ШЕТЕЛГЕ ҚАШҚАН ЖЕМҚОРЛАРДЫ ЖАЗҒЫРМА

Ей, пәтуәлі достар! Келісесіңдер ме, жоқ па, бәрібір, бүгінде бәріміз де жемқорлық, көптеген басшы-қосшы лауазым иелерінің парасыз әжет өтемейтіні жайлы өзіміз білетін нақты айғақ, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жататын дерек-мәлімет, құқық қорғау органдарының ресми мәліметтері, басқа да жайсыз хабарлардан «тойып» біткендейміз, тіпті, соларды халыққа білдірмей-ақ қойса да мейлі еді дейтін пұшаймандыққа жеткендейміз бе, қалай өзі? Тосқауыл қойылып, тамырына балта шабу мардымсыз болған соң, оларды білді не, білмеді не, босқа қан қысымды көтеріп, онсыз да оңып тұрғаны шамалы денсаулыққа зиян келтіріп текке. О, бәрекелді дейтін айыз қанарлық шаралар қолданылып, олардың нәтижелері хабарланып жатса бірсәрі. Бәрі керісінше. Бір жағдай еске түседі. «Свобода слова» дейтін газет шығарып, тәуір нәтижелерге жеткен, кейін қайда жүргені белгісіз Гүлжан Ерғалиева – қайта көрініп – редакторлық ететін «Адам» дейтін журналдың бір санында айтылған сорақылықтардан жан түршіккендей күй кештік. Көлеңкелі құбылыстарды әшкерелеуге жетік Гүлжанның екі қарап бір шоқитын сақтың сағы екені аян. Мүлт кетсе, заң алдында жауап беретінін бес саусақтай біледі. Сондықтан, оның сөз ететін былықтарына күмәндануға болмайды деп қарайтындықтан ба, оңтүстіктегі Төле би, Арыс аудандары мен облыс орталығындағы үш мектепке еден сыпырушы қабылдағанда олардың әрқайсысынан 60-70 (одан да көп) мың теңге пара алғандар туралы айтылғандарға иланбасқа болмады. Алайда, мұны кездейсоқ еске түскен соң ауызға алып отырмыз. Техникалық қызметкерлерді парамен жұмысқа алған соң, жұрттың мұғалімдік орынға пәлен мөлшерде «бірдеңе» бермей орналасуға болмайды дегеніне қалай сенбейсің? Сонда биіктегі билік өкілдерінің жемқорлық, парақорлықты жойып жатырмыз деп, ал, төмен сатылардағы әкімқаралардың оларға күн сайын беретін уәдесі бос сөз болғаны ма? Мерзімді басылымдардың бірінен мешіттердің алдында қол жайып отыратын қайыршыларды да сол орынға «қабылдап» әр күні табатын нәпақаларынан «үлес» алатын қожайындары болады дегенді оқығанымыз бар. Демек, қазір қайда да парасыз күн жоқ екен де. Сөйте отырып, түйені түгімен жұтып жүрген байшыкештерді сөз етеміз-ау. Байшыкештер демекші, бүгіндерде солар жөнінде сөз қозғау артық, жүрек айниды. Және кезінде олар қандай-қандай биік лауазымдар иеленді десейші. Сондай лауазымға олар қалай барды, қалай иеленді, кім қабылдады, неге қабылдады дейтін болсақ, адам аласы ішінде, о баста сырын білдірмеген сілімтіктердің бет пердесі кейін сыпырылды дегендей жауап еститін шығармыз, бәлкім. Олай болса, олар неге көп, бәрінің бірдей ішкі арамдығын алдын-ала білу мүмкін болмаса, неге сонау (кеңестік) кезде аупарткомның нұсқаушысы тұрмақ, қатардағы милиционер етіп қабылдарда КГБ-ның тексеруінен өткізіп жұмысқа алардай тәртіп енгізбеске?! Әлде, ондай тәртіп жат па? Сеніңше, рецепт жаза алмайтын экономистің денсаулық сақтау министрі, инженер ме, агроном ба, мал дәрігері ме, сондай біреулердің қорғаныс министрлігін басқаруы демократияның көрінісі ме? Есептеп қарашы, соңғы екі-үш жыл көлемінде ел қорғауға ант беріп, қолына кісен түскен анау-мынау емес, қаншама генерал шеніндегілер болғаны. Осы қалай, мекемені кәсіби мамандық иесі басқармаудың «жемісі» емес пе? Бәрін былай қойғанда, генерал өзіне нұсқау беретін генерал емес бастықты мойындар ма екен? Әй қайдам-ау, әй, қайдам. Шындық солай, дос. Ренжи көрме! Ойбай-ай!.. Денсаулық сақтау саласы да солай болуы ықтимал еді. Әйтпесе, сонау жылда оңтүстік облысқа денсаулық сақтау департаментін басқаруға барған қасқаны рецепт жаза алмайтын министр емес, әлдебір вице-премьер апарды деген гу-гу сөз желдей есер ме еді? Және ол қасқа облысқа барған бойда барлық емдеу мекемелерінде мемлекеттік тілде сөйлеуді онша қаламай, мен қазақша білетін бір-ақ сөз бар, ол «теңге» деп, бұл жөнінде «Жас алаш» газетінде неге жазылды? Және ол қасқа фамилиясына қарай, толып жатқан қарабайыр іс-қылықтары үшін облыс халқы арасында «сырнайшы» деген атақ алып, ақыры абыройдан жұрдай боп табанын жалтыратты емес пе? Бірақ, Астанаға барып қайтадан атқа мініпті деп естігенмен, иланған жоқпыз. Ондай жұқсызға жол жабық деп ойлағанбыз. Бәлкім, әлдебір қолдаушысының арқасында олай болмады ма екен, итім білсін. Соған ұқсас «сырнайшылар» қазақты қай пұшпаққа шығара қояр екен? Лайым, сырнайшылардан сақтасын. Мұндайлардың қайсы бірін айтарсың. Сонау (президент болам ба деп) орыстарға жағынып, ұпай жинауға талпынған, кейін сырттай сотталған Қажыгелдиннен бастап, сырттай сотталған Әблязов, Храпунов, санақшы Мәшімбаева сияқтыларға есеп жетпейтін болды ғой. Күні кешегі бергей-жергейлер ше? Ағайынды Рысқалиевтердің жымқырған қаржысының мөлшері алғашында 16 млрд. деп еді, кейін бірнеше есе көбейтіліп жазылды (теледидардан көрсетілді). Енді сол – бірі әкім, бірі депутат – ағайынды қоңырқаздар қайда бүгін? Қашып кеткен бе? Иә, иә, қашып кетіпті. Қалайша? Оп-оңай ма? Иә, иә, оп-оңай, ай-күннің аманында... кете барыпты. КГБ қайда қарады екен? Бірден неге құрық салмапты? Қайдағы құрық? Құрық тұрмақ, Рысқалиевтарды (біз бұрынғыша атап отырған) сол КГБ-ңыздың бірінші орынбасары шетел асырып жіберді деп сандалмады ма тәуелсіз газеттер? Біз бұған сенбейміз. Олай болуы мүмкін емес. Бізше, КГБ-дан қырағы ешкім жоқ. Тек олар Рысқалиевтердің қыруар ақшаны шетелге қалай аударып, өздері қалай қашып кеткенін абайсызда білмей қалған болуы мүмкін. Ерлі-зайыпты Храпуновтар құсап. Іздеу жариялапты дейді. Жақында аяқ-қолдарын кісендеп, елге әкелетін шығар. Ұрыларды «қапияда» қашырып алғаннан гөрі, кері әкелу жеңіл боп тұр емес пе? Мәшімбаеваны әкелді, соттады. Көр де тұр, Қажыгелдин, Әблязов, Храпунов – бәрін әкеледі. Сөйтіп, біздің көшеде де той болады. Әзірше... Мыс-мыс ақшаны қалтаға басып шетелде талтаңдап жүрген ұрлықшы-байшыкештерге қызықпа да қызғанба, дос. Өздерін-өздері елден аластап, қашқын атанған бейбақтардың көрген күндері қайбір күн дейсің? Туған ел, атамекенді сағынбайды дейсің бе? Бір күн, екі күн, бір ай, екі ай емес, жат жерде жылдап жүргендердің өмірден бар арттырғаны, бар қызығы, бар сүйенері ұрлықы ақша болса, одан артық не керек?! Адамға не керек өзі сонша? Кейде арам ақшадан мұратқа жеттім деп жүрген кешегі министр, банкир, әкім, кәсіпкерлерді шетелдерден мұнда әкеліп жазаға тарту қажет пе деп те қиялданасың. Ау, олар онсыз да өздерін өздері жазалаған шіркіндер ғой. Одан артық жазаның керегі не? Түрме оның қасында пейіш емес пе? Туған ел дегенді біле ме? Сағына ма? Ата-ана, сүйген жар, ағайын-туыс, дос-жаран, бала-шағаларының бірін анда, бірін мында қалдырып, сарсаңға салып, қарабет болған жебірлерге не сөз? Атақты әнші Ермек Серкебаев өз естеліктерінде ертеректе Парижге гастрольге барғанда бесжұлдызды (ондай қонақүй оларда сол кезде де болған екен) қонақүйде бір апта тұрғанда жалығып, туған елді, төбесінен тамшы ағатын жалдамалы пәтер-үйін сағынып, қатты қамыққанын айтады. Қашқын-байшыкеш ұрыларда ондай сезім бар ма, жоқ па, білу шарт емес. Тек оларда мол ақша барына қызықпа да қызғанба (деп тағы қайталаймыз). Елге қайтарып, түрмеге тоғытпаса да күйзелме. Оларға сол жаза жетіп жатыр. Өздеріне өздері кескен жаза (дедік). Бұл жеке пікір. Сен өзің білесің, әрине. Зәкір АСАБАЕВ qazaquni.kz