учаскелері;
  3. Құрылыс алып жатқан жерді қоса алғанда, жеке (қосалқы) үй шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері;
  4. Гараждар орналасқан жер учаскелері бойынша.

«Батыр ана» атағына, «Алтын алқамен» марапатталған көп балалы аналар, жеке тұратын зейнеткерлер 1, 2 тізбесіндегілер мүліктеріне салықтан босатылады. Бұл қатарға діни бірлестіктерді де қоса кету керек. Осы тұстағы жеке зейнеткерлерге тұратын жерінің мекен-жайы бойынша тіркелгендер жатады.

Мүлік салығынан босатылатындардың мүлкінің құны шекті мөлшерден аспауы керек

Көлік салығынан босатылғандардың төртінші тізбесіндегілер (тек «Күміс алқа» иегері кірмейді) мен балаларынсыз, жалғыз өзі тұратын зейнеткерлерінің мүлкінің құны 1 қаңтарда қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде болуы керек. Бұл жердегі бір АЕК 2405 теңге болғандықтан, мүлік құны 2 млн 405 мың теңгесінен ғана салықтан босатылады. Яғни, қалғаны шекті мөлшерден асса, мүлік иесінің өзі төлеуі керек.

– Егер мұндай шектеу болмаса, көп балалы ананың атынан бір емес бес пәтерді тіркеп қояр еді. Бір адамның соншалықты табыс табуы мүмкін емес қой, – дейді Айнұр Сартаева.

1, 2, 3 тізбесінде көрсетілгендер мен мүгедектерге де талап тура осындай. Тек шекті мөлшерде айырмашылық бар. Мысалы, мүлкінің құны айлық есептік көрсеткіштің 1500 еселенген мөлшері шегінде болуы керек. Демек, 3 млн 607 мың 500 теңгеге дейін салықтан босатылады. Егер ол сомадан асып кеткен жағдайда, үстіндегісінің салығын мүлік иесі өзі төлейді.

Сонымен қатар, жетім балалар мен 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мүлік салығынан босатылады.

Жетім балаларды асырап алғандар жылдық табысының мөлшеріне қарай табыс салығынан босатылады. Қараусыз балаларды асырап алған отбасының табысы 2,1 млн теңге көлемінде болса, енді олар салық төлемейтіндер қатарына кіреді.

Мүгедек болып қалған ата-ананың біріне жер салығы, тіркеу алымы, мемлекеттік баж бойынша жеңілдік қарастырылған.




Осыған ұқсас:

  1. «Ақ жол» партиясы Елбасы Жолдауын талқылады
  2. Назарбаев шағын және орта бизнеске рақымшылық жасауды тапсырды
  3. Азат Перуашев ауыл кәсіпкерлерін салықтан босатқан өзбек елінің тәжірибесін мысал етті
  4. Еңбек министрлігі үйі мен көлігін сатқандардың зейнетақы қорына ақша аударуы туралы ақпаратқа түсінік берді
  5. Қаржы министрлігі Парижден 65 млн еуроға пәтер сатып алған қазақстандық туралы айтты
  6. Қазақстандықтар барлық кірістері мен мүлкі туралы есеп береді

Facebook арқылы пікір жазу



Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.