Ішкі істер министрі ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ кіре алмай кеткен ҚАЗАҚ анасына қатысты сауалға жауап берді

«Қазақ үні» ұлттық порталында Қазақстан азаматтығын алған Нұрсейіт Төлегенұлының басындағы ауыр жағдай туралы келелі мақала жариялаған болатынбыз. Аз уақытта қоғам ішінде үлкен резонанс тудырған аталмыш мәселеге әлеуметтік желіде халық өз наразылығын білдірген еді.

Еске сала кетсек, 3-мамыр күні, таңғы сағат 03:00 шамасында Нұрсейіт жұбайы Жайнагүл Ғажапқызы және баласы үшеуі Мысырдан Алматы әуежайына ұшып келген. Шекаралық  бақылаудан өтіп жатқан тұста Жайнагүлдің Қазақстанда жүріп-тұруға арналған Ықтиярхатының жарамсыз екені анықталған. Сол себепті, Нұрсейіт пен 1,5 жасар ұлы Қазақстанда қалып, Жайнагүлді  Шекаралық бақылау қызметі келген бетімен Мысырға қайтарып жіберген.

Ел болып бұл мәселеге назар аударуымыздың арқасында Жайнагүл мамырдың 21 күні Алматыға қайта ұшып келген еді.

Алматы әуежайындағы Шекаралық бақылау қызметінің шектен шыққан жауапсыздығы мен сауатсыздығының кесірінен бір отбасы бір-бірінен 18 күн бойы ажырап қалып, Нұрсейіт Төлегенұлының жұбайы қазақ қызы Жайнагұл Ғажапқызы өзінің Тәуелсіз Қазақ Еліне кіре алмай, әуежайдан кері Мысырға қайтарылған болатын. Қытай азаматы болғанмен, Қазақстанға ықтияр хаты бар ол Қытайға қайтарылса түрмеге түсетіні белгілі болып, 18 күн бойы тағдыры қыл үстінде тұрды.

«Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновтың СІМ министрлігіне жолдаған ресми сауалында Ж.Ғажапқызының Қазақстан аумағына шекарадан кіргізілмеуі және оның ықтиярхатының жарамсыздығына қатысты мәселелер көтерілген еді. Сол СІМ аталмыш хатқа жауап қайтарған да болатын.

Бұл мәселені "Ақ жол" төрағасы Ішкі істер министрі Қ. Қасымовқа да жолдаған еді. Аталмыш сауалға келген жауапты да оқырман назарына ұсынамыз:

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаты

А.Т. Перуашевқа

2018 жылғы 18 мамырдағы

шығыс № 10-11-839 сауалға

Құрметті Азат Тұрлыбекұлы!

Қытай Халық Республикасының азаматшасы Жәйнагүл Ғажаптың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу бойынша арызын қарап, мынаны хабарлайды.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабы 13-тармағы негізінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған және тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап ретімен келетін кез келген он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен аз тұрып жатқан көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсат беруден бас тартылады не бұрын берiлген рұқсаттың күші жойылады.

Тексеріс жүргізу барысында Жәйнагүл Ғажапқа 2011 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасы тұрақты тұруға рұқсаты берілді, сонымен қатар «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша аталған азаматша 2011 жылғы 29 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы аумағында тұрмағаны анықталды.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде, 2015 жылғы 20 наурызда Ақмола облысы ІІД Көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсаттың күшін жою туралы қорытынды шығарған.

Қазіргі уақытта тұрақты тұруға арналған рұқсатты жойылған сәттен бастап бір жылдан астам уақыт өткенін ескере отырып, Жәйнагүл Ғажап Қазақстан Республикасына визаның кез келген санаты бойынша келуге және қажетті құжаттардың толық тізбесін ұсына отырып, ішкі істер органдарына тұрақты тұруға арналған рұқсат беру туралы өтінішхатпен қайта жүгінуге құқылы.

Арыз авторына жауап жолданды.

Құрметпен, Министр Қ. Қасымов