Танымал қоғам қайраткері Астана атауын "Нұрсұлтан" деп өзгертуді ұсынды

Белгілі қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек Астана қаласының атауын "Нұрсұлтан" деп өзгертуді ұсынды. Бұл туралы "Қазақ үні" порталы хабарлайды.

- «Астана» деген сөз айтыла бастағанда, алдымен ойға оралатын, тіліңе тиек болатын бір есім бар. Ол – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев! - деп мәлімдеді Мұқибек.

Оның айтуынша, Астананың құрылуы, қалыптасуы, бүгінгі деңгейге жетуі осы есіммен – Нұрсұлтан Әбішұлымен тікелей байланысты.

- Ерте ме, кеш пе, бәрібір, «Астана» аты «Нұрсұлтан» болып өзгереді! Егер, осы 20 жылдықтан бастап Астана «Нұрсұлтан» деп аталса, бұл – біздің нағыз көреген ұлт екеніміздің айғағы болмақ. Айналамыздағы бәсекелес елдердің қызыға да, қызғана да қарайтынына менің сенімім кәміл. Оған біздің Елбасымыздың есімі, дау жоқ, татиды, лайық! Және осы шешімі үшін қазақ ешкімнен ұялмайды! - деді А. Мұқибек.