Қадиша Ермекбайқызы: Би өнері – халықтың тұрмыс-болмысын бейнелейді

Қадиша Ермекбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» театрының көркемдік жетекшісі:

БИ ӨНЕРІ - ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫС-БОЛМЫСЫН БЕЙНЕЛЕЙДІ

Астанамыздың мәдени дамуына, қазақ өнерінің өрісін кеңейтуде Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы жемісті еңбек етіп келеді. Басқарманың биылғы үлкен жобаларының бірі – «Елордамыздың 20 жылдығына орай Қазақстан өңірлеріндегі Астана күндері». Осы жоба аясында «Наз» мемлекеттік би театры «Елімнің жүрегі – Астана!» атты концерттік бағдарламамен Қостанай, Қарағанды қалаларына барып келді.Алдағы айларда Алматы, Шымкент,Тараз, Талдықорған қалаларына гастрольдік сапар күтіп тұр. Елордамызда би өнерін қалыптастырушылардың бірі Қадиша Ағымбаева еді. Кезекті концерт алдында театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер, ҚР Еңбек сіңірген қай­рат­кері Қадиша Ермекбайқызымен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. – Қадиша Ермекбайқызы, жастық шағыңыз, өнер әлеміне алғашқы қа­дамыңыз әсем Алматыда басталған еді. Астанамыздың мәдениетін көтеруге, атсалысуға шақырғанда ұсынысты қалай қабылдадыңыз? – Ол сәт өмір бойы есімнен шықпас. Кез-келген өнер адамы үшін ару Алматы – руханияттың алтын бесігі ғой. Шығармашылығым 1987 жылы Алматыдағы Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының «Алтынай» фольклорлық би ансамблінде балет артисі қызметінен басталған еді. Өмірлік серігімді де осы құдіретті өнер жолында таптым. Жұбайым Ағымбаев Еркебұлан Мүлікұлы да осы ансамблдің жеке орындаушысы болатын. Алматы бізді жатсынбай бауырына басты. Өстік, өндік,өмірлік тәжірибе жинадық. Нағыз ақыл-ойымызбен, өнеріміздің толысып тұрған шағында жаңа Астанада кәсіби халық би ансамблін құруға шақырды. Тәуекелге бел будық. Сөйтіп, 1999 жылы Астана қаласының тұрғыны атанып, Еркебұлан екеуміз аз уақыт ішінде, ансамблдің шығармашылық репертуарын жасадық. Содан бері Астанадағы мемлекеттік іс-шаралардың барлығында да «Наз» мемлекеттік театры қатысып келеді. – Қазір Қазақстанның өңірлерін ара­лауға шықтыңыздар. Байқауымызша, мұ­ның соңы үлкен концертке ұласатын тәрізді. – Бұл концерттік бағдарламамыздың өзі әдеттегі концерттерден өзгеше. Себебі, біз бағдарламаны Астанамыздың айбынын асқақтатын, халыққа Елордамыз жайлы ақпар беретіндей етіп жасадық. Би өнері – өте күрделі жанр. Сөзсіз тек әрекет пен қимыл арқылы ойыңды, мақсатыңды жеткізу үшін аянбай тер төгу керек. Бұл жерде қарап отырсаңыз бимен қатар ойыңды ашатындай музыка табу. Оған сәйкес сахналық костюм дайындау. Суретшілердің кеңесімен сахналық көркем декорациялар құру. Мұның барлығы шығармашылық ізденістен, парасат пайымыңнан туатын дүние. Осы концертті даярлау барысында бірнеше тың жаңа хореографиялық композициялар және жаңа әндер келді. Өнер адамында шабыт деген тылсым күштің бар екенін білесіздер. Осындай ізденісте шабытың да үнемі қасыңнан табылса, онда бағыңның жанғаны. Әлі алда Павлодар, Тараз, Шымкент, Талдықорған, Алматы сынды шаһарларда үлкен концерттеріміз тұр. Сол сапарларымызды ойдағыдай аяқтасақ, «Елімнің жүрегі – Астана!» концерттік бағдарламасын Астанамыздың үлкен сарайларының бірінде қойып, елорда жұртшылығына би құдіретін тағы бір танытсақ деген ниетіміз бар. – Ұжымдарыңыз ансамбль емес, «мемлекеттік би театры» деген статусқа ие. Би театрының жалпы мақсаты, ұстанымы қандай? – Театр құрылғалы бері біздің ұжым би өнерінде үлкен жетістіктерге жетті. Бояуы қанық ұлттық нақыштағы қазақ биінің алуан түрін көрермендарге тарту еттік. Халықтық биді дамытумен қатар, өзге ұлттар мен ұлыстардың салты мен дәстүрін танытатын небір ғажайып билерді сахналадық. Би өнері де халықтың тұрмыс-болмысын бейнелейді емес пе! Сондай-ақ, «Тұйғындар» (2005ж.), «Болеро» (2009ж.), «Нұрғиса» (2010ж.), «Мың бір түннің бір түні» (2013ж.), «У-сана»(2018 ж.) атты хореографиялық спектакльдерді қойдық. Жан-жақтан кәсіби би режиссерлі мен білікті мамандарды шақырып, тәжірибе алмастық. Театрдың басқа театрлардан көркемдік, шығармашылық деңгейінің кем еместігін көрермендер мен театр сыншылары айтып жүр. Ұжым «Театр» деген атқа толықтай лайық. Әрине, сән салтанаты келіскен ғимаратымыз болса, біз де басқа драма театрлары сияқты аптасына бірнеше рет қойылым қоюға мүмкін­ді­гіміз бар. Ұстанымымыз – «театр» деген ұғым­ның барлық талаптарына жауап беріп, өне­рімізді заман көшінен қалдырмай ұштай беру. – Сөз соңында алдағы жоспарларыңызды білсек. – Жоспарымыздың шет жағасын ғана айтайын. Біздің театрымыз тарихи қойылымдарды сахналағанды құп көреді. Келер жылы «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклін қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл шығарманы таңдағанымызға біраз уақыт болды. Дайындық та басталып кетті. «Шыңғысхан» тақырыбы тек қазақ халқын ғана емес әлем тарихшыларын, киногерлерді қызықтыратын, құпиясы мол тарих. Алайда, би театрында алғашқы рет қойылғалы тұр деп ойлаймыз. Одан бөлек тағы тарихи спектаклдеріміз бар. Ол әзірге құпия бола тұрсын. Оны кезінде көрермендеріміз өздері көріп бағасын бере жатар... – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Толқын Сұлтанова qazaquni.kz