Бурабайға демалуға тек орыс тілінде білім алған балаларды жіберіңдер деді - қоғам белсендісі

Шынымен сұмдық болыпты! Батыс Қазақстандағы «Еділ-Жайық қазақтары» қоғамының төрағасы Аманжол Зинуллин өңірге келген Мәжілісінің депутаттарын әбден сілкіледі.

11-шілде күні өңірде Мәжіліс депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған Наринэ Микаелянмен кездесу болған.

Бұл туралы kaz.365info.kz өңірдегі ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа сүйеніп хабарлайды.

Міне, осы кездесуде сөз алған ашынған белсенді масқара жәйттердің бетін ашты.

— Қазақстан халқының Ассамблеясы елді айрандай ұйытып, біріктіретін ұйым емес, керісінше, ел арасына іріткі салып, ұлтына қарай бөлшектейтін ұйым. Жақында Астанадан бір-бір баладан Бурабайға демалуға жіберіңдер деген шақыру келді. Атап айтарлығы, орыс тілінде білім алатын балаларды жіберіңдер деп, атын атап, түсін түстеп жіберіпті. Ызадан жарыла жаздадым. Мұны қалай түсінуге болады? Қазақ сабыр сақтай алатын, салқын қанды, шыдамды ұлт. Бірақ кез келген шыдамның да шегі бар ғой! Міне, біз қазір депутаттарды тыңдап отырмыз, ал сіздер қазақ тілінде бір ауыз сөз айтқан жоқсыздар. Жақында Ассамблеядан хатшы Леонид Прокопенко деген азамат келді. Ол да мандытпады, қазақ тілінде бір сөйлем айтуға жарамады. Ал оның осы Ассамблеяның басы-қасында жүргеніне талай жыл болды. Міне, ел үміт артқан азаматтың сөзі мен ісіндегі алшақтық бірден көзге ұрады, — деді әбден ашынған Аманжол Зинуллин.

Сонымен қатар, белсенді өзінің сөзінде қазақ тілінде бір ауыз айтпаған, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутатқа да шүйлікті.

— Мен ешкімді айыптағым келмейді. Неге біздің депутаттар Елбасының мемлекеттік тілдің абыройын арттырып, қазақ тілін бүкіл халық қолданатын тілге айналдыру туралы үндеуіне құлақ аспайды, – деді ашынған қоғам белсендісі.

Аманжол Зинуллиннің айтуынша, соның салдарынан, қазақ тілі мемлекеттік қызметшілер мен саясаткерлер арасында ғана емес, сондай-ақ қарапайым халық арасындағы өзектілігінен, қажеттілігінен айырылуда.