Бейбіт Қойшыбай. Мемсыйлық жөніндегі комиссия жұмысына наразылық

Комиссияның жаңа мүшелері үміткер туындыларды жете білмей-ақ, «білетіндердің» нұсқауымен дауыс беріп қара көрсетулері үшін тағайындалған болды.

Әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның отырысы жайында БАҚ жариялаған хабардан сырт көз ешқандай сөкеттік көрмейді. Отырыста 2018 жылғы Мемсыйлық конкурсына келіп түскен туындылар туралы ақпарат тыңдалып, туындыларды тіркеу және олардың қойылған талап­тарға қаншалықты сәйкес келе­тінін тексеру бойынша өткізілген жұмыс­тардың қорытындылары шығарылыпты. Комиссия отырысын ашқан Мемхатшы  Г.  Әбдіқалықова Елбасы Н. Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдарламалық мақа­ла­сындағы «Жаңғыру атаулы бұрын­ғы­дай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деген сөзіне өте орынды сілтеме жасап, «сыйлық отандық мәдениетті дамытуға қосылған ерекше құнды үлес ретінде танылған әдебиет пен өнер саласындағы озық әрі таңдаулы туындыларға тағайындалады», – депті. Дұрыс бағдар. Жұмыстарды қарау үш сек­цияда «жеке-жеке талқылау фор­­­матында» жүрген көрінеді. Мұны да қостайсың. Секцияларда жүргізілген «құпия дауыс беру» қорытындысы бойынша бай­қаудың ақырғы іріктеуіне қаты­­су­ға ұсынылған туындылар таң­­далып, комиссияның ортақ шешімімен келесі кезеңге өткен, сөйтіп «қоғамның кең талқылауына»  ұсынылатын үміткерлер тізімі бекітілген көрінеді.

Иә, ақпаратта күдік туғызарлық ештеңе жоқ. Шикілік мәселеге мұқият назар аударған мүдделі жанға ғана аңғарылады. Жалған сыпайыгершілікке салынбай-ақ, төтесінен айтайын, үміткер шығармалар қатарында менің 2015 жылы шыққан «Алаш жолы» рисәләм да бар еді. Қазақ ұлттық қозғалысының бастауын, оның империядағы революциялық қозғалыспен, мұсылман қозғалысымен байланысын арқау еткен бұл тарихи роман тың тақырыбымен де, халық өкілдері қатарында тарихи тұлғалардың (қазақ, түркі-мұсылман, орыс қайраткерлерінің) күрделі кезеңдегі іс-әрекеттерін қарастырып, бейнелерін жасауымен де «қоғамның кең талқылауына» жіберуге (бұл міндетті түрде мемсыйлық берілсін деген сөз емес) әбден лайық, бұған кәміл сенімдімін. Бүгінгі күн азаматын толғандырып жүрген Алаш қозғалысынан көркем-танымды сыр шертетін  осы туынды Мемхатшы аузынан шыққан  жоғарыдағы сөздерді шын түйсініп, міндетіне адал қарайтын комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмаса керек-ті. Бірақ олай болмады. Неге? Мәселе – баяғыда осы мәртебелі комиссияға мүше болған әйгілі қаламгер Герольд Бельгердің әшкерелеп  жазғанындай, олардың шығарманы оқып әуреге түспей-ақ,  өзара келісіп, белгіленген үміткерге ішкі есептерімен немесе әлдебір ықпалды үгіт айтушының ыңғайымен жасырын дауыстарын бере салатындарында. Шындап келгенде, таңдаудың бұл сатысында жасырын дауыс беру, әсіресе үміткер шығармаларды, тым болмаса, онда мемлекет мүддесі қалай көзделетінін де ажыратпай, мұқият талқыға салмай жатып жасырын дауыс беру – әділдікке жатпайды, бұл тек «керек адамдарды» алып шығуды ғана көздейтін, мемлекеттік көзқарасқа мүлдем үйлеспейтін қате тәсіл. Осы отырыстың басы-қасында болған жауапты қызметкерден білдім –  іс жүзінде шығармаларды жеке-жеке талқылау болған жоқ, хаттама жасырын берілген дауыс санына ғана жасалды. Яғни, ежелгі келеңсіз тәжірибе сол қалпы қалған. Осы орайда, 2007 жылғы 6 ақпанда «Қазақ әдебиеті» газетінде,  2012 жылғы 18 маусымда «Абай.кз» ақпараттық порталында жария болған мақаламды, көтерілген мәселе өзектілігін әлі жоймағандықтан, қайта ұсынғанды орынды көріп отырмын.

«Мемлекеттік сыйлықты не үшін, кімдерге және қалай берген жөн? Маған еліміздегі (әдебиет саласында) мемлекеттік сыйлық беру тәртібі, дұрысында, қолданыстағы іс-дағдысы ұнамайды. Байқаймын, оған талайдың іштей наразылығы бар. Сондықтан, мұны ортаға салар уақыт жеткен сияқты. Шындап келгенде, қазіргі айтпағым бұдан он жылдан астам ілгеріде  «Әдеби қор жаршысы» газетінің 1996 жылғы 4-санында, «Көзқарас» айдары астындағы оймақтай ғана жерде «Мемлекеттік сыйлық хақында»   деген тақырыппен көтерілген-ді.

«Ақын-жазушылардың мемлекеттік сыйлықтан дәмеленуі әбден табиғи құбылыс, – делінген еді онда. – Сыйлық кімге тимек? 1) Мемлекеттік сыйлық мемлекет мүддесіне қызмет ететін, тәуелсіз ел азаматын тәрбиелеуге үлес қоса алатын, көркемдік тұрғыдан елеулі жетістігі бар шығармаға берілуге тиіс; 2) Таза өнер мүлтіксіздігін көздеген туындыға сыйлықты мемлекет емес, қоғамдық ұйымдар бергені мақұл. Біздің тәжірибе.1) Бұл шарттарға биліктегілер де, олар құрған комиссия да мән бермейді; 2) Жазылмаған кезек бар; 3) Үміткердің жеке басының, сүйеушісінің ықпалына жығылушылық басым. Не істеу керек? 1)   Сыйлық жөніндегі комиссияның талқылауына жариялылық қажет; 2) Комиссия мүшелерінің дауысы дәйегімен тиянақталып, ашық берілуі ләзім; 3) Комиссияның айналдырған бес-он мүшесінің жасырын дауыс беруін принципті түрде мақұлдамау керек, жасырын дауыс екіжүзділікке апарады».

Тәуелсіздігіміздің алғашқы бесжылдығы ішінде жария болған, содан бері он бір жылдай уақыт өтсе де ескіре қоймаған осынау өзекті де проблемалы көзқарас  астына мен бүгін де қол қоямын.  Бұған, менің ойымша, басқа да – әдебиет саласында мемлекеттік сыйлық беру секілді мемлекет тарапынан және мемлекет атынан жүзеге асырылатын маңызды іс-шараға бейтарап қарауды жөн көрмейтін талай  азаматтың қол қояры анық. Маған солай көрінеді. Себебі, жоғарыдағы сараң сөздермен түйінделген тұжырымдамалар әлі күнгі зәрулігін жойған жоқ. Сондықтан да бұған құзырлы орындардың, жұртшылықтың мұқият назар аударғаны жөн болар еді. Өйткені, әдебиет – әдебиет үшін ғана жасалмайды. Егер оны өмірден бөліп алып қарар болсаң – мәнінен айрылады. Ал әдеби ағымдар мен эстетикалық концепциялардың шет-шекаралары айқындалатын аймақ – өмір  шындығы мен өнердің арақатынасында жатыр. Бұл ретте есте ұстайтын жәйт сол, шын суреткер өмірден қарабайыр көшірме жасауды қанағат тұтпайды, ол бізге тіршіліктегі ақиқаттың өзінен де  өткір, қызық, толыққанды өмір суретін жаңғыртып жасап беруге ұмтылады. Шындық үшін жұмыс істеуді және оны – шындықты – ештеңеге ауыстыруға болмайтын игілік ретінде қорғауды нағыз шығармашыл тұлға өзінің басты парызы деп біледі..

Сөзбен келісті кесте тоқи алатын, бірақ өнерді өнер үшін ғана сүйіп, оған ойын ретінде қарайтын  кейбір суреткерлердің өмірден елеусіз алшақтауы ықтимал. Әдебиетті тану мен бағалай білудегі басты өлшем осы жерде – қоғамдық  және эстетикалық мәселелер арасындағы органикалық байланысты жіті ажырата білуде жатыр ғой деп ойлаймын.  Бізді ұлы идеялар толғандырып, алға ұмтылдырады. Ал идеялардың жеңуі яки жеңіліс табуы адамдардың күш-жігеріне тікелей тәуелді болмақ. Бүгінгі күнде адал болу да қиындап барады. Шынтуайтқа келгенде, ақиқатқа ақтарыла, ақ жүректен, жарқын жүзбен қарау арқылы ұрпақ сүйсінер шығарма жасап қалуың  ғажап емес. Тек мұндай көзқарасты билік буындары тарапынан әділдікпен ынталандыра білу шарт.

Шындықтың буырқанған күшін көркемсөзбен таныту арқылы әдебиет халық сүйіспеншілігіне бөлене алады. Қауқарсыз құр ойласу емес, әрекетке шақыратын, текті жігер білдіретін әдебиет – шын әдебиет.  Осындай әдебиет жасауға үлес қосып жүрмін деп есептейтін ақын-жазушылардың Мемлекеттік сыйлықтан дәмеленуі – әбден табиғи құбылыс.  Тек сондай қаламгерлер өз еңбектерінің лайықты бағасын, яғни мемлекеттік сыйлықты өз уақытында алып жүр ме? Мемлекет тарапынан берілетін сыйлығыңыз кімдерге тиіп жүр және кімдерге тимек? Мәселе, міне, осында. Мұның мән-жайы жоғарыда келтірілген көзқараста мазмұндалған. Оған үстемелеп айтарымыз – тәжірибеге қарағанда, кей жағдайда сыйлық тағдыры  қилы пендешілік, астыртын-ұйымдастырушылық жолмен шешіліп жатады. Үміткердің жеке басының, сүйеушісінің ықпалына жығылушылық басым, яғни комиссия жүргізген «сарапқа» шығарма емес, автор алынады.

Бұл мәселені әділ шешу даңғылына түсуге бола ма? Болса керек. Ендеше, ол үшін не істеу қажет?

Комиссия мүшелерінің ұстанған өлшемдері, көзқарасы, шығармаға қойған бағасы жұртшылықтан жасырылмайтын болсын. Әрбір дауыс беруші таңдауының себебін тиянақтап, дауысын ашық берсін. Сонда олардың көркем әдебиет жетістігі ретінде алға тартылған туындыны бағалау критерийлері көпшілік талғамымен де салғастырылады. Ал дауысты жасырын беру – екіжүзділікке апарады, әрі оның әдебиетке де, эстетикалық тәрбиеге де еш пайдасы жоқ. Оған қоса, айрықша басымдық танытылуы тиіс шарт ретінде, әдебиет саласында мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссия мүшелерінің білікті де әділ шешім шығаруына септесер шара есебінде үстемелей айтарымыз төмендегідей...

Үміткер шығармаларды алғашқы сұрыптау кезінен бастап,  комиссия олардың отаншылдық сезімді, азаматтық позицияны қарастыруын басты талап ретінде тануы керек. Іріктеліп алынған шығармаларға әр комиссия мүшесінің жазбаша пікір және баға беруі ләзім. Қандай себептермен сыйлыққа лайық көретінін немесе сыйлық бермеген жөн деп санайтынын комиссияға дәлелді түрде жазып тапсыру міндетті болуға тиіс. Мәжілісте орын алған талқылаулар да, дауыс беру үдерісі де ашық жүргізілгені дұрыс. Әйтпесе, сөз бен іс алшақтап кетеді: көпірме мадақ сөз бен құпия дауыс беру өзара қабыспай, кереғар, мүлдем өзгеше келіп, көзбояушылық орын алады.  Сөйтіп, сыйлыққа лайықты шығарманы анықтауда әділдік болмайды.

Қысқасы, ең бастысы – комиссияның  жұмысын жариялы жүргізу орынды. Мұндай тәртіп бүгінгі күндегі коррупциямен күрес жүргізу ұранымен де жақсы үйлеседі, сыйлық үлестірудегі келеңсіз сыбайластыққа жол қалдырмайды».

Бұл бұдан бір мүшелдей уақыт бұрынғы, өкінішке қарай, бүгін де өзектілігін жоғалтпаған сөз. Жоғарыда тілге тиек болған отырыс жайындағы ақпараттың «Қазақ үні» сайтында жария болған толығырақ нұсқасына қарағанда, Мемхатшы отырыста комиссияның жиырма шақты жаңа мүшесін таныстырған. Яғни, олардың конкурсқа түскен шығармаларды оқымағаны, сонда да сол отырыста дүрмекпен жасырын дауыс бергені дау тудырмайды. Демек, комиссияның жаңа мүшелері үміткер туындыларды жете білмей-ақ, «білетіндердің» нұсқауымен дауыс беріп қара көрсетулері үшін тағайындалған болды. Не керек, мемсыйлық жөніндегі комиссия жұмысының мұндай формальды сипаты менің ренішімді туғызды, соны тағы бір рет ашып айтып, мұндай жасандылығы мол тірліктің шынайы мемлекеттік  көзқараспен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын бар дауыспен мәлімдеймін.

Дереккөз: Қамшы