Ильин спорттан шеттетілгеннен кейін Назарбаевпен арада болған әңгімені айтты

Қазақстандық ауыратлет Илья Ильин президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әңгіме жайында айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлемнің төрт дүркін чемпионы және еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин 10 маусымда допинг дауына қатысты шеттету мерзімі аяқталғанын мәлімдеді.

"Президент Нұрсұлтан Әбішұлына - рухы бір әкеме алғыс айтқым келеді. Мен үшін қиын кезеңде, былтыр, EXPO-2017 кезінде көрістік. Мені өзіне шақырып алып, айтқаны: "Бәрі дұрыс, сен мен үшін чемпионсың. Алаңдама бәрі жақсы болады, мен саған сенемін". Бұл сөз маған үлкен қолдау болды, оған алғысым шексіз. Ол қиын сәттерде қолдап келеді. Мен үшін ол кісі Президент қана емес, рухы бір адам", - дейді спортшы ОКҚ-да өткен брифинг кезінде.

Сонымен бірге, Ильин қолдау үшін қазақстандықтарға алғысын білдіріп, спортқа оралғанына жақында өткен туған күнінен артық қуынғанын жеткізді.

"Осы күнді асыға күттім. Кеше күш қосылғандай болды, өйткені сүйікті ісіме оралдым. Қатты күттім. Жеңілдеп қалдым, көңіл-күй көтеріліп, жүріп-тұруым еркіндеді. Кезекті рет ауыр атлетикаға тоймағаныма көзім жетті", - деп атап өтті Ильин.

Еске салайық, Илья Ильин 2008 және 2012 жылғы Олипиада жүлделерінен допинге байланысты айырылып, IWF тәртіптік комиссиясының шешімімен екі жылға спорттан шеттелген еді. Тыйым 2016 жылдың 10 маусымынан бастап есептелді.  Ал Қазақстан құрамасы IWF қамқорлығымен өткізілетін жарыстардан бір жылға шеттетілген. Шеттету мерзімі биыл 19 қазанда аяқталады.