Сенат төрағасы Қ-Ж. Тоқаев журналистерді марапаттады

  Биыл да журналистерді кәсіптік мерекесімен елдің ең  алдымен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.  Сенат төрағасының Алғыс хатына ие болғандар ішінде "Қазақ үні " газеті Президенті, ақын Қазыбек Иса да бар деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат порталы. Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай  БАҚ басшыларын қабылдаған Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі қоғамдағы журналистердің рөлі туралы кеңінен сөз етті. «Баршаларыңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, зор табыс тілеймін! Отанымыздың өркендеуі жолындағы игілікті істеріміздің берекелі болуына тілектеспін. Сенат депутаттары осы залда отырған ақпарат саласының майталмандарына үлкен құрметпен қарайды. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді, отансүйгіштік адамгершілік қасиеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті, әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі БАҚ-тың рөлі бәсеңдемейді, керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр. Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде. Депутаттар сіздерді әрдайым мақтан тұтады», - деп қалам иелерінің  қадір-қасиетін атап өтті Сенат төрағасы Кәсіптік мереке қарсаңында Парламент Сенатының Құрмет грамотасына  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаров, «Хабар» агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасы Алан Әжібаев, «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбай, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және өзге де БАҚ басшылығы ие болды. Ал Сенат төрағасының Алғыс хаттарымен  «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Иса, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, "Қазақ радиосы" бас директоры Мәди Манатбекұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы орынбасары - бас редактор Айбын Шағалақов,  Түркістан" газеті бас редакторы Жаңабек Шағатай, "Қазақстан-заман" газеті Бас редакторы Ертай Айғалиұлы  және т.б.  марапатталды.  Ал белгілі тележурналист, "Дара жол" хабарының жүргізушісі  Дана Нұржігіт Халықаралық Парламентаралық  қауымдастық төрайымы Валентина Матвиенконың Алғыс хатына ие болды. Журналистер өздерінің құрметіне  арналған дастархан басында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен  емен-жарқын әңгімелесті.  Өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Qazaquni.kz