Назарбаевтармен құда болған Шайжүнісовтер жайында не білеміз?

Дариға Назарбаеваның қызы Венера Әлиева Шайжүнісовтер әулетінің ұрпағы 22 жастағы Дәленге тұрмысқа шықты. Алматыдағы Ritz Carlton қонақүйінің салтанат залында дүркіреп өткен тойда отандық өнерпаздармен бірге Ресей әншілері де қонақ болды. Елбасымен құда болған бұл қай Шайжүнісовтер? Qamshy.kz ақпарат агенттігі ашық дереккөзден жиналған мәліметті ұсынады.

1914 жылы Семей өңірінде дүниеге келіп, 1983 жылы қайтыс болған Жақия Шайжүнісов– Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, ұстаз. Әлеуметтік Еңбек Ері, Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. ШҚО Көкпекті ауданында Жақия Шайжүсінов атындағы мектеп бар. Биыл Өскемен белсенділері: «Қаладағы Ворошилов көшесіне Жақия Шайжүнісовтің есімі берілсін», - деген бастама көтерді.

Ал оның ұлы 1939 жылы туған Маркен Шайжүнісов 1998 жылдың қазаны мен 2000 жылдың наурызы аралығында Семей қаласын басқарды. Сыртқы істер министрлігінде жауапты хатшы қызметін атқаратын Ермек Көшербаев пен Павлодар қаласындағы Халық Банктің филиалын басқаратын Болат Рамазанов – Маркен Шайжүнісовтің күйеу балалары.

Жақия Шайжүнісовтің тағы бір ұлы Тоқан Шайжүнісов «Казгипроцветмет» ЖШС-нің президенті, Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген құрылысшысы. Көптеген жыл бойы К.Раев атындағы балалар үйі мен Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепке материалдық көмек көрсетіп келеді. Өскемен қаласының, Көкпекті ауданының «Құрметті азаматы». «Құрмет» орденімен, ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғысхатымен, «Еңбек үздігі үшін» медалімен марапатталды, ал қайырымдылық қызметі үшін үш мәрте «Жыл адамы» атағына ие болды. Ашық дереккөздерге сүйенсек, осы уақытқа дейін Тоқан Жақияұлы мектепке 1500000 теңгенің көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Жыл сайын мектепті спорттық жабдықтармен қамтамасыз етіп демеушілік жасап отырады.

Тоқан Шайжүнісовтің ұлы 1971 жылғы Сергей Шайжүнісов – «КазТрубпром» АҚ және «КазПетроМашКоммерц» ЖШС-ның бас директоры.

Желіде тараған деректерге сенсек, Дариға Назарбаеваның күйеу баласы Дален – Сергей Шайжүнісовтің ұлы. Дален әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттың университетінің заң факультетін тәмамдаған.

Қазақстандықтарға белгілі Жақия Шайжүнісовтің тағы бір баласы 1957 жылғы Сержан Жақияұлы «Қазақкабель» ЖШС-ның бас директоры болды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстандағы Қоршаған ортаны қорғау басқармасын басқарған.

Ал Сержан Жақияұлының ұлы Әлен Шайжүнісов – велоспорт федерациясының вице-президенті, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасының орынбасары.