Мүсіреповке муза болған актриса қарттар үйін паналап жүр

Алматыға келіп, студент болғаннан бері театр біздің рухани орталығымызға айналып кеткендей. Сабақтан шаршағанда немесе қолымыз қалт еткенде, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры мен Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына асығамыз. Бір жолы қойылым басталудың алдында белгілі актриса Нұржамал Қазақбаева апамыз «Шіркін-ай, қазіргі жас актрисалардың бәрі әдемі. Бірақ Ғабит Мүсіреповтың көзі түскен айымторылар жоқ қой» дегенін естіп қалдық. Алматыдағы екі театрдың әртістерін түгелдей болмаса да, біразын танып қалғанбыз. Ары ойланып, бері ойланып Айымторы деген есімді таба алмадық. Содан кейін ғаламторға жүгініп, газет тігінділерін ақтаруға тура келді. Таптық. Іздегеніміз Айымторы Тайғаринова есімі белгілі актриса болып шықты.

Қара сөздің Мүсіреповы: Сахнада екі адамның диалогын, бір-бірімен алма-кезек сөйлескенін, характерлерін ажыратып, әр адамның өз мінезіне сай детальдарымен даралап, саралап, бейнелі образ тудырып, ашып, көз алдымызда тірі адамдарды жасадың. Бұл үлкен шеберлікті талап етеді. Сен біз күткен үдеден шықтың. Бұрын қазақтың Айымторы Тайғариновадай өнерлі, талантты актер қызы саусақпен санарлықтай аз еді. Қалқам, Айымторы! «Торы» деген менің отызыншы жылдардағы бүркеншік, лақап, жазба атым болған. Сондықтан атың да, өзің де маған сүйкімді, көңілге қонымды көріндің», – деп тамсаныпты. Қарымды қаламгер, дарынды драматургтің бағасынан кейін бізге Айымторыны табу бір жағы міндет сияқты, бір жағы қызық тақырып сияқты көрінді. Іздеуді одан ары жалғастырдық. Тағы да таптық. Бұл жолы газет қиындысынан емес, Алматыдағы қарттар үйінен…

Біз іздеген актриса

Ғабеңнің көңілі құлаған, біздің көкейіміздегі сұлу актриса қарсы алдымызда тұр. Бір кезде сахнаның гүлі болған айдай ару – қазір шүйкедей кемпір. Жүзін ұсақ әжім басқан, көзі мұңға толы кейуана. Өзін өзі таныстырмаса, оны Мүсірепов тамсанып, таңдай қаққан Айымторы деу қиын! Жастықтың базары қайтқан, жүзінің ажары тайған театрдың тотықұсы көз алдымызда өзінен-өзі жасып, мүжіліп тұрғандай көрінді. Аман-саулықтан соң апамыз бізді бөлмесіне қарай бастады. Кірдік. Бір адамға шақталған бөлме іші тап-таза, құстың ұясындай жып-жылы екен. Төсек, үстел-орындық – бәрі өз орнында тұр. Қабырғада басына әдемі қоңыр бөрік киген, өткен ғасырдың Қыз Жібегіндей сұлу да, сырбаз арудың портреті ілініп тұр. – Апаларыңды іздеп келгендеріңе рақмет! Сендер ойлаған Айымторы емес, қара кемпір алдарыңнан шыққанда, өкініп қалған жоқсыңдар ма? – деп күлді. – Жоқ, апа. Бәрі дұрыс. Ренжігені несі? – деп біз де сасып қалғанымызды білдіргіміз келмей, елпектеп жатырмыз. Апамыз бізді үстел басына жайғастырып, өзі де бір шетіне келіп отырды. Қарттар үйіндегі адамдай емес, күтімі жақсы көрінді. Киімі тап-таза, сөзі мірдің оғындай қарт әйел бойын тік ұстап отырды. Біз көкейіміздегі сұрақтарды қарша бораттық. Қазақ сахнасының Айымторысы әңгімені арыдан бастады. – Е, балапандарым, бұл апаларың не көрмеді мына жалған өмірде? «Басы таудай, аяғы қылдай» деген осы шығар?! Мен Ақмола облысына қарасты бұрынғы Ақмола ауданының Шалқар деген ауылында 1938 жылы дүниеге келіппін. Үйдің тұңғышы болған соң әже тәрбиесін көрдім. Бізде балалық шақ болған жоқ. Оның орнына репрессия, сұрапыл соғыс болды. Содан болар, өмір бізді ерте есейтті. Соғыс жылдары әжем екеуміз сабын қайнататынбыз. Оны почтаға апарып, өкіметке жібереміз. Кішкентаймын. Сонда да әжеме көмектесіп, қайнаған сабынды түнімен бірге жасайтынбыз. 1952 жылы Шалқарда 7-сыныпты бітіріп, бұрынғы Ақмола қаласына, нағашыларымның қолына бардым. Онда кешкі мектепте оқи бастадым. Сөйтіп жүріп 10-сыныпты зорға бітірдім. Күндіз хат тасимын, түнде сабаққа барамын… Нағашыларым маған жайлы болған жоқ. Хат тасып жүріп, бір қайырымды кемпір-шалдың үйін паналадым. Әлгі кісілер мені машинка басуға үйретті. Машинканы сауатты басқаным үшін сотқа терімші болып жұмысқа тұрдым. Аудандық сотта екі жылдан артық терімші-хатшы болып жұмыс істедім. Үшінші жылы қызметім көтеріліп, тіпті өте тапшы маманға айналып шыға келдім. Ақмола аудандық соттан бір адамды Алматыға оқуға жіберетін болды. Заң курсына, білім жетілдіруге Алматыға мені жіберді. Алматыда заң курсын оқып жүргенде облыстық сотқа жұмысқа шақырды. Сөйтіп аяқ астынан сотқа қатысатын, сот отырысының хатшысы етіп тағайындалдым. Содан Алматы қатты ұнап қалды. Осында қалғым келді. Жұмыс берушілер жататын орнымды, жағдайымды жасап берді.

