ТОҚАЕВТЫҢ ТОҚЕТЕР СӨЗІН ТҮСІНБЕЙТІН ДЕПУТАТТАР ДА БАР ЕКЕН...

 

Бастауышта тек қазақ тілін оқытудың  қажеттігін түсінбейтіндер елдің наразылығын тудыруда...

    Қашанда қоғам тынысын сергек  бақылап отыратын  Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Твитттер әлеуметтік желісіндегі  парақшасында «Бірінші сыныпта шет тілін емес, Қазақ тілін оқытудың  қажеттігі» туралы айтқанын   ел жақсы талқылап, жаппай қолдауда. Иә, қай кезде де, тоқетерін айтатын Тоқаев мырза  елдің сөзін айтуымен ерекшеленіп келе жатқан салмағы зор саясаткеріміз екені анық. Кезінде елдің  наразылығын тудырған латын әліпбиінің алғашқы нұсқаларының бірі "үтірлі нұсқаға" нүктелі ноқат қоюға үлес қосқаны да белгілі.   Шетелдің атақты алпауыт  телеарнасы   BBC-дің  HARDTalk бағдарламасының жүргізушісі Стивен Сакурға еркін жауап беріп, еліміздің демократиялық деңгейін білдірген сүбелі сұхбаты көптің  көңілін аударғаны да кеше ғана... Сондықтан болар, қазір елімізде кейбір күрделі мәселелер шиеленісе бастағанда ел Қасым-Жомарт Кемелұлының кеңесін күтетін болып жүр. Енді , міне кез келген мемлекеттің ұлттық мүддесі болып табылатын  мемлекеттік тіл мәселесінің "бас ауыруына" айналған   бастауыш сыныптардағы  шет тілін оқытудың  зияны туралы зиялылық биіктікпен білікті  пікір  білдіруі  бүкіл елдің күтіп отырған түйінді сөзі еді...  Әр мемлекетте бастауыш сыныпта  балалардың  тек өз тілінде оқуының артықшылығы және бастауыш сыныпта  шет тілінде оқудың зияны туралы тұжырым ғылыми дәлелденген қағида екені  ақиқат. Бұған мың бір мысалдың бірі  ретінде Жапония секілді озық ойлы дамыған мемлекеттерді алсақ та жеткілікті.      Қазір қоғамда дуылдап тұрған   осы мәселеге байланысты  Мәжіліс депутаттары  да Азаттық радиосына өз ойларын білдіріпті...  Бекболат Тілеухан мен  Бақытбек Смағұл  секілді  ұлттық қаны бар депутаттардың:  «Бастауыш  сыныпта тек  Қазақ тілі ғана оқытылуы  керек, шет тілі бастауыштан кейін оқытылуы тиіс» деп кесіп айтқандарына ел разы болуда. Әрине, бұлардан ел де осындай нақты жауап күткен еді. Бір қызығы,  бастауышта тек қазақ тілін оқытудың  қажеттігін түсінбейтін депутаттар да бар екен...   Мысалы,  70-тен асып кетсе де,  парламент  қабырғасынан шықпай келе жатқан құрметті ағамыз  Қуаныш Сұлтановтың  жауабы  «қуанышты» бола    қойған жоқ...    «Бірінші сыныпта  қай тілде оқыса да шектеу қоймау керек» деп, әдеттегідей  әділін айтар кезде  шеттеп шыға келді.   Ал  Мәжіліс депутаты  Құдайберген  Ержан да  Сұлтанов  салған жолменен   сыдыртып, «Балалардың  шет тілін білгені  жақсы  ғой, сондықтан үйрету керек» деп, ұлттық мәні  бар мәселеде тайқып шығыпты...  Ел ішінде әжептәуір беделі бар  Құдайберген Ержаннан әрине, ешкім бұндай жауап күткен жоқ еді.  Сондықтан болар,  елдің, әсіресе,  депутаттың ауылы Шардаралықтардың  жерлестерінің     шаңын шығарған  наразылықтары  редакциямызға көптеп келуде... Кезінде Ақпарат министрін басқарған, руханият қауымы "өзіміз" деп санайтын  Дархан Мыңбайдың  "өзгеруіне"  Ассамблеяда болған   аз уақыттың өзі  «таңбасын» аямай салып кеткен бе, ол да «шет тілін оқыту керек» дегендерге  оңай қосыла кетті...  Бұл депутаттар  тіпті, әріптестері, «шет тілін меңгеру бірінші сынып оқушыларының  бәріне  оңай болмайтынын»  оңай түсіндіре алмаса да,  шалақазақшасымен- ақ    күмәнін білдіре алған  Гүлжан Қарағұсованың  деңгейіне де жете алмады...  Бұлардың елдің саяси мінбері – парламентте отырып, таразының бір басын  басқанда екінші басы   салмағын жоғалтатыны  секілді,  қанша  жылдан бері   «шет тілініің»  шашбауын көтергендіктен ,  Қазақ тілінің  қағыс қалып кете жатқанын ұқпайтындары  таңдандырады... 2004  жылы «Қазақ үні»  газетінде Қазақ тіліне қарсы дауыс берген «қазақ»  депутаттардың  бетпердесі  сыпырылған еді...  Мынандай ұлттық  мүддеге келгенде ойлап емес, "ойнап шыға келетін", табанының  бүрі  жоқ, тайғақ   депутаттарға қарап, Тәуелсіздік  алғанымызға  ширек ғасырдан асып кетсе де, қазір де оңып тұрғанымыз шамалы-ау деп шамырқанып қалдық... "Елдің Ыбырайы -Ыбырай, біздікі...  қандай?"-деген қанатты сөздің есімізге түспейтін кезі болар ма екен өзі... Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz