«Докторантураға тапсырамын»: Мейрамбек Беспаев «тегін оқыдың» дегендерге жауап берді

Осыдан 1-2 апта бұрын Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Мырзантай Жақып магистратураға деп бөлінетін білім гранттарының кімге кетіп жатқанын ашық айтып елді біраз шулатқан еді. Оның айтуынша, жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі талантты жастарға емес, сабаққа мүлде келмейтін жұлдыздарға үлестіріледі. Оладың ішінде Мейрамбек Беспаевтың да барын айтқаны сол-ақ екен жұрт жапа тармағай Беспаевты қатал сынға алып, сөге тастады. Тіпті, орынды-орынсыз оны жақтаған журналистер мен әріптестері де табылды.

Ал Беспаев ғылыми ізденісін одан әрі жалғастыратынға ұқсайды. Ол алдағы уақытта ұстазы әрі композитор Алтынбек Қоразбаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, докторлық диссертация қорғауды қолға алмақ.

«Алтынбек Қоразбаев туралы тақырып зерттелмеген екен. Бұл кісінің қазақ мәдениетіндегі орны, еңбегі, сол тұрғыда жан-жақты зерттеулер жүргіздім. Ұстазымның қасында менен көп жүрген адам жоқ шығар. Сондықтан кішігірім документалдық фильм жасадым. Оның ішіне бәрі сыймаса да, 30 минутқа сыйдырып, жақсы дүние жасадық.

Жалпы әрі қарай дамытсам да деп ойлаймын. Көп нәрселерді аштым. Стамбұлға барған кезде де, сол жақтағы консерваторияда түркі әлемімен біздің ұқсастығымыз, музыкамыз, бізді не байланыстырады, сол туралы көп нәрсе аштым. Ал енді жоқ, жоғары білім бар ғой деп жүре берсем, жүре бергендей болады екенмін. Өнердің төңірегінде көп жаңалықтар аштым, ұстаздарға рақмет айтамын.

Оқығым келеді, әрі қарай уақытқа да байланысты. Бұл жолы да гастрөлдік сапарлар болды, ізденісте жүрдім», – дейді ол 31 арнадан шығатын «Айта берсін» бағдарламасында.

Осы ретте айта кету керек, осыдан бірнеше жыл бұрын Алтынбек Қоразбаевты өнердегі әріптесі, композитор Марат Ілиясов «әнімді ұрлады» деп сотқа берген болатын. Сотта Қоразбаевтың әнді ұрлағаны дәлелденді. Енді Мейрамбек Беспаевтың болашақ диисертациясында бұл оқиға көрініс таба ма, жоқ па, ол жағы уақыттың еншісінде.

Дереккөз: sn.kz