Жұлдызы жанған жылдар

Сексен жастағы кейуана әңгімесін үзіп, бізге шай құйды. Мен оның өнерге қалай келгенін білгім келіп асығып отырмын. Апам менің ойымды оқып алғандай, ендігі сөзін өнерге бұрды. – Мен тіпті актриса боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Әртістердің бәрі әдемі, сұлу, бойы ұзын болады деп ойладым. Менің бойым қысқа, оның үстіне бетім табақтай. Менен өнер адамы шығады деген ой келмепті ешқашан. Жалпы менің өнер жолына келуіме басымнан кешкен қиын сәттерім себепкер болды! Алматыда сотта қызмет етіп, беделім артты. Көріктімін, қос бұрымым төгіліп тұр. Сөйтіп жүргенде сыртымнан құда түсіп, ауылға бір жігіт келіпті. Жасым небары 18-де еді. Анам оған «Қызым Алматыда. Егер оны шын сүйсең, өзіне барып айт! Біз келісімімізді бердік!» депті. Бір күні қасында жеңгесі бар, әскери форма киген офицер – әскери ұшқыш келіп тұр. Сыртымнан құдалық сөйлескен жігіт қой. Мен оны өліп-өшіп ұнатқан жоқпын. Бірақ ата-анам келісіп қойған соң, бас тарта алмадым. Өзі де алыстан мені іздеп келген соң көңілін қайтармадым. Келісімімді бердім де, артынан еріп кете бердім. Біз бас құраған соң, күйеуімнің жұмысына байланысты жердің бір шетіне – Жапонияның шекарасындағы сонау Қиыр Шығысқа аттанып кеттік. Ол жерде орыстардың арасында жалғыз қазақ отбасы болып тұрдық. Күндер өтіп жатты, отбасылық өмірге де үйрене бастадым. Бір күні күйеуімнің туған күнін атап өтуге жолдастары келетін болды. Жүгіріп жүріп барымды салып дайындалдым, дастарханды жайнатып қойдым. Отырыс қызып, көбі ащы суға сылқия тойып алған. Қасындағы орыстар «Әйелің керемет, сұлу екен. Қолынан бәрі келеді, қонақты жақсы күтеді» деп мақтап жатыр… Қонақтар кеткен соң күйеуім өз-өзінен қызғана бастады, ішіп алған адамда ес бола ма? Мені таяқтың астына алды. Ақпан айы болатын. Дала аяз, жер көк мұз. Жолдасым мені аямай соқты. Есімнен танып қалыппын. Ол мұз үстінде шашымнан сүйреп жүріп, керзі етігімен әбден тепкіледі. Аяғым ауыр екен. Оны білмеппін. Дәрігер қатты соққыдан іштегі баланың езіліп кеткенін, енді бала көтере алмайтынымды айтты. Сенген адамымның иттігіне күйініп, оның үстіне сәбиім мен денсаулығымнан айырылғаныма қатты қиналдым. Ауылға хат жаздым. Анам «Келме, сүйегің сол үйден шықсын» деп бетімді қайтарды. Содан гарнизон бастығының әйелі маған көмектесіп, Қырғызстанда тұратын әпкесіне хат жазып, мені ұшаққа отырғызып, Бішкекке жіберді. Бішкекте 1 жыл жатақханада тұрдым. Қырғызстанның орыс театрында шеберлік сабаққа қатысып, орыс режиссерден сабақ ала бастадым. Сахнада орыс әндерін айтып жүрдім. Ол кезде жанып тұрған шағым ғой, шіркін! Қырғыздың газет-журналдарына шыға бастадым. Бір күні менің өнерімді байқаған театр басшылығы Алматыға жіберді. Әуезов театрында студия ашылып жатқан екен, соған жол көрсетті. Мен қуана келісіп, сүйікті Алматыма қайта оралдым. – Сонда бірден театрға кіріп, актриса болып кеттіңіз бе? – дедім апамды асықтырып. – Жоға, қайдағы актриса болу?! Әуезов театрына Әзірбайжан Мәмбетов актерлік өнерге бейім талантты жастарды жинап жатыпты. Жастардың бәрінің өнерін көріп, ішімізден 5 адамды іріктеп алды. Есболған Жайсанбаев, Әнуар Молдабеков сияқты жас таланттармен бірге мені де қабылдады. Сөйтіп мемлекеттік академиялық драма театрының студиясына түстім. Бірден актриса болып кеткен жоқпын. Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Хадиша Бөкееваның шеберлік сыныбынан өтіп, өнерімізді шыңдадық. Хадиша апайымның үйінде тұрдым. Ол кісі маған кең көйлектерін қысқартып, тігіп беретін. Екі жыл оқып, әлгі театр студиясын бітірдім. Бірге оқыған достарыммен арамыз ажырамай Қарағандыдағы театрға бардық. Ол жақта көп болмай, бәріміз жан-жаққа тарап кеттік. Мен Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы драма театрға актриса болып қабылдандым. Өнердегі ең табысты жылдарымның бәрі сонда өтті. Шымкенттің халқы «Біздің Айымторы» деп кетті. Әр қойылым біткенде көрермен залдан кетпей, мені күтіп тұратын болды. Сахнада тұрып көз жасын сүртіп, ерекше әсер алған адамдарды көргенде, іштей шаттанып, қанаттанып қалатынмын! Міне, апаларың өнерге осылай, аяқ астынан келді де, Шымкент театрының жарық жұлдызына айналып шыға келді. Менің сол бір жұлдызым жанған жылдарды анам көрді. Қатты риза болды. Шымкентке, үйіме келіп кетті.

Жалғыздық пен шарасыздық

Айымторы Тайғаринова 13 жыл табан аудармай Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрда қызмет етіпті. Ол жылдары халық Айымторының ойнайтын рөлдері үшін театрға асығатын. Ол көптеген басты рөлдерді сомдады. Сахна саңлақтарының талайының аузына ілініп, газет-журнал Айымторыны жарыса жазып жатты. Бізге өмірінің ең арайлы сәттерін әңгімелеп отырған кейуана бір сәтте жабырқап қалды. Әңгімесін бұзбай, құлақ молдасы болып отырмыз. – Шымкенттен Алматыға келуіме өнердегі аға-бауырларым себепкер болды. «Сенің орның – Ғабит Мүсірепов театры» деген соң, осында қоныс аудардым. Бірақ бәрі басқаша болды. Қайсыбір жылы театр студиясында оқып жүргенімізде, беделді бір кісінің қызымен сөзге келіп қалғаным бар еді. Алматыда қалдырмаған да сол адам. 13 жылдан кейін қайтып келген соң да әлгі қыздың әкесі қыр соңымнан қалмай қойды. Мен ашқан барлық есікті жауып тастады. Содан не керек, Мүсірепов театрына жұмысқа тұра алмай, Қуыршақ театрына шақырту алдым. Сонда жұмыс істедім. Бұл жағдай маған оңай соққан жоқ. Шымкенттен келген кездегі ең үлкен арманым – балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы болу еді. Амалым қанша?! Биыл ақпанның 16-күні Айымторы Тайғаринова 80 жасқа толыпты. Қарттар үйінің басшылығы үлкен залды беріп, демеуші тауып, актрисаның мерейтойына орай үлкен кеш өткізіп берген. Оны өнердегі құрбылары – М.Әуезов театрындағы Ғазиза Әбдінәбиева, Ғ.Мүсірепов театрынан Гүлжамал Қазақбаева, Лидия Кәденова, Шолпан Серкебаева сияқты сахнаның сұлулары келіп құттықтаған. Оқырман қауымға Айымторы Тайғаринованың қалай жалғыз қалғанын, қарттар үйіне қалай тап болғанын әлі айтқан жоқпыз. Қиыр Шығысқа алып кеткен күйеуі соққыға жыққан соң, ол бала сүю қабілетінен айырылыпты. Кейін, екінші рет бас құрағанда да балалы болуды еш ойламаған көрінеді. Өйткені Шымкентте театрда жүрген жылдары оның әр күні сауық, әр сағаты ойын-тамаша болған. Кейуана «Бүкіл өмірім осылай қызыл-жасылды, ойын-сауықпен өтетіндей көрдім» деп өкініштің көз жасын сығып алды. Шалы барда бұлар бір алаяқтың арбауына түсіп, Алматыдағы пәтерінен де айырылып қалыпты. Кейін жолдасы қайтыс болып, жалғыз қалған кейуана қарттар үйін паналауға мәжбүр болған.

P.S. Қоштасар кезде, бізді қақпа алдына дейін шығарып салған Айымторы апа «Айналайын құлындарым, мұнда адам жанына керектің бәрі бар. Ешнәрсеге мұқтаж емеспін. Жетпейтіні – көңіл ғана» – деп, көзіне жас алып, жылап қалды.

Ескірмейтін естелік

Айымторы неге мұңаяды?

Қайран, Айымторы! Тотыдай түрленген, тік денелі, қол-аяғы балғадай, сып-сымбатты сол кездергі Тайғарина көз алдыма елестей кетті. М.Әуезов театры жанындағы актерлік студияның алғашқы, алпысыншы жылдардағы түлегі. Атақты Мәмбетов, Жантөрин, Бөкеевалардан тәлім алған, әйгілі Молдабеков, Ж.Омаров, Р.Әшірбековалармен бірге оқыған, еліктің лағындай елгезек мінезді, толықсыған ерке де ерек қыз Айымторы? Енді, міне, дәл алдымда солай еді деуге кісі сенбейтіндей… Мүлдем өзгерген жан. Жә, ол кездегі Айымторыны сахнадан сан көргенмін. Жастау, бозбала кезімізде талай таңдай қағып «ғашық» болғанбыз. Қызылорда, Шымкент театрларының героинясы болған. «Той боларда», «Беу, қыздар-ай!», «Сандықтан шыққан сайтан» атты ойнақы қойылымдарда Айбала, Күнсұлу, Церегма сынды сылқым сұлулардың рөлдерінде тамаша көрінген сол баяғы Айымторы. Айымторы десе, Айымторы! Комедиялық, лирикалық кейіпкерлерді сан құлпыртар кермаралыңның өзі еді! Содан… содан ол сахнадан мүлдем ғайып болды. Көрген де, естіген де емеспін. Енді, міне, бір кездергі арман актриса Айымторы қарсы алдымда тұр. Мүлдем өзгерген. Өңі де, жүзі де, өзі де басқа. – Жетпіске де келіп қалыппыз, – деп күрсінді ол, кезінде түсірілген көне сурет, ескі буклеттерін маған ұсынып жатып. Жүзінде зор күйзеліс табы. Суреттерде… жанып тұрған неткен әдемі актриса… Бірақ, амал не? Олар тым көне тартқан кешегі күндердің елесіндей ғана. – Өзім де кінәлі шығармын. Ойнақтадым. От бастым. Атылған шампандардан, айтылған мадақтардан бас айналып, көз тұнды. Ол да ештеңе емес-ау, мені жолдан тайдырған, өнер айдынынан шеттеткен сол, сол сұрқия ағамыз, – деп, атақ-даңқы жер жарарлық аса белгілі, бұл күнде, бақилық болған аса танымал ағамыздың есімін жек көре атады. Сөйтті де, ауыр ойға батып, тағы да үн-түнсіз тұрып қалды. Қабағында кірбің, жанарында мұң, жаны жасып, жүрегі күйзеліске түскен, тұла бойын өкініш билеген бір кездегі жас та көрікті қайран актриса!.. Ол неге мұңаяды? Ол турасындағы әңгіме сосын… Ол жөнінде міндетті түрде толығырақ жазармын. Иә, актриса өкініші… ол неге күйзеледі? Айымторы неге мұңаяды? Иә!…

Әшірбек Сығайдың «Таңғажайып театр» кітабынан

Раушан Аманжолова,  Жарас Кемелжан

Дереккөз: Жас Қазақ