"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!



ОТБАСЫ – ҰЛТ ТІЛІНІҢ ҰЯСЫ

Ана тіліміздің алтын бесігі – қазақ отбасы. Егер қазақ отбасы ана тілін өз бесігінде әлдилеп өсірмесе, ұясынан көкектің балапанын ұшырған құс сияқты боламыз. Солай болып та отырмыз. Қазақтың үйінде өскенімен, аты – қазақ, заты – басқа болып, елімізде өзгетілді кеңістікті қалыптастыруға қызмет етіп, өзгенің тілінде сайрап жүрген қандастарымызды көргенде талай қазақтың шаңырағынан өзгенің баласы өсіп шығып жатқандай ауыр күй кешесің.

Отбасының тілі, тәрбие тілі қазақша болмайынша, біз де көкектің жұмыртқасын басып шығарған, аңқау ұябасар болып қала береміз. Бесігіміздің ішіне жақсылап үңілейікші ағайын, біз осы ертең де көкектеп мазамызды алатын ұрпақ өсіріп жатқан жоқпыз ба?
Екінші жағынан, көкектің балапанына қызы­ғасың. Тілдің жайын ойласаң осы «аты жоқ көкек» құсы құрлы бола алмай отырғанымыз жаныңа батады. Ол өзге ұяда өсіп, өзге ананың құшағынан шықса да, өзінің көкек – анасының тілін сатпай, өмір бойы өз тілінде «сөйлеп» көкектеп өтеді. Біз сияқты анасының тілін ұмытып қалмайтын, көкектің тілдік жады неткен мықты, «көкек тілі» қандай өміршең еді! Бұл тұрғыдан қарағанда, ертеректе киелі деп саналғанымен, кейінгі кезеңдерде халық санасында ұя баспайтын, өз атын өзі шақыратын жағымсыз құс кейпіне ие болған осы көкектен де үйренеріміз, сабақ алар тұсымыз бар екен-ау…
Бесік тербетіп, ұл-қыз өсіріп отырған аса қадірлі де парасатты, қазақ тілінен өзге бірнеше тілді меңгерген полиглот, білімдар ата-аналар мен ата-әжелер қайдағы құстың қорын үлгі еткені несі деп шамданып, намыстанып қалмаса екен! Біздікі сондай жоғары мәдениет иелері өсіріп отырған болашақта ел тізгінін ұстайтын бүлдіршіндерін «сыночек», «дочурка», «племянник», «племянницаларын» отбасыларында туғаннан «ұлым», «қызым», «немере-жиендерім» деп атап, «құлыным», «ботам», «күнім», «айым» деп еркелетіп өсірсе, барша қазақ ана тілінде сөйлеп, ұлтымыздың тілі өміршең болуына негіз қаланар еді-ау деген ізгі ниеттен туған ой ғана.
Осы бір түйір ойымызды: «Әр қазақ отбасының ата-аналары қазақша сөйлеп, балаларына ең алдымен ана тілінде тәрбие берсе, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуына әлеуметтік-лингвистикалық негіз берік қаланады» – деп сәл ғылымиландырып, ресмилендіріп,бір ғана сөйлеммен қысқа қайырып айтуға да болады. Сондай-ақ, бұл мың бір мысал мен ғұлама ғалымдар пікірінен дерек-дәлелдер, дәйексөздер келтіре отырып, ондаған мақалалар, ғылыми кітаптар жазып, талдап-таратып беруге болатын өте өзекті тақырып. Қалай айтып, қанша жазсақ та ұлт тілінің өмір сүруі үшін әр азаматтың жауапты екенін оның санасына сіңіру – басты мақсат. Әр қазақ отбасы – ұлт тілінің кіші отаны, ал ана тілінде сөйлейтін әрбір ұл мен қыз – қазақ тілі, қазақ ұлты деген тұтас ағзаны құрайтын тірі жасушалар, оның бойына қан таратып, жан бітіріп тұрған алпыс екі тамырдың бірі екенін ұғынуға, соны терең сезінуге тиіс. Бір қазақ баласының өзге тілде тілі шығып, өз тілінен ажырап қалуы – ұлт тілі үшін бір жасушасының жансызданып, бір тамырының кесілуімен бірдей. Ендеше, ұлтыма қызмет етемін, оның жаны мен тәнін сау қалпында сақтаймын дейтін әр қазақтың ұлт тілін жансыздандыруға да, қансыздандыруға да қақысы жоқ.

Шерубай Құрманбайұлы

qazaquni.kz




Осыған ұқсас:

  1. Бүтін бір отбасын көлігімен қағып, адам өлтірген полицей жеңіл жазамен құтылып кетті
  2. Енесін «МАМА» дейтін еркектер қайдан шыққан?
  3. Әйелінің пәктігіне күмән келтірген жігіт 7 жылға сотталды
  4. Ашулы әке күйеуге шығам деген қызының шашын тақырлап алып тастады
  5. ӘЙЕЛ БАҒЫНБАСА ҰРУ КЕРЕК ПЕ?
  6. Әйелін ұратын қазақтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды


Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу үшін тіркеліңіз немесе кіріңіз